Жас ерекшеліктер физиологиясы нені зерттейді ? 9 страница



Тұншығу (асфиксия) бала туғаннан кейін де болатын жағдайлар байқалады. Бала тірі, жүрегі соғып тұрады, бірақ дем алып, дем шығаруы өте әлсіз. Туа болған асфиксия тыныс жолдарының бекітіліп қалуына немесе жүйке жүйесіндегі тыныс орталығы дұрыс қызмет атқармағандықтан организмге оттегінің аз жеткізілуіне байланысты. Асфиксияның жеңіл түрлері туа және жүре келе жүйке жүйесінің, жүрек-қантамырларының, тыныс жүйесінің ауруларына, далаға шықпай, үнемі үйде отыра беруіне байланысты болуы мүмкін.

Оттегінің мөлшері аз болса да, тым көп болса да адам ға әсер етеді.

Мысалы, тауға шыққанда оттегінің аздығынан адамның «жүрегі айныйды», бұлшық еттері әлсірейді.

Ал егер 3 атмосферадан жоғары таза оттегімен дем алғанда ұстама, өкпенің қабынуы сияқты аурулар пайда болады, тіпті адам өліп кетуі мүмкін.

Тынысалу гигиенасы. Тыныс алу мүшелерінің бәрінің физиологиялық көрсеткіштеріне дене еңбегі мен спорт әсер етеді. Мысалы, штангистерде ӨТС - 4 л, футболистерде – 4,2 л, қайықшыларды - 5,5 л. Тынысалу жиілігі спортсмендерде минөтіне – 6-8 рет, ал жаттықпаған адамдарда 14-20 рет.

Тыныс алу жүйесінің мүшелері балаларда дұрыс дамып жетілу үшін төмендегі талаптарды сақтау керек:

-бала үстелде (партада) дұрыс отыра білу керек;

-ой еңбегі мен дене еңбегін дұрыс ұйымдастыру қажет;

-сынып бөлмелері, еңбек бөлмелері, балалардың ұйықтайтын, сабақ оқитын бөлмелері жиі желдетіліп отыру керек;

- жоғарғы сынып оқушылары тәулігіне далада таза ауада 3 сағаттан, ал бастауыш сынып оқушылары 4 сағаттан кем болмау керек;

- баланың киімі денесін қыспайтын, жеңіл болу керек;

-бастауыш сынып оқушыларына сабақ кезінде 1-2 минөттік демалыс беріп, тыныс гимнастикасын ұйымдастыру қажет.

 

10-тақырып. Ас қорыту жүйесі, оның жас ерекшеліктері

Ас қорыту жүйесінің құрылысы, маңызы. Астың ағзаға сіңуіне ыңғайлы болу үшін физикалық және химиялық өзгерістерге ұшырап, қарапайым заттарға ыдырау процесін асқорыту деп атайды. Органикалық заттардың ыдырауы ферменттер арқылы іске асады. Әрбір фермент тек өзіне тән жұмысты ғана орындайды. Астың қорытылуы асқорыту жүйесінде іске асады. Асқорыту жүйесіне: ауыз қуысы, үш жұп сілекей бездері, жұтқыншақ, өңеш, қарын, ұлтабар (он екі елі ішек), ащы ішек, тоқ ішек, бауыр мен ұйқы жатады.

Асты қорыту «конвейер негізінде» жүреді: ас қорыту жолдарының әр бөлігінде жеген тамақтың біразы ғана қорытылады.

Ауыздағы асқорыту және оның жас ерекшеліктері. Жеген тамақ ауыз қуысынан бастап қорытылады. Сұйық тамақ бірден жұтылады, ал қою тамақ шайналып ұсақталады, сілекеймен араласып ас қоймалжыңына айналады. Асты шайнау ас қорытудың алғашқы кезеңі. Кейбір мәліметтерге қарағанда шала шайналған астың 35-40% қорытылып үлгермей, организмнен сыртқа айдалады.

Тамақты шайнап, ұстау – ауыз қуысының негізгі қызметі. Шайнауға қозғалмалы орналасқан төменгі жақ сүйегі мен қозғалмайтын үстіңгі жақ сүйегінде орналасқан тістер, тіл және ұрт қатысады.

Нәрестеде тіс болмайды. 4-6 айда баланың уақытша (сүт тістер) тістері шыға бастайды да 3 жаста 20 сүт тісі толық шығып бітеді. 5 жастан аса баланың сүт тістері біртіндеп түсіп, орнына тұрақты тістер шыға бастайды. Тұрақты тістердің саны – 32, 28 тіс 15-16 жаста, ең соңғы 4 ақыл тіс 20-25 жаста шығады, кей адамдарда одан да кеш шығуы мүмкін.

Ауыз қуысында үш жұп сілекей бездерінің өзектері ашылады: шықшыт, жақ асты, тіл асты. Бұлардан басқа ауыз қуысының кілегей қабатында ұсақ бездер болады. Олар муцинге бай сілекей бөліп шығарады. Ересек адамда тәулігіне 1-1,5 л сілекей бөлінеді. Бұл сілекейдің құрамында амилаза, муцин, лизоцим деген ферменттер болады. Амилаза крахмал мен гликогенді ыдыратады. Муцин астың жұтқыншаққа, өңешке одан қарынға жылжуына ыңғайлы етеді. Лизоцим аспен бірге енген микроорганизмдерді жояды.

Сәби туғаннан бастап сілекей бездері жұмыс істейді, бірақ сілекейдің мөлшері өте аз болады. Мектепке дейінгі балалардың сілекейінің жалпы тәуліктік мөлшері 850-1000 мл шамасында болады.

Жаңа туған сәбидің шықшыт безінің салмағы 1,5-2 г, жақ асты безі 0,72-1,00 г, тіласты безі 0,2-0,6 г. Бұл бездер 3 айлық балада 2 есе, 6 айда 3 есе, 1 жаста 3-4 есе, 2 жаста 5 есе өседі. 5 жастағы баланың сілекей бездерінің құрылысы ересектерге ұқсайды бірақ оларың өсуі 13-15 жасқа дейін жалғасады.

Жұтқыншақ. Жұту кезінде арнайы тетіктер ас қоймалжыңының тыныс жолдарына бармай, өңешке өтуін қамтамасыз етеді. Жұтқыншақ пен өңеште ас қорытылмайды. Жұтқыншақтың өңешке кіре берісінде сфинктер болады. Сондықтан өңешке өткен ас кері шықпайды.

Өңеш. Өңеш ұзындығы 22-27 см шамасындағы ұзын түтік. Нәрестелердің өңешінің кілегей қабаты нәзік болады, сондықтан ірі ас түйіршіктері оңай жаралайды. Жаңа туған сәбидің өңешінің ұзындығы 10 см, 5 жаста – 16 см, 15 жаста – 19 см.

Қарындағы астың қорытылуы және оның жас ерекшеліктері. Қарынға түскен ас қоймалжыңына қарын сөлі әсер етіп, ас қорытыла бастайды. Қарын сөлінің құрамында 98% су, 0,3%-0,5% тұз қышқылы және әртүрлі тұздар мен органикалық заттар болады. Қарын сөлінің рН реакциясы – қышқыл.

Органикалық заттарға ферменттер мен азотты қосылыстар жатады.

Сөл құрамында белокты ыдырататын пепсин, сүт казейнін ыдырататын химозин, майды қорытатын липаза ферменттері болады.

Пепсин рН реакция 1,5-2,5, яғни қышқыл ортада ғана белсенді қызмет атқарады. Қарында барлық белоктар қорытылады, сонымен бірге тұз қышқылының әсерінен тамақпен түскен бактериялар да қорытыла бастайды, яғни қарын сөлі қорғаныс қызметін де атқарады.

Қарын сөлінің құрамындағы липаза ұсақ молекулалы (жұмытрқаның сары уызындағы, ана сүтінің құрамындағы) майды ғана қорытады. Ол майды глицерин мен май қышқылына дейін ыдыратады.

Бұл ферменттің әсер етуі үшін тұз қышқылы астың құрамындағы майды ұсақ май тамшыларына ыдыратады.

Қарында ас 3-4 сағаттан 10-11 сағатқа дейін болады.

1 жасқа дейінгі балалардың қарын сөлінде тұз қышқылы мен ферменттердің күші төмен болады. Оның есесіне химозин белсенді болады. Емшектегі баланың сөлінің рН реакциясы жоғары болады: 1 айда 5,84; 3-7 айда 4,94; 7-9 айда -4,48; 9 айдан асқан соң 3,76 тең болады. Сондықтан сөлдің құрамындағы рН 2,0 болғанда белсенді болатын пепсиннің асты қорытуда рөлі төмен болады. Сондықтан емшектегі балаға сиыр сүтін немесе басқа жасанды сүт бергенде диатез – бет терісінде қызғылт қышыма қабыршақтар пайда болады.

Жаңа туған сәбидің қарны көлденеңдеу, ересек адамдарда тік орналасқан. Қарынның пішіні әртүрлі: 1,5 жасқа дейін дөңгелектеу, 2-3 жаста алмұрт тәрізді, 7 жаста ересек адамның қарнындай болады. Сиымдылығы да әртүрлі: жаңа туған сәбиде – 30-35 мл, 1жаста 300-350 мл, 10-12 жаста - 1,5 л, ересек адамдарда 1,5-2 л.

Ішектегі асқорыту. Қарын қуысындағы ас қоймалжыңы химус деп аталады. Химус қарыннан 12 елі ішекке (ұлтабарға) өтеді. Оның ұзындығы 25-30 см. Ұлтабарға бауырдың өті мен ұйқы безінің өзегі ашылады. Өт майды эмульсияға, яғни ұсақ май тамшыларына ыдыратады. Ал ұйқы безінің сөлінің құрамында ферменттер болады. Олар: трипсиноген, липаза, амилаза және дисахаридтерді моносахаридтерге ыдырататын ферменттер. Трипсиноген ферменті ішекте белсенді түрі трипсинге айналып, белокты амин қышқылдарына дейін ыдыратады. Липаза майды ыдыратады. Амилаза крахмалды дисахаридтерге, ал мальтаза, лактаза, сахараза т.с.с. дисахараидтерді моносахаридтерге ыдыратады.

Ұлтабардан ас қоймалжыңы ащы ішекке өтеді. Ащы ішектің ұзындығы 3 м. Ішектің кілегейлі қабатында либеркюн бездерінде ферменттер өндіріледі. Ішек сөлінің құрамында энтерокиназа, аминопептидаза, нуклеаза, фосфатаза, карбогидраза және т.б ферменттер болады.

Ішектің қабырғасының кілегейлі қабатында биіктігі 1-2 мкм цилиндр тәрізді микробүрлер болады. Олардың саны өте көп – 1 мм² ішектің қабырғасында 50 мыңнан 200 миллионға дейін микробүрлер болады. Микробүрлердің бетінде астың қорытылуынан пайда болған заттар қанға және лимфаға өтеді. Мұны мембраналық асқорыту дейді.

Асты қорыту тоқ ішекте аяқталады. Тоқ ішекте су қанға сіңеді және тоқ ішектегі бактериялардың әсерінен көмірсу, белоктар шіриді. Белоктардың шіруінен пайда болған заттар (индол, скатол, фенол және т.б.) қанға сіңеді. Ішектен шыққан қантамырлары бауырға барып, улы заттар усыздандырылады.

Ішек-қарынның моторикасы (қозғалысы). Ішек-қарын үш қабаттан тұрады: сыртқы – сілемейлі, ортаңғы – бұлшықетті, ішкі – шырышты. Асқорыту мүшелерінде ас бұлшықетті қабаттың жиырылуы нәтижесінде жылжиды. Бұлшықетті қабат екі түрлі жиырылады: 1) маятник тәрізді; 2) перистальтикалық.

Маятник тәрізді жиырылғанда ас қоймалжыңы сөлмен араласады, ал перистальтикалық жиырылғанда ас қоймалжыңы бір бөлімнен екінші бөлімге өтеді.

 

Ас қорытудың реттелуі

Сілекей бездерінің қызметінің реттелуі. Ас ауызға түскеннен кейін бірнеше секундтан соң, сілекей шығару күшейе бастайды. Сілекейдің бөлінуі рефлекторлы түрде жүйке жүйесінің қатысуымен жүреді. Шайнау барысында ас ауыз қуысындағы тілде, ұртта, еріннің ішкі жағында орналасқан рецепторларды тітіркендіреді. Соның нәтижесінде пайда болған қозу тіл-жұтқыншақ пен бет жүйкелерінің афференттік талшықтары арқылы сопақша мидағы сілекей шығару орталығына келеді. Бұл жерге келген қозу талданып, талқыланып жауап қозу туады. Ол эфференттік жүйкелер арқылы сілекей бездеріне барады да, сілекей шығару рефлексі іске қосылады.

Сілекей тамақты көргенде, оның исін сезгенде, астың атын айтып әңгімелегенде де бөлінеді. Бұл И.П.Павлов анықтағандай сілекейдің шартты түрде бөлінуі. Бұл рефлекс бұрын көрген, жеген, исін сезген тамақты пайдаланғанда пайда болады.

Қарын бездерінің қызметінің реттелуі. Қарын сөлінің өндірілуінде 3 кезең байқалады: 1) күрделі рефлекторлы; 2) қарындық; 3) ішектік. Бірінші кезең ас қарынға түсер алдындағы шартты және шартсыз тітіркендіргіштердің нәтижесінде пайда болады. Екінші кезең ас қоймалжыңының түйірлері мен қорытылудан пайда болған заттардың қарын қабырғасын тітіркендіруіне байланысты туады.

Қарын бездерінің қызметін қарын қабырғасында түзілетін гастрин мен гастрон гормондары реттейді. Гастрин қанға сіңіп гуморальды жолмен қарын бездерін қоздырады. Гастрин пайда болғанда тұз қышқылының өндірілуі тежеледі. Ал гастрон қарын бездерінің қызметін тежейді.

3 кезең (ішектік) қанға қоздырғыш гормон энтерогастриннің сіңуінен бесталады, ал энтреогастрон оны тежейді.

Ішектегі астың қорытылуын реттейтін ең жоғары орталық – мидың гипоталамус бөлігі. Оның хеморецепторларын «аш» қан тітіркендіреді. Бұл орталықтың қызметінің бұзылуы тойымсыздықты тудырады.

Ас қорытудың ең жоғарғы реттеуші орны – ми қыртысындағы ас қорыту орталығы. Ас қорыту жолдарының бәрінен осы орталыққа қозу импулсьтері келіп отырады.

 

11-тақырып. Денедегі заттар мен энергия алмасуы, жас ерекшеліктері. Тамақтану гигиенасы

 

Зат алмасу мен энергия алмасу тірі табиғаттың ерекше маңызды және организмнің негізгі қызметі.

Зат алмасу екі процестен тұрады: ассимляция (синтез) және диссимляция (ыдырау). Ассимляция мен диссимляцияның нәтижесінде организмге қажетті заттар түзіліп, ескірген ыдыраудан пайда болған қажетсіз заттар сыртқа шығарылады. Балалр мен жөсөспірімдер организмінде ассимляция диссимляциядан басым болады, ересек адамдарда тең болса, қартайғанда диссимляция басым болады.

Адам организмінде клеткалардың құрамында көптеген химиялық заттар бар. Олар органикалық және бейорганикалық болып екі топқа бөлінеді. Органикалық заттарға: белок, май, гормондар мен ферменттер, ал бейорганикалық заттарға: су, түрлі минералды тұздар жатады. Денсаулығы жақсы 70 кг салмағы бар ересек адамның организмінде шамамен 40-45 л су, 15-17 кг белок, 7-10 кг май, 2,5-3 кг тұздар, 0,5-0,8 кг көмірсу болады.

Белоктың алмасуы

Дене салмағының 25% белок құрайды. Белок екіге бөлінеді: қарапайым және күрделі белок деп. Белок мономерлі амин қышқылдарынан тұрады (20 амин қышқылдары бар). Оларды орны толатын (таптыратын) және орны толмайтын (таптырмайтын) амин қышқылдары деп ажыратады. Орны толмайтын амин қышқылдары (10 аминқышқылы) организмде өндірілмейді, организмге олар тамақпен бірге түседі. Бұларға аргинин, триптофан, лейцин, изолейцин, валин, треонин, лизин, метионин, фенилаланин, гистидин жатады.

Белоктың қызметі: - биологиялық катлизатор – ферменттердің негізі болып саналады;

- транспорттық қызмет (гемоглобин оттегі мен көміртегіні тасымалдайды);

-жиырылу қызметі (бұлшық еттің құрамындағы актин және миозин белоктары);

-құрылыс материалы (клеткалар құрамының негізі).

Адамның тіршілігіне қажетті белок мөлшерін белоктік минимум дейді. Ол жасқа байланысты өзгереді.

Белоктың қажет мөлшері

Баланың жасы Белоктың тәуліктік мөлшері, г/кг
2-3 айдан бір жасқа дейін 4,0-5,0
2-3 жас 3,5-4,0
12-15 2,5-3,5
15-17 2,0-3,0
17-21 1,5-2,0
21-50 1,0-1,3

 

Май мен көмірсудың алмасуы

Май мен көмірсудің құрамында үш химиялық элемент бар: көміртегі, оттегі, сутегі. Бұл екеуінің құрылысының бірдей болуы организмге бірі жеткіліксіз болғанда оның орнына екіншісін пайдалануға мүмкіндік береді. Қажет болғанда майдан көмірсу, ал көмірсудан май оңай түзіледі. Денедегі майдың мөлшері орта есеппен 10-20%, ал көмірсудің мөлшері 1% шамасында. Май қуат қоры болып табылады. 1 г май денеде тотыққанда 39кДж, ал 1 г көмірсу мен белоктар тотыққанда 17 кДж шамасында қуат бөлінеді.


Дата добавления: 2022-01-22; просмотров: 23; Мы поможем в написании вашей работы!

Поделиться с друзьями:






Мы поможем в написании ваших работ!