Жас ерекшеліктер физиологиясы нені зерттейді ? 2 страница



Көкірек бөлігі 10-12 түйіннен тұрады. Бұл бөліктердің жүйкелері көкірек қуысындағы мүшелер мен қан тамырларды жүйкелендіреді, мұнда үлкен және кіші құрсақ жүйкелері басталады. Олар диафрагмадан құрсақ қуысына өтіп, құрсақ қуысындағы мүшелер мен қан тамырларды жүйкелендіреді.

Сегізкөз бөлігі 4-5 түйіннен тұрады. Олар жамбас қуысындағы мүшелер мен қан тамырларды жүйкелендіреді.

Парасимпатикалық бөлімнің орталығы сопақша мида, ми көпірінде және жұлынның сегізкөз бөлімінде орналасқан. Ми бөлімдерінен басталатын бұл бөлімнің жүйке талшықтары көзді қозғаушы, бет, тіл-жұтқыншақ және кезеген жүйкелердің құрамынан шығып өздері таралатын мүшелердің маңында немесе тікелей мүшелердің ішінде ганглиялар түзеді.

Вегетативтік жүйке жүйесінің екі бөлімінің мүшелерге әсер етуі көбіне бір-біріне қарама-қарсы өзгерістер арқылы байқалады.

Симпатикалық және парасимпатикалық бөлімдердің

ішкі мүшелерге әсері

Мүшелер Симпатикалық бөлімнің әсері Парасимпатикалық бөлімнің әсері
1 Көз қарашығы Ұлғаяды Кішірейеді
2 Артерия қантамырлары Тарылады Әсер етпейді
3 Жүрек Соғуы жиілейді Соғуы баяулайды
4 Бронхылар Кеңейеді Тарылады
5 Ішек Жиырылуы баяулайды Жиырылуы жиілейді
6 Сілекей бездері Сөл бөліну азаяды Сөл бөліну көбейеді
7 Тер бездері Тер бөліну күшейеді Әсер етпейді
8 Бауыр Өт бөліну азаяды Өт бөліну көбейеді
9 Қандағы қант мөлшері Көбейеді Азаяды

Жүйке жүйесіндегі қозу мен тежелу. Қозу мен тежелу екуі де нейрондардың белсенді қызмет қабілеті. Қозу мен тежелудің пайда болуы нейрондарда жүріп жатқан зат алмасуының өзгеруіне байланысты.

1862 жылы И.М.Сеченов орталық жүйке жүйесіндегі тежелуді зерттей келе, оның 2 түрлі болатынын тапқан: пресинапстық және постсинапстық тежелу.

Пресинапстық тежелу кезінде қозу импульстерін өткізетін аксонның тармағына басқа нейронның аксонының арнайы тежегіш синапстық ұшы келеді де нерв импульстерін жібермейтін медиатор бөледі.

Постсинапстық тежелу орталық жүйке жүйесінде арнайы тежегіш нейрондардың болуына байланысты. Тежегіш нейрондардың синапстық ұшындағы тежеуші медиатордың әсеріне байланысты постсинапстық мембранада әрекет потенциалының пайда болуына кедергі жасалады да, тежелу туады.

Орталық жүйке жүйесіндегі жүйке орталықтарының қызметі. Орталық жүйке жүйесі синапстар арқылы бір-бірімен байланысқан жүйке жасушаларының жинағынан құралған. Мұндай нейрондар жинағынан белгілі бір мүшелердің қызметін реттеуге бейімделген нейрондар тобын байқауға болады. Ондай нейрондар тобын жүйке орталықтары деп атайды.

Жүйке орталықтарының бірнеше қасиеті бар: жүйке орталықтары өзінің қызметін жағдайға байланысты өзгерте алады., орталық жүйке жүйесінің синапстарына сәйкес жүйке орталықтарында қозу бір бағытта ғана қозғалады, қозу тежеледі, мүшелердің қызметі үйлестіріледі.

Көптеген мүшелердің қызметін біріктіріп, байланыстырып, сыртқы ортаның әсеріне бейімделуін орталық жүйке жүйесінде организмнің қызметін үйлестіру немесе координациялауы дейді. Орталық жүйке жүйесінің рефлекторлы реакцияларды үйлестіру қозу мен тежелудің бір-бірімен байланысына және олардың қасиеттеріне негізделген иррадация, индукция, доминанта, концентрациялау және конвергенцияның қатысуымен іске асады.

Орталық жүйке жүйесіндегі бір жүйке орталығында пайда болған қозу мен тежелудің көрші орталықтарға таралуын иррадациялану дейді. Қозу мен тежелудің жайылуы жүйке талшықтарының миелин қабығының қалыңдығына байланысты. Жаңа туған нәрестелерде миелин қабығы өте жұқа, тіпті болмайды. Сондықтан қозу мен тежелу өте тез тарйды. Жүйке талшықтарының миелинденуі 5-10 жасқа дейін созылады. Қозу мен тежелудің таралуы тітіркендіргіштің күшіне да байланысты. Қозу мен тежелудің жайылуы балаларда күштірек. Мысалы, қызық ойыншық көргенде баланың аузы ашылып қалады, қуанып секіре бастайды, мәз болып күледі, яғни бірнеше орталықтардың қызметі пайда болады.

Жүйке орталықтарында қозу тежелуге және керісінше тежелу қозуға жылдам ауысады. Сонымен қатар, бір жүйке орталығының қозуына байланысты екінші қозу орталығы тежеледі немесе керісінше тежелгенде екінші қозу орталығы күшейеді. Мұны қозу мен тежелудің индукциясы деп атайды.

Бірнеше жүйке орталығындағы қозу мен тежелу бір орталыққа жинақталады. Мұны қозу мен тежелудің жинақталуы дейді. Жинақталу таралуға қарама-қарсы құбылыс. Балаларда ол нашар болады.

Жүйке орталықтарының негізгі қасиеттерінің бірі – доминанта. Оның негізін ең алғаш А.А.Ухтомский ұсынған. Оның қозу мен тежелудің доминантасы (лат. доминанта - басым) туралы ілімі бойынша жүйке жүйесінің қызметінде бір жүйке орталығының қозуы басқаларынан басымырақ болады да, басқа орталықтардың қызметін өзіне бағындырады. Мысалы, “2” алып жылап отырған баланы жұбатса, оның жылауы үдей түседі. Балаларда басымдылық оңай және жеңіл пайда болады. Сондықтан баланың зейіні тұрақсыз болады. Егер бала жұмыстың бір түрімен ұзақ шұғылданса, оның басым орталығы шаршап белсенді зейіні төмендейді. Сондықтан мұғалімдер балалардың сабаққа зейініне көңіл бөліп, еңбектің түрін ауыстырып отыру керек.

Жүйкелік орталық байланыстың молдылығынан бір жүйке жасушасына жүйке жүйесінің бірнеше жерінен нерв импульстері келуі мүмкін. Әртүрлі талшықтар арқылы келген қозулардың ұшырасуын конвергенция деп атайды. Мысалы, дыбыс, көру, тері рецепторларынан келген қозулар бір нейронда түйісуі мүмкін.

Жүйке жүйесінің үйлестіру қабілеті 18-20 жаста толық қалыптасады.

 

 

4-тақырып. Жоғары жүйке әрекеті, жүйке

жүйесінің гигиенасы

 

Жоғары жүйке әрекетіне ми сыңарлары мен оның қыртысының қызметі жатады. Жоғары дәрежедегі қызметтер: ес, сана, ойлау, көңіл-күй, ұйқы, түс көру.

Адамның мінез-құлқы мен мидың арасындағы байланысты ең алғаш Платон, Гиппократ секілді алдыңғы қатарлы ғалымдар болжап айтқан болатын. Ал, психикалық әрекеттердің рефлекторлы табиғатына орыстың ғалымы физиолог И.М.Сеченов «Ми рефлекстері» (1863 ж.) деген еңбегінде ғылыми түрде түсінік берген. И.М.Сеченовтың бұл ілімін экспериментальды түрде дәлелдеген және дамытқан орыс ғалымы И.П.Павлов. Ол жоғары жүйке әрекетін шартты рефлекстер тудыру арқылы зерттеп, адам мен жануарлардың психологиясының заңдылықтарын алғаш рет түсіндірген.

Рефлекс және оның түрлері. Рефлекс деп сыртқы ортаның тітіркендіргіштерінің әсеріне жүйке жүйесінің қатысуымен берген жауабын айтады. Рефлекс кезінде қозудың жүретін жолын рефлекторлық доға деп атйды. Рефлекторлық доға бірнеше бөлімдерден тұрады:

1. Сезгіш бөлім. Мұнда орналасқан сезгіш рецепторлар тітіркендіргіштің әсерін қабылдауынан қозу туады.

2. Афференттік жол рецепторларда пайда болған қозуды орталық жүйке жүйесіне тасиды.

3. Жүйке орталығы. Орталық жүйке жүйесінде орналасқан, белгілі бір қызмет атқаруға бейімделген нейрондар тобы орталыққа келген қозуды талдап орталық жүйке жүйесінің жауабын тудырады.

4. Эфференттік жол орталық жүйке жүйесінде пайда болған жауап қозуды эффекторға (жұмысшы мүшеге) әкеледі.

5. Эффектор орталықтан келген қозуға байланысты қызмет атқарады.

6. Эффектордың рецепторлық құрылымы. Жұмысшы мүше қызмет атқарғанда ол мүшенің биохимиялық және электрлік өзгерістері пайда болады. Осы өзгерістерді мүшеде орналасқан рецепторлар қабылдап, мүшенің жағдайына байланысты оларда қозу пайда болады.

7. Эффектордың эфференттік жолы. Эффектордың рецепторында пайда болған қозуды сол мүшенің афференттік жүйке талшығы қайтадан орталық жүйке жүйесіне апарады. Мұндағы жүйке орталығы келген қозуды талдап, жұмысшы мүшенің қызметін тоқтатып немесе қажеттігіне қарай жалғастыратын жауап қозу пайда болады.

Рефлекторлық доғаның қозу жүретін жолдарын екіге бөледі: тура және кері байланыс жолы деп. Рефлекторлық доғадағы сезім мүшесінде пайда болған қозу орталыққа барып, одан жауап келген жол тура байланыс жолы деп аталады. Ал жұмысшы мүшенің сезгіш рецепторында пайда болған қозудың қайтадан орталыққа барған жолын кері байланыс жолы деп атайды.

И.П.Павлов барлық рефлекстерді шартты және шартсыз рефлекстер деп екіге бөлді.

Шартты және шартсыз рефлекстердің айырмашылығы

Шартсыз рефлекс Шартты рефлекс
1 Туа пайда болған 1. Жүре пайда болған
2. Тұқым қуалайды 2. Тұқым қуаламайды
3. Рефлекторлық доғасы жүйке жүйесінің төменгі дәрежедегі жұлын, сопақша ми секілді бөлімдері арқылы қалыптасады 3. Рефлекторлық доғасы ми сыңарларының қыртысында қалыптасады.
4. Шартсыз рефлекс қалыптасу үшін қосымша жағдайлар қажет емес 4. Қажет

 

Шартты рефлекстің пайда болуына қажетті жағдайлар:

- әсер етуші шартты және шартсыз тітіркендіргіштер қажет;

- шартты тітіркендіргіштердің әсері шартсыз тітіркендіргіштердің әсерінен сәл бұрын басталып (15-20 сек), олар біраз уақыт әсер ету керек;

- тітіркендіргіштер тұрақты ретпен әсер ету керек;

- аталған жағдайлар ұзақ уақыт қайталану қажет;

-шартты тітіркендіргіштердің шартсыз тітіркендіргіштен әлсіздеу болуы;

- ми қыртысының қызметі дұрыс болу керек.

Балаларда шартты рефлекстерді тудыру үшін 3 жасқа дейін шартты әсер ретінде баланың жақсы көретін тамағын немесе ойыншығын қолданады. Мысалы баланы жүргізіп үйреткенде кәмпит немесе ойыншықты көрсетіп шақырады да бала тәй-тәй басып келгенде бере қояды. Кейіннен кәмпитті алуға ұмтылған бала аяғын тезірек басуға ұмтылады.

Сөз әсеріне шартты рефлекс тудыру үшін 3 жасқа дейінгі балаларда негізінен 3 жағдайды сақтау керек. Сонда бала тез, уақытында сөйлеп үйренеді:

1. Үйретіп отырған сөздің мағынасына байланысты бейненің болуы. Мысалы, «әке» деген сөзді үйрету үшін «әке» деп айтып отырып, әкесін көрсету керек.

2. Сөзді айтушы болу керек және алғаш кезде ол тұрақты кісі, айталық шешесі болуы тиіс.

3. Бала сөздің мағынасына байланысты затты дұрыс көріп тұру керек.

Шартты рефлекстердің түрлері. Шартты рефлекстер рецепторлардың тітіркенуіне және пайда болатын қызметіне байланысты, қозу мен тежелуге байланысты бірнеше түрге бөлінеді.

Тітіркенетін рецепторларына байланысты төмендегідей бөлінеді:

1. Экстрорецепті шартты рефлекстер шартты тітіркендіргіштер сыртқы сезім мүшелеріне әсер еткенде пайда болады: көзге, құлаққа, иіс және дәм сезу мүшелеріне, тері рецепторына.

2. Проприорецепті шартты рефлекстер қаңқа бұлшықеттерін тітіркендіргенде пайда болады.

3. Интерорецепті шартты рефлекстер ішкі мүшелерді тітіркендіргенде пайда болады.

Туатын қызметтің түріне қарай шартты рефлексті екіге бөледі: қимыл-қозғалыс және вегетативтік шартты рефлекстер.

Рефлексті тудыратын қозу мен тежелудің кезеңдеріне қарай шартты рефлекстерді оң және теріс немесе жағымды және жағымсыз деп бөледі.

Уақытша нервтік байланыс. Шартты тітіркендіргіш әсер еткенде ми қыртысының тітіркендіргішке сәйкес орталығында қозу пайда болады. Мысалы, көзге әсер етсе – көру орталығы, дыбыс әсер етсе - есту орталығы. Шартсыз тітіркендіргіштің әсерінен оған сәйкес орталықта екінші қозу ошағы пайда болады. Организм үшін маңызды әсерді шартсыз тітіркендіргіш ретінде алғандықтан екінші орталықтағы қозу ошағы біріншіге қарағанда күштірек болады. Сондықтан бірінші қозу ошағындағы нерв импульстері екінші орталыққа тартылады да екеуінің арасында байланыс пайда болады. Шартсыз тітіркендіргіш неғұрлым күшті болса, соғұрлым екінші орталықтың қозуы күшті болып шартты рефлекс тез туады. Шартты рефлекстің пайда болуының негізі – ми қыртысындағы нерв орталықтарының арасында уақытша нервтік байланыстың пайда болуы.

Шартты рефлекстердің тежелуі. Тежелу 2 түрлі болады: сыртқы немесе шартсыз және ішкі немесе шартты тежелу.

Сыртқы тежелу туа пайда болады. Ол шартты рефлекторлы түрде пайда болған кезде сыртқы ортаның күшті немесе ұзақ әсер ететін басқа тітіркендіргішіне байланысты байқалады. Мысалы, мұғалімнің айтқанын ұқыпты тыңдап отырған бала, кенеттен даладан шыққан қатты дауысты естісімен мұғалімді тыңдамай, дереу терезеге қарайды. Мұнда ми қыртысында пайда болған жаңа қозу ошағы шартты рефлекторлы түрде болған қозу ошағын тежейді.

Шартты немесе ішкі тежелу пайда болған шартты рефлекстердің жағдайы өзгергенде туады.

Ми қыртысының талдау және талқылау қызметтері. Динамикалы стереотип. Сыртқы және ішкі ортаның көптеген тітіркендіргіштерінің әсерінен биологиялық маңыздыларын таңдап алу үшін олар мида талданады.

Талдау арқылы организм өзіне қажетті, тиімді әсерлерді бөліп алып, ажыратады. Ми қыртысы әсер ететін тітіркендіргіштерді жіктеп талдайды. Таңдалған әсерлерге дұрыс жауап қайтару үшін ми қыртысында олар қайта жинақталып қорытылады, талқыланады. Мұны ми қыртысындағы талқылау дейді.

Өте күрделі талдау мен талқылаудың үлгісі ретінде динамикалы стереотипті алуға болады. Динамикалы стереотип деп адам мен жануарлардың ми қыртысында ұзақ мерзім тұрақты ретпен әсер еткен топты тітіркендіргіштердің біртұтас шартты рефлекторлы әрекетті тудыратын қабілетін айтады.


Дата добавления: 2022-01-22; просмотров: 19; Мы поможем в написании вашей работы!

Поделиться с друзьями:






Мы поможем в написании ваших работ!