Тістер эрозиясы (эрозия зубов) 4 страница



Ауыз қуысындағы тістердің толық болуы да, тағамның шайнау кезінде барлық тістердің қатысуын қамтамасыз етеді. Ал түгел болмаған жағдайда, антогонистері болмаған тістерде тіс шөгінділері көптеп пайда болады, ол өз кезегінде тіс жегіге алып келуі мүмкін. Тағы бір мәнбір бұл ананың жүктілік кезіндегі тамақтануының нашар болуы, басынан өткізген аурулары, психоэмоционал жағдайлары, өзінің және құрсақтағы баланың ағзасына да, әсіресе сүт тістердің жағдайына әсерін тигізеді. Бала туылғаннан кейінгі оның дұрыс тамақтанбауы, асқазан – ішек жолдарының аурулары, тістердің ұрықтануының дұрыс қалыптаспай, кіреуке және дентин тіндерінің аурулары мен құрылымының өзгерістеріне алып келеді. Тіс шыққанан соң тез тіс жегі ауруына беріліп қалуына себеп болады.Атап айтқанда тіс жегі полиэтиологиялық ауру болып саналады.

ТІСЖЕГІ кеселi деп тіс тіндерінде тістер шыққасын пайда болатын, олардың құрамындағы минералды заттың жойылып, органикалық заттың ыдырауынан тіс бетінде пайда болатын ақауларды айтады. МИЛЛЕР ТЕОРИЯСЫ – химиялық-паразитарлық теория деп аталады. 1884 жылы ұсынылған. Бұл теорияға сәйкес тісжегінің пайда болуы 2 кезеңнен тұрады:

1) тіс тінінің химиялық әсерден.

2) микроб әсерінен бұзылуы. Біріншіде ауру ауыз ішінде қалған ас қалдығының ыдырауы негізінде, соның әсерінен эмаль бұзыла бастайды. Ондағы минералды тұз еріп, пульпаға жақын қабат дентинге жетеді. Дентиндегі органикалық заттар (20%) микроб ферментінің әсерінен ыдырайды.

Тісжегі кеселінің пайда болуы туралы соңғы кездегі көзқарастар.

Тісжегінің пайда болу көзі – микробтар, соның ішінде стафилококк пен стрептококтар. Оларсыз тісжегі дамымайды. Құрамында көмірсу тағамының қалдығы бар жұмсақ тіс қақтары 2-3 күнде тіс пелликуласымен тығыз байланысып, микробты қаққа айналады. Оның құрамында стафилококктар, стрептококктар ферментінің әсерінен көмірсу ас қақтары түзіліп, көп көлемде азот қышқылы пайда болады. Сөйтіп микробты қақтың үстіңгі ортаның рн қышқылы 4,5-5,0-ке тең келеді. Егер микробты қақ уақытында тазаланбаса, тұрақты түрде тіс бетінде қалып қойса, қышқылдың әсерінен призма аралығындағы минералды тұз кристаллдары ери бастап, аралық байланыс үзіліп, өте ұсақ саңылаулар пайда болады. Қышқылдар осы саңылаудан өтіп, кіреукеге ауысып, астыңғы қабатына жетеді. Призма арасындағы кеңістік кеңейеді. Сөйтіп микробтың кіреуке асты қабатына өтуі артады. Онда микробтан протеолизді ферменттер кіреукедегі органикалық заттың бұзылуына көмектеседі. Кіреукенің жоғарғы қабатының көпке дейін бүтіндігі сақталып тұрады. Себебі сілекейден келетін минералды заттың әсеріне бұл қабатта көпке дейін минералдың жойылу немесе қайта құрылу тепе-теңдігі аяқталады. Біраз уақыттан кейін төменгі қабатқа өткен қышқылдың әсерінен жоғарғы қабаттың қалыңдығы жұқарып, әр түрлі механикалық әсерден сынады.

29. Тістердің гистологиясы .

Тістер жалпы эмаль ,дентин, тіс ұлпасынан құралған.Тіс сауыты эмальмен қапталған ал түбір бөлігі цементпен қапталған.

Кіреуке(enamelum)-99%бейорганикалық заттардан 1-4 %органикалық заттардан құралған .Ол ағзаның өте қатты тіні болып табылады. (қаттылығы 250-800 Виккерс бірлігіне тең) .Тіс сауытын мойнына дейін жауып тұрады. Азу тістердің төмпешіктер шыңындағы кіреукенің қалыңдығы – 2,0-2,5мм, табиғи сайларындағы қалыңдығы – 0,50-0,62 мм, мойын бөлігінде – 0,01-0,1 мм (цементке ауысар жерінде), орталық күрек тістердің қырларында 2,0-2,5мм. Кодола Н.А.(1964) келтірген мәліметтерге сүйенсек, кіреукенің мойын бөлігіндегі қалыңдығы – 0,01-0,05 мм, үлкен азу тістер шайнау төмпешіктерінде – 3,5 мм, сайларында – 1,3 мм.

Кіреукенің ең негізгі құрылымдық бірлігі ұзындау цилиндрге немесе ромбыға ұқсас кристалдар өте қатал, тығыз реттілікпен тор (решетка) жасай орналасып, диаметрі 4-6 мкм призмалар құрайды және призманың осіне 45 градус бұрышпен орын тебеді. Призмалардың ұзындығы кіреуке қабатынан ұзын, себебі олардың бағыты түзу емес, көптеген призмалар қосыла отырып (10-20) S әрпіне ұқсас иілімдер жасайтын шоғырлар құрайды, кіреуке-дентин шекарасынан басталып, кіреуке бетіне қарай радиальды бағытта орналасады. Кіреукенің сыртқы және ішкі қабаттарында (кіреуке-дентин шекарасына жақын) призмалар болмайды (призмасыз кіреуке). Бұл қабаттарда ұсақ және ірі немесе жалпақ кристалдар орналасқан. Сондықтан да тістерден алынған шлифтердің кіреуке қабатында оптикалық біртектілік байқалмайды (жарық немесе қараңғы жолақтар алмаса орналасады); себебі бір жерде призмалар ұзынынан, ал екінші жерде көлденеңінен кесіледі (Гунтер-Шрегер жолақтары). Ұзынынан кесілген призма шоғырлары парозони, ал көлденең кесілгендері – диазони деп аталады Қышқылмен өңделген тістердің ұзын шлифтерінде кіреуке-дентин шекарасынан тіс бетіне қарай қиғаш орналасқан қоңыр-қошқыл түсті жолақтарды(бурые полосы) көруге болады. Көлденең жасалған шлифтерде олар кіреукеде концентриялық шеңбер түрінде орналасады (ағаш кесінділеріндегі шеңберлер қабаттары секілді). Бұлар Ретциус жолақтары деп аталады және олардың пайда болуын тістердің даму кезінде кіреукенің белгілі бір циклмен минералдануымен байланыстырады. Бұл жолақтардың минералдануы төменгі тістерде анық көрінеді. Тіс бетінде аяқтала отырып, бұл жолақтар тіс сауытын қоршаған көлденең жолақтар құрайды және олар «перикиматалар» деп аталады. Кіреукеде бұлардан басқа құрылымдар бар. Кіреуке призмаларының көлденең кесінділері аркадаға немесе балық терісінің мүйізді қабыршақтарына (рыбья чешуя) ұқсас болады (өте тығыз орналасқандықтан). Себебі, аркаданың ашық қабырғасы арқылы көршілес призмалар өз кристалдары арқылы бір-бірімен қосылып, кіреукенің беріктігін қамтамасыз етеді.

Призмалар көбінесе домалақ пішінді, бесқырлы болып келеді, кейде көпқырлы (полигональды) болуы да мүмкін. Ертеректе әрбір призманың сыртында органикалық заттан тұратын қабығы бар деп санаған. Электронды-микроскопиялық зерттеулердің нәтижесінде призмаралық зат призмалар сияқты кристалдардан тұратыны, бірақ олардың ретсіз орналасқаны дәлелденді. Кіреукенің структуралық құрылымы молекулярлық елеуішке немесе торға ұқсас, кристалдар аралық кеңістікке тек шағын молекулалар ғана өте алады. Қалыпты кіреукенің микрокеңістіктерінің жалпы аумағы 0,1-0,2% тең.

Кіреукенің әр қабаттары әр түрлі дәрежеде минералданған. Жақсы минералданған ең жоғарғы (қалыңдығы 3 микрон) қабаты мен дентин – кіреуке шекарасы аймағы. Пахомов Г.Н. (1968) рентгенструктуралық анализдеу әдісі арқылы кіреукенің жоғарғы қабатындағы кристалдар решеткасы (торы) төменгі қабатқа қарағанда өте тығыз екенін анықтаған.

Кіреукенің микроқаттылығы 397,6 кг/мм2, барлық қабатында бірдей емес, сыртқы қабатында өте жоғары, сайлар табанында, мойын бөлігінде және кіреуке-дентин шекарасында төмендеу.

Кіреукеде органикалық заттар өте жіңішке фибриллярлы (талшықты) құрылымдар түрінде анықталған: олар кіреуке призмасындағы кристаллдардың орналасу бағытын қамтамасыз етеді деген көзқарас бар. Кіреукеде жоғарыда айтылғандардан басқа да құрылымдар бар. Олар кіреуке қабатын толығымен қуалай орналақан ламеллалар (эмальевые пластины), кіреуке-дентин шекарасына жақын орналасқан кіреуке шоғырлары (эмальевые пучки) және кіреуке-дентин шекарасынан өтіп барып бітетін одонтобласттардың өсінділері – кіреуке ұршықтары (эмальевые веретена).

Кіреуке призмаларының ең ұсақ құрылымдық бірлігі – апатит текті кристалдар. Олар призма осіне 450 бұрыш жасап, бір-бірімен тығыз жанасып, қаланған кірпіштер сияқты орналасады. Жас ұлғайған сайын кристалдардың көлемі үлкейе береді. Кристалдардың құрылысы мен табиғаты элементтік ұяның өлшеміне (көлеміне) байланысты. Гидроксиапатит пен фторапатиттің кристалдарына өзіндік параметрлер тән.

Кіреукенің құрамына әр түрлі апатиттер кіреді, оның басым көпшілігі – гидроксиапатит Са10(Ро4)6(ОН)2. Boves және Murray анықтауларына сүйенсек, кіреукенің құрамында гидроксиапатит 75,04; карбонатапатит 12,06; хлорапатит 4,397; фторапатит 0,663; көмірқышқылды кальций (СаСо3) 1,33; көмірқышқылды магний (MgCo3) 1,62 пайыз құрайды. Бейорганикалық құрылымдардың құрамында кальций – 37%, ал фосфор – 17% құрайды.

Кіреукенің тұрақтылығын сақтауда оның негізін қалайтын элементтер кальций мен фосфор қатынасының (Са/Р) үлкен маңызы бар. Бұл қатынас әр түрлі әсерлерден өзгеріп тұруы мүмкін. Ересек адамдарға қарағанда жастар тістерінің кіреукесінде Са/Р коэффициенті төмен және бұл көрсеткіш кіреукеде деминерализациялану (минералсыздану) үрдісі кезінде азая береді. Кіреуке кристалды апатиттерінің Са/Р коэффициенті 1,67 тең. Қазіргі кезде дәлелденгендей, бұл көрсеткіш төмен қарай (1,33-ке дейін) және жоғары қарай (2,0-ге дейін) ауытқуы мүмкін. Егер бұл көрсеткіш 1,67 тең болса, кристаллдың бұзыла бастауы кальцийдің екі ионының шығуы кезінде байқалады. Ал бұл көрсеткіш 2,0-ге тең болса, кристалл кальцийдің 4 ионы ауысқанша бұзылмайды. Қристалл құрылымының бұзылуы бұл көрсеткіш 1,33 тең болған кезде байқалады. Қорыта келгенде Са/Р коэффициенті тіс кіреукесінің тұрақтылығын анықтайтын көрсеткіш деп санауға болады.

Көптеген шетел ғалымдарының зерттеулеріне сүйенетін болсақ, кіреукеде микроэлементтердің орналасуы біркелкі емес. Оның сыртқы қабатында көбінесе фтор, қорғасын, мырыш, темір шоғырланған, аз мөлшерде натрий, магний, карбонат бар. Ал стронций, мыс, алюминий, калий барлық қабаттарында бірдей орналасқан.

Кіреукенің әрбір кристалының байланысқан ОН иондарынан тұратын гидратты (сулы) қабығы бар. Оның көмегімен иондық алмасу жүреді деген ұғым бар. Егер кристалл ионы ортаның басқа ионымен алмасса, оны гетероиондық, ал аттас ионмен алмасса изотопты иондық алмасу деп атайды.

Қазіргі кезде кристаллдардың гидратты қабатындағы байланысқан судан (связанная вода) басқа кіреуке призмааралық микрокеңістіктерде орналасқан “еркін” (свободная вода) суды ажыратады. Кіреукеде жалпы судың мөлшері 3,8%, оның ішінде еркін судың мөлшері 2-3% құрайды.

Кіреукедегі органикалық заттардың мөлшері 1,0-1,2%. Олар белоктардан, липидтерден және көмірсулардан тұрады. Белоктардың мөлшері 0,5%, аминқышқылдық құрамы бойынша кератин типтілерге жатады және төмендегі фракциялардан тұрады: қышқылда еритін белок (этилендиаминтетрауксус қышқылында – ЭДТА-да) – 0,17%; ерімейтін белок– 0,18%; пептидтер мен еркін аминқышқылдары – 0,15%. Қалыпты кіреукеде глицин, валин, пролин, оксипролин анықталған. Тісжегі ауруына ұшыраған тістерде бұл қышқылдардың мөлшері жоғары және олармен қатар аланин, серин, глютамин және аспарагин қышқылдары да кездеседі. Қорыта келгенде, кіреукенің құрамында бейорганикалық заттар – 95%, органикалық заттар – 1,2%, су – 3,8% құрайды. Жаңа шыққан тістердің кіреукесі органикалық қабықпен немесе Насмит қабығымен жабылған.

Шайнау қызметіне қатынасу әсерінен бұл қабық біртіндеп тістеу қыры мен шайнау бетінен бастап жойылып, көпшілік жағдайда тек мойын бөліктерінде ғана сақталады.

Готлибтың ұйғаруынша Насмит қабығы екі қабаттан тұрады: ішкі – амелобластардың қалдығы, сыртқы – тіс шыққанда бетінде қалған жұқарған ауыз эпителийінің қалдығы. Кіреукеде липидтер 0,6%, цитраттар 0,1%, көмірсулар 100г. кіреукеде 1,65 мг құрайды. Қалыпты кіреукенің қышқылда еритін белокты фракциясында көмірсулар 5,5%, ал тісжегіге ұшыраған кіреукеде 4% құрайды (Е.В. Боровский, К.Ф. Фирфарова, 1969).

Дентин (дентин – dentinum, substantia ossea). Дентин – тістің негізгі қатты тіні, кіреукеге қарағанда аздау минералданған, сүйекке ұқсас, бірақ одан қаттылау. Құрамының 70-72% бейорганикалық, 18-20% органикалық заттан және 10% судан тұрады. Дентиннің қаттылығы 58,9 кг/мм2. Бейорганикалық заттың негізін кальций фосфаты (гидроксиапатит), кальций карбонаты және аз мөлшерде кальций фториді құрайды. Олардан басқа көптеген макро және микроэлементтер де кіреді. Органикалық заты белоктардан, майлардан және полисахаридтерден тұрады. Белоктардың аминқышқылды құрамы коллагенге тән.

Дентиннің органикалық немесе негізгі заты желім (клей) беретін талшықтардан және ұсақ өзекшелердің қабығынан тұрады. Тістің тік өсіне радиальды бағытта орналасқан талшықтар Корф талшықтары деп, ал оған параллельді немесе тангенциальды орналасқан талшықтар Эбнер талшықтары деп аталады. Осы органикалық заттардың барлығы да минералданған. Дентиннің барлық қабатын үш белдеуге бөлуге болады. Бірінші белдеу – жұқа дентин қабаты, кіреукемен тығыз жанасқан, мұнда көбінесе Корф талшықтары орналасқан.  Екінші белдеу немесе аралық белдеу бірінші белдеудің астында жатыр және мұнда Эбнер талшықтары да кездеседі. Сонымен қатар мұндағы Корф талшықтарының барлығының бағыты радиальды емес. Құрамында Корф талшықтары көп осы екі белдеу немесе қабат жабынды дентин (плащевой дентин) қабаты деп аталады. Ұлпаға жақын жатқан және Эбнер талшықтарынан тұратын қалың ішкі қабат ұлпа маңындағы дентин (околопульпарный дентин) деп аталады. Коллаген талшықтарының арасында аморфты жабысқақ зат орналасқан.

Дентиннің мықтылығы осы талшықтардың араласа орналасуымен сипатталады. Поляризацияланған сәулелердің көмегімен тексергенде минералды тұздар кристалдар түрінде коллаген талшықтарының төңірегіндегі аморфты затқа шөгетіні, ал талшықтардың өздері  минералданбайтындығы анықталған.

Дентиннің негізгі құрылымдық бірлігі – жіңішке дентин өзекшелері. Олар тіс қуысының ұлпа жақ қабырғасынан басталып, сыртқа қарай радиальды бағытта орналасып, кіреуке мен цементке жетіп бітеді. Жол бойы олар ұсақ тармақтар береді, олар көрші тармақтармен бірігіп анастомоз құрайды.

Дентин өзекшелерінің тістердің әр бөлігінде орналасуы әр түрлі: түбір бөлігінде радиальды, орта бөлігінде S түрінде, сауыт бөлігінде көбінесе радиальды бағытта орналасқан. Әрбір өзекшенің қабырғасы жабысқақ заттан тұрады және Нейман қабығы деп аталады (Нейман, 1863). Ұлпамен шекаралас аймақта дентин өзекшелерінің ені кең, барған сайын тарыла береді. Ұлпа маңындағы дентиннің 1мм2  өзекшелер саны 75000 тең, ал жабынды дентинде 15000 жуық. Бұл өзекшелерде дентин сұйықтығы және ұлпа одонтобластарының ұзын өсінділері (Томес талшықтары) орналасқан.


Дата добавления: 2019-11-25; просмотров: 237; Мы поможем в написании вашей работы!

Поделиться с друзьями:






Мы поможем в написании ваших работ!