Портландцемент. Шикізат материалдары 21 страница



 

                    2МеҒ2 + SiО2 → 2МеО + SiF4                                   (4.22)

 

Кварцқа қарағанда кристобалиттің реакцияға бейімділігі өте жоғары. Себебі, бұның тығыздығы аз, әрі атомдары мен иондары полиморфтық өзгерістер кезінде өте қозғалғыш келеді. М.М. Сычевтың зерттеулері бойынша 1100 0С 30 минуттың ішінде кварцтың 10 % әкпен қосылып белитті 2СаО∙SiО2 түзсе осындай уақытта әкпен кристобалиттің 35 % байланысады.

Фтордың атомдары кремний – оттегі тетраэдрінің үш торындағы оттегі атомдарын алмастыра алады. Оттегінің орнына келген фтор бір валентті болғандықтан, кремний – оттегі тетраэдрінің көрші тетраэдрлермен байланысы үзіле бастайды. Түзілген SiҒ4 гидролизінің нәтижесінде реакцияға бейімділігі өте жоғары кристобалит түзіледі.

СаСО3 диссоциациясы фторлы минерализаторлардың, оның ішінде NaF–дың қатынасымен 609 0С басталады. Қоспадағы СаСО3 диссоциациясы Na2SiҒ6 минерализаторларының әсерімен төмен температурада басталып, 600...700 0С аяқталады. СаҒ2 минерализаторы да көп қолданылады.

Фторлы минерализаторларының көмегімен сазды минералдарының да диссоциациялану температурасы төмендейді. Бөлінген кремний қышқылы мен глинозем құрылысының бейберекеттілігі клинкер минералдарының түзілуін тездетеді. 0,5 % СаҒ2 енгізілген шикізат қоспасында екі кальцийлі силикат 600...800 0С кезінде түзіле бастайды. 850 0С-та түзілген комплексті қосылыс спуррит 2С2S∙СаСО3 950 0С-та СО2, СаО, С2S-ке қайтадан ыдырайды. Бөлінген С2S пен СаО-дан С3S түзіледі. Сөйтіп спуррит те алиттің түзілуін жеңілдетеді. 950...1200 0С аралығында түзілген фторлы алит С19S7•2СаҒ2 1185 0С-та ыдырайды. Егер ол ыдырамай клинкерде қалатын болса, клинкердің механикалық беріктігін төмендетуі мүмкін. СаҒ2-нің қатысымен алюминаттардың түзілу температурасы да төмендейді. Фторлы минерализаторлар енгізілген шикізатта қатты фазалы реакциялармен бірге микробалқымалар пайда болады. Кейін бұлар үлкейіп, бір-бірімен қосылып, нәтижесінде клинкердің сұйық фазасы 80...150 0С төмен температурада түзіледі. Фторидтер клинкердің фазалық құрамын да өзгертеді. Олар барда С3А С12А7 және СаО ыдырап, С12А7 және  СаҒ2 қосылып, С12А7(СаҒ2) х (х<1) сияқты комплекс қосылыстар түзеді де, босап шыққан әк алит түзуге жұмсалады. Минерализатордың қатысымен клинкерлік балқымада СаО мен С2S тез, әрі көп мөлшерде ериді. Алиттің кристалдану температурасы 150...200 0С төмендейді.

Фтор көп мөлшерде болса цементтің механикалық беріктігін төмендетіп жіберетіндіктен, оны шикізатқа 0,5...0,6 %-тей ғана қосады.

Хлоридтер. Хлоридтердің күйдіру процесіне тигізетін әсері фторидтер сияқты деуге болады. Бұдан да СаСО3 диссоциациялану температурасы төмендеп, клинкерлік минералдар ертерек түзіле бастайды. Мәселен, С2S, С3А, С4АF 700...10000С, ал С3S 1000...12000С түзіледі. Хлорды шихтада 1000 0С-та кальцийдің хлорортосиликаты 2СаО∙SiО2∙СаСl2 түзіледі де, 1100 0С ыдырап кетеді:

      Са2SiО4 ∙СаСl2 '- Са2SiО4 + СаСl2          (4.23)

 

Хлордың қатысында аралық минерал – спуррит те ертерек түзіледі. С5А3 пен С3А хлоридтермен қосылып, С5А3 сияқты қосылыстар түзуі мүмкін.

Нудельман Б.И. және басқалары жоғары температурада хлор қосылған шикізатта құрамы жағынан алитке ұқсайтын химиялық қосылыс түзілетінін анықтады. Оның формуласы 6Са3SiО5 •4СаО•2AlOCl. Егер шикізатқа 10...12 % СаСl2 қосса, сұйық фаза 600...800 0С пайда болып, хлор қосылған балқымадан минералдар 1000...1100 0С түзіледі. Бірақ бұндай технологияның кемістігі сол, СаСl2 клинкерден бөліп шығару өте қиын.

Хлорлы минерализаторлардың ішінен ең көп қолданылатыны СаСl2 мен NaСl. Олардың шикізаттағы 0,7...1 % мөлшері пештің өнімділігін 3...7 % арттырады.

Фосфаттар. Шикізаттың құрамына фосфор әктаспен, өндіріс қалдықтарымен фосфор ангидриді түрінде енеді. Фосфор ангидриді минералдардың түзілуіне екі түрлі әсер етеді. Балқымада фосфор РО43- және - Р – О – Р - ; Р – О – Si – О – Р аниондарын түзеді. - Р – О – Р - ; Р – О – Si – О – Р аниондарының қозғалысы нашар, осыдан балқымадағы басқа иондардың да қозғалу жылдамдығы төмендейді.

Фосфаттардың әсерінен күйдіру кезіндегі барлық реакциялар жылдам жүреді және хлордың пештегі циркуляциясы болмайды. Бірақ фосфор ангидридінің шикізаттағы мөлшері 0,5...1 % асып кетсе, ол белитпен қосылып қатты ерітінділер түзіп, белиттің клинкер балқымасындағы ерігіштігін кемітеді. Алиттің де мөлшері кемиді. Р2О5 мөлшері 1 % көбейген сайын клинкердегі алиттің мөлшері 9,9 % азайып отырады. Егер шикізат қоспасында Р2О5 7% көп болса үш кальцийлі силикат тіпті түзілмейді. Сөйтіп клинкердің белсенділігі төмендейді.

Р2О5 аз мөлшері (0,5 %-ке дейін) клинкердің гидравликалық белсенділігін едәуір жақсартады.

Егер шихтаға фтор мен Р2О5 түріндегі фосфорды бірден енгізсе, олар байланысып фторапатитті түзеді. Фтораратит минералдардың түзілу процестерінің жүруін жеңілдетіп, тіпті ҚК жоғары клинкер алуға мүмкіндік береді. Сөйтіп, фосфордың кері әсері жойылады. Зауыттарда фосфорлы минерализатор ретінде фторапатитті, фосфогипсті, фосфор шлагы қолданылады. Олар отынның шығынын азайтып, пештің өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Титан тотығы. Титан тотығының клинкердегі мөлшері 0,2...0,5 % ғана. Ті4+ ионы мен Si4+ ионының электр терістілігі бір-бірімен шамалас, соның нәтижесіне титан Si4+  ионының орнын баса алады. ТіО2 қатысында СаСО3 диссоциациясының температурасы төмендеп, әрі тезірек ыдырайды, қатты фазалы реакциясының жылдамдығы артады. Сұйық фаза төмен температурада пайда болады. Әрі тұтқырлығы кемиді, каолинитті 900...1000 0С қыздырғанда бөлінетін глиноземнің тұз қышқылындағы ерігіштігі артады. ТіО2 ионы жалғыз Si4+   ионының ғана емес, АІ3+, Ғе3+  иондарының да орнын баса алады. Сондықтан титанның көп мөлшері алюмоферриттің құрамына енеді. Титанның әсерінен клинкер минералдарының кристалдануы жақсарып, олардың гидравликалық қасиеті артады. Құрамында титаны бар цементтің бірінші, екінші тәуліктегі гидратациялық жылдамдылығы мен механикалық беріктігі төмен болады, бірақ кейін беріктігі титансыз цементтің беріктігінен шамамен 20 % артады, дегенмен титанның көп мөлшерінен минерал түзілу процесі нашарлайды. ТіО2 СаО-мен гидравликалық қасиеті аз СаО∙ТіО2 қосылыстарын түзеді, белит пен алиттің де белсенділігі төмендейді. М.М. Сычевтың анықтаулары бойынша шикізат құрамындағы ТіО2-нің мөлшері 3 % және одан да көп болса, клинкер үгітіліп кетеді.

Марганец тотығы. Марганец тотығын клинкерде спектрлі анализдің көмегімен анықтайды. Көбіне ол домна шлагын қолданған кезде түзіледі. Марганец тотығының көмегімен клинкерлік балқыманың тұтқырлығы төмендеп, 900 0С-тан бастап қатты фазалы реакцияның жылдамдығы артады. Темірге қарағанда марганецтің теріс заряды үлкен болғандықтан, қосылыстарда марганец темірдің орнын баса алады, сөйтіп С4АҒ – С4АMn(4CaO∙Al2O3∙(0,4Fe2O3∙0,6Mn2O3) қатты ерітінділер түзіледі. Марганец тотығы β-С2S тұрақтандырады. Mn2O3-ның 4 % β-С2S-тің, 0,5 % алиттің С3S құрамына енеді. Mn2O3-ның әсерінен байланыспаған MgO-ның саны азаяды. Бірақ шикізаттағы Mn2O3-тің мөлшері 4 % жетсе, бұл пеште үлкен кесектердін (свары) пайда болуына әкеп соғады, клинкердің де гидравликалық белсенділігі төмендейді. Сондықтан шикізаттағы марганец тотығының мөлшері 1...2 % аспауы керек. Осындай мөлшерде ол жақсы минерализаторлың рөлін атқырады.

Хром тотығы. Cr2O3 хром тотығы да күйдіру процесінде минерализатордың ролін атқырады. Оның әсерінен қатты фазалы реакцияның жылдамдығы артып, балқыманың тұтқырлығы кемиді. Ол алиттің кристалдық құрылымына β-С2S тұрақтануына әсер етеді, клинкердегі байланыспаған MgO-ның санын азайтады. [CrO4]3- тетраэдрлары [SiО4]4- тетраэдрының орнын баса алады. Оны реакция түрінде былай көрсетуге болады:

 

     2Si4+ → 2Cr5+ + Са2+; Si4+ → Cr4+                                             (4.24)

С3S-тің кристалл торларында хромның 2 %, С2S-тің торларында 8,6 % ери алады. Алты валентті хром алюмоферриттегі Аi3+, Ғе3+ иондарының да орнын алмастыра алады. Құрамы хромы бар клинкер жақсы гидратацияланады, ол әр түрлі ақауларға толы болады. Cr2O3–тің аз мөлшері (0,2...0,3 %) клинкердің гидравликалық қасиетін арттырады. Шикізат құрамындағы Cr2O3-тің мөлшері 2 % дейін ғана болуы керек, Одан асып кетсе алиттің түзілуін тоқтатып, кейде тіпті оның ыдырауына әкеліп соқтыруы мүмкін.

Барий және стронций тотығы. Барий мен стронцийшикізат қоспасында карбонат немесе сульфат ретінде болуы мүмкін. ВаО мен SrO да аздаған мөлшерде басқа тотықтар сияқты әсер етеді. ВаО кремнеземмен қосылып, 735...775 0С-та екі барийлі силикат, 10500С-тан асқанда үш барийлі силикат түзеді. Егер процесте ВаО емес ВаSО4 қатысатын болса, ол СаСО3-тің диссоциациясына ешқандай әсер етпейді. Тек түзілген С2S әрекеттесіп қатты ерітінді түзеді. ВаО мен SrO-ның 0,3...1,0 % мөлшері балқыманың пайда болу температурасын төмендетіп, тұтқырлығын кемітіп, С3S-тің түзілуін тездетеді. Одан көбейіп кетсе керісінше әсер етеді. Барий тотығының минерализаторлық қасиеті Cr2O3, Mn2O3, TiO2, Ғе2О3 тотықтарына қарағанда нашар. Дегенмен, барий тотығының әсерінен цементтің сульфатқа, ыстыққа төзімділігі артады, рентген сәулелеріне қарсы кедергісі күшейеді.

Цинк тотығы. Цинктің хлоридтері, сульфаттары және карбонаттары клинкер пайда болу процестерінің катализаторлары болып есептеледі. Минералдардың кристалдық торында Zn2+ Са2+ ауыстырып қатты ерітінді пайда болуына алып келеді. С3S-те ZnО-ның 2 % дейін ериді. Цинк қорғасын және мысбалқыма шлактардың құрамында да болады. Бұл қалдықтарды пайдаланғанда олар клинкер күйдіру процесіне әсер етуі мүмкін.

Жоғарыда келтірілген қоспалардан басқа цемент шикізатының құрамында өте аз мөлшерде литий тотығы LiO2, мыс тотығы CuO, Mo2O3, V2O3, NiO, La2O3 кездесуі мүмкін. Бұлар өте аз мөлшерде болғандықтан өз алдарына жеке фаза түзбейді. Бұлар клинкер түзілу процесіне жалпы минерализаторлар сияқты әсер етеді, яғни СаСО3 диссоцияциясын тездетеді, сұйық фазаның тұтқырлығы азаяды, клинкерлік минералдардың кристалдануы жеңілдейді.

 

  

 

  4.9 Сулы әдіс пештерінде клинкер күйдірудің технологиялық процесі

4.9.1 Ішкі жылуалмастырғыштармен жабдықталған айналмалы пештердің конструкциясы және жұмыс істеуі

Портландцемент клинкерін күйдіретін айналмалы пештер қарама қарсы принциппен жұмыс істейді. Шикізат қоспасы оның жоғарғы салқын жағынан, ал отын мен ауа қоспасы төменгі ыстық жағынан беріледі. Отын мен ауаның қоспасы жанып, түзілген ыстық газдар материалға қарсы жүріп, оны қажетті температураға дейін қыздырады.

  Айналмалы  пештер диаметрі ұзындығы бойынша әр түрлі болуы мүмкін. 4.13-суретте көрсетілгендей олардың диаметрі ұлғайған бөліктері болады. Осындай ұлғайған алаптың әсерінен пеште жылу алмасу біршама жақсарады, себебі материал бұл алапта ұзағырақ тоқталады, газдың жылдамдығы да азаяды. Бірақ бұндай пештерде материалдың қозғаласы біркелкі болмайды, әсіресе кеңіген жерден тар жерге өткенде ол көп жиналып қалады, осының салдарынан материал ысылып, шаң көбейіп кетуі мүмкін. Футеровкасына да арнайы отқа төзімді кірпіштер қажет етеді. Сондықтан қазіргі кезде көбіне бір диаметрлі пештер қолданылады.

  Сулы әдісте мынадай өлшемді пештер қолданылады: Ø4,0х150 м; Ø4,5х170 м; Ø5х185 м; Ø5,4х135 м. Пештің диаметрі өзгерген болса оны бөлшекпен көрсетеді. Мысалы: Ø5/4,5х135 м, алымында кеңейген алаптың диаметрі бөлімінде негізгі диаметрі көрсетіледі.

 

4.13-сурет. Айналмалы пештердің әр түрлі профилі: 1-диаметрі ұзына бойы тұрақты; 2-жентектелу алабы кеңейген пеш; 3-кальцилеу алабы кеңейген; 4- кальцилеу және жентектелу алаптары кеңейген пеш; 5-кептіру, кальцилеу және жентектелу алаптары кеңейген; 6-қыздыру алабы кеңейген пеш

      

Пештің конструктивтіқ элементтеріне оның қаңқасы, тіректері, жетегі (привод), ыстық және салқын жақтары, тығыздаушы құрылғылар, жылу алмастырғыш құрылғылары, футеровкасы және шикізат қоспасын беруге қажетті жабдықтары жатады.

Айналмалы пештердің қаңқасын болаттан істейді, корпусының қалыңдығы 22...24 мм, жентектелу алабында 40...46 мм. Пеш болат бандаждар көмегімен тіректерге орнатылады. Бандаждың әр қайсысы 2 роликке тіреледі.

Пештің қаңқасына кигізілген болат бандаждардың саны оның ұзындығы мен диаметріне байланысты, әдетте 6...8 құрсау аралығында болады. Пеш көлденеңінен 2...6 % енкейтіп орнатылады. Пеш екі тістегеріш (шестерня), редуктордың, электр қозғалтқыштың көмегімен қозғалысқа енеді, оның айналу жиілігі 0,5...1,5 айн/мин. Электр қозғалтқыштың қуаты 180...250 кВт, айналу жиілігі 1000 айн/мин.

Пештің материалмен толтырылу дәрежесі деп - материал толтырылған  ауданның пештің қима кесіндісінің жалпы ауданына қатынасын айтады. Әдетте оның шамасы 5...17 % аралығында жатады. Бірақ толтырылу дәрежесі 13 % асқанда пештегі жылу алмасу процесі нашарлайтындығы анықталған.

Үлкен пештер негізгі жетектен басқа көмекші жетекпен жабдықталады. Ол әр түрлі жөндеу жұмыстары кезінде, пештің футеровкасын тексеріп немесе қайтадан қалаған кезде пештің қаңқасы созылып түсіп кетпеуі үшін пешті жай 1...4 айн/сағ жиілікпен айналдырып тұрады.


Дата добавления: 2019-02-22; просмотров: 257; Мы поможем в написании вашей работы!

Поделиться с друзьями:






Мы поможем в написании ваших работ!