КА мен БЖК екшеу-іріктеу диагнозы 10 страница



Аурудың эзофагалгиялық түрі төс артының қыжылы мен тұйық ауыруының қоса кездесуімен сипатталады. Тойып тамақ ішкеннен кейін кейде төс артында «қаққан қазық» сезім болады. Жеңіл, тұрақты емес дисфагия байқалады.

Аурудың ішектік түрінде іш кебуі, онша күшті емес, тұрақты орны жоқ ауырғандық, іш қатуға бейімділік анықталады.

Асқынулары. Созылмалы тассыз холециститте болатын асқынулар: өт қабының шемені, стеноздаушы дуоденальды папиллит, холедохолитиаз, билиарлық гепатопатия, билиарлық панкреатит.

Диагнозын қою және екшеу-іріктеу диагнозы.

СТзХ диагнозы аурудың клиникасына және қосымша тексерулердің мәліметтеріне сүйене отырып қойылады. СТзХ клиникасын жалпылама түрде екі синдромның қосындысы түрінде қабылдауға болады: өт жолдарының дискинезиясы және қабыну синдромы. Ауруда болатын ауырғандықтың сипаты аурудың түріне байланысты болады: дискинезияның гиперкинетикалық түрінде – ауырғандық ұстама түрінде, коликаны (спастикалық ауырғандық) еске түсіреді, бірақ оның күші мен ұзақтығы кемдеу болады; гипокинетикалық дискинезияда – ауырғандық ұзақ, тұйық, тұрақты болып келеді, өт қабы тітіркенгенде пайда болады.

Созылмалы холециститке қоса әр уақытта перихолецистит болады, сондықтан өт қабы деформацияланған болып келеді.

Рентгенологиялық тексеру мен УДЗ өт қабының деформациясын, оның қабырғасының қалыңдағанын, функциясының бұзылғанын (өт қабының «ағытылып», бөлініп қалуына дейін өзгерістің болуы) анықтауға мүмкіндік береді. Қан анализінде қабыну белгілері болады. Несеп және қан анализдеріне қарап өт бөлуінің бұзылу дәрежесін, ұйқы безі ферменттерінің концентрациясының өзгергенін анықтауға болады.

Дуоденальды зондтау нәтижесіне қарап дискинезия сипатын анықтайды.

СТзХ-ті өт жолдарының дискинезиясынан, өт тасы ауруынан, он екі елі ішек жарасы ауруынан, перигепатиттен, жедел гепатиттен және бүйрек коликасынан айыра білу керек.

Өт жолдарының дискинезиясы мен созылмалы холециститті бір-бірінен ажырата білу жөнінде «Өт жолдарының дискинезиясы» тақырыбын қараңыз.

Өт тасы ауруында ауру адам ұстама кезінде тынышсыз болады, кейде төсекте төңбекшіп жатады, кейде бөлме ішінде төңбекшіп жатады. Ұстама кезінде сарғыштық пайда болады. Күшті ауырғандыққа қарамастан объективті тексергенде онша айқын ауыр белгілер болмайды. Терең дем алған кезде және оң жақ қабырға доғасын қаққан кезде болмашы ауырғандық анықталады. Дене қызуы қалыпты күйде, қан өзгермеген. УДЗ, холецистография және компьютерлік томография көмегімен өт қабы мен өт жолдарында тас табуға болады.

Он екі елі ішектің жара ауруында ауыру ұстамасы тамақ қабылдағаннан кейін 5-6 сағат өткеннен кейін немесе аш қарынға пайда болады, ол тамақ қабылдағаннан кейін, антацидтер, спазмолитиктер қабылдағаннан тоқтайды. Ауырғандықтың жыл маусымымен байланысы болады. Шешуші диагноз эндоскопиялық және рентгенологиялық тексерудің мәліметтеріне қарап қойылады.

Перигепатитте бауыр ұлғайған, сипап тексергенде оның төменгі шетінің бойында ауырғандық анықталады. Қабырға доғасын қаққанда оң жақ бұғана ортасы сызығының бойымен де, оң жақ артқы қолтық асты сызығының бойымен де ауырғандық болады. УДЗ-де перигепатитке тән өзгерістер көрінеді.

Жедел панкреатитте науқас адамның хал – күйі ауыр болады, ауырғандық көбіне эпигастрий мен сол жақ қабырға асты аймағында орналасады, кейде оның оралма сипаты болады, өте сирек оңға және жоғары қарай тарайды. Пальпацияда – Шофар зонасында ауырғандық анықталады, қан мен несепте амилаза концентрациясы көбейеді, кейде гипергликемия мен глюкозурия байқалады.

Бүйрек коликасында (шаншуында) ауырғандық несепағар бойымен төмен және сыртқы жыныс органдарына қарай тарайды, ауырғандыққа қоса полакурия мен гематурия болады. Оң мәнді Пастернацкий симптомы анықталады. Диагнозды УДЗ, рентгенологиялық және урологиялық тексерулердің мәліметтеріне қарап қояды.

Клиникалық диагнозды тұжырымдауда ескеру керек:

1) аурудың фазасын (сатысын);

2) даму барысының сипатын;

3) ауырлық дәрежесін;

4) дискинезия типін;

5) басты клиникалық синдромдарды;

6) асқынуларын.

Диагноз тұжырымдаудың мысалдары:

1. Созылмалы тассыз холецистит, қайталау фазасы, қайталамалы даму барысы, орташа ауыртпалық дәрежесі. ӨЖД-ң гиперкинетикалық типі. Ауырсыну және диспепсиялық синдром. Асқынулары жоқ.

2. Созылмалы тассыз холецистит, қайталау фазасы, жиі қайталамалы, орташа ауырпалық дәрежесі. Перихолецистит, реактивті гепатит.

3. Созылмалы тассыз холецистит, қайталау фазасы, жеңіл дәрежесі, өт қабының гипотониялық дискинезиясы.

Емі. Аурудың қайталау кезеңінде 7-10 күн төсек режимін сақтау керек. Ауырғандық пен қайталаудың айқын белгілері жойылғаннан кейін режим кеңітіледі.

Өте күшті өршу фазасында алғашқы 1-2 күн ішінде ауру адам тек жылы сұйықтық (қою емес қантты шай, жеміс – жидек шырыны, «Боржоми» минеральдық суы) қабылдайды. Кейін үккіштен өткізілген (үгілген) диета тағайындалады: көжелер (сұлы, күріш, майда жарма), кисель, майлы емес сүзбе, майлы емес пісірілген балық, үгілген ет, кептірілген ақ нан. Тағамды күнде 5-6 рет қабылдайды.

Созылмалы холециститтің өршуін жойғаннан кейін №5 диета тағайындалады. Қолдануға болмайтын тағамдар: ет сорпасы, мал майы (сары майдан басқасы), жұмыртқаның сары уызы, өткір тұздықтар (сірке, бұрыш, қыша, желкен қосылған), қуырылған және бұқтырылған тағамдар, тәтті қамыр тағамдары. Алкогольдік ішімдіктерге тиым салынады.

Ауырғандықты тоқтату. Өт қабының гипертониялық дискинезиясында (оң жақ қабырға астының өте күшті ауыруы, ауырғандықтың тиісті бағытта тарауы; ауырғандықтың тамақтанудағы ауытқулармен байланысты, тойып тамақ ішкеннен кейін немесе көңіл-күй күйзелістерімен байланысты пайда болуы) перифериялық М – холинолитиктер (атропин, метацин, платифиллин, гастроцепин), миотропты спазмолитиктер (папаверин, но-шпа, феникаберан), нитроглицерин қолданылады.

Өте күшті ауырғанда анальгин, баралгин, промедол, дроперидол, паранефральды новокаин блокадасы қолданылады.

Өт қабының гипотониялық дискинезиясында (біркелкі тұйық немесе сыздап ауыру, оң жақ қабырға астында салмақ сезіну) холекинетиктер (өт қабының тонусын көтереді, оның ішіндегі құрамнан босауына көмектеседі, осы жолдар арқылы ауырғандықты азайтады немесе жояды), өсімдік майлары (зәйтүн, күнбағыс), ксилит немесе сорбит (15-20 г 1/2 стакан жылы суға ерітіп, күнге 2-3 рет қабылдайды), магний сульфаты (20-25% ертіндісінің 1 ас қасығын күнде 2-3 рет тамақ алдында) тағайындалады.

Гипокинетикалық дискинезияда аптасына 2 рет «соқыр» зондтау қолданылады: 100-150 мл жылы суға ксилиттің (немесе сорбиттің) 20-25 г ерітіп, ауру адам аш қарынға ішке қабылдайды, одан кейін 1,5-2 сағат бойы қыздырғыш басып оң жақ бүйіріне жатады. Ем курсі 6-8 процедурадан тұрады. Ксилиттің орнын өсімдік майының 2 қасығын қолдануға болады.

Өт жүргізетін дәрілермен емдеу. Холецистит өршіген кезде және коликада спазмолитиктер (платифиллин, но-шпа, папаверин және т.б.) қолданылады, одан кейін микробқа және қабынуға қарсы әсері бар дәрілер (циквалон, никодин) қолданылады, қайталауды басқаннан кейін холеретиктер (аллахол, дехолин, хологон, холензим, фестал, дигестал, мексаза, лиобил, фламин, жүгері шашақтары, олиметин) тағайындалады. Өт жолдарының гипотензиясында холекинетиктер (ксилит, сорбит, магний сульфаты, карловар тұзы, өсімдік майлары) беріледі.

Холекинетиктер мен тюбаждарды калькулезді холециститте және өт жолдарында тас болуы жөнінде күдік болған жағдайда тағайындауға болмайды (қарсы көрсетпелер).

Аурудың табиғаты бактерия текті деген ой туғанда және өт қабында активті қабынудың клиникалық және лабораториялық белгілері болған жағдайда антибактериялық ем қолданылады. Антибактериялық дәрілер ретінде антибиотиктер (ампициллин, оксациллин, ампиокс, рифампицин, эритромицин, эрициклин, олеандомицин, линкомицин, пенициллин, тетрациклин, рондомицин, вибрамицин, олететрин, цефалоспориндер), хинолондар (абактал, таривид, ципрофлоксацин), нейтрофуран өнімдері (фурадонин, фуразолидон), оксихинолин өнімдері (нитроксолин, 5-НОҚ), налидикс қышқылының өнімдері (невиграмон, невиграм), хлорофиллипт қолданылады.

Антибактериялық дәрілермен емдеу 7-10 күнге созылады, 2-3 күн үзілістен кейін ем курсін қайталауға болады. Антибактериялық дәрілерді бактериоцидтік және қабынуға қарсы әсері бар өт жүргізетін дәрілермен қосып берген жөн (циквалон 0,1 күнге 3-4 рет тамақ алдында; никодин таблеткасын 0,5 күнге 3-4 рет тамақ алдында).

Өтте паразит табылған жағдайда антипаразитарлық ем қолданылады. Описторхозда, фасциолезде, клонорхозда эритромицин немесе фурозолидонмен бір хлоксил беріледі (2 г ұнтақты 1/2 стакан суға ерітіп, 10 минут сайын 3-5 рет 2 күн қатарынан қабылдайды; арасы 4-6 ай болатын екі ем курсін жасайды).

Стронгилоидозда, трихоцефаллезде: вермокс 1 таблеткадан күнге 2-3 рет, 3 күн бойы беріледі; қайталау курсі 2-4 аптадан кейін; комбантрин 0,25 күнге 1 рет 3 күн бойы қабылданады.

Лямблиозда: фуразолидон 0,15 күнге 3-4 рет 5-7 күн бойы; трихопол (флагил, метронидазол) 0,25 күнге 3 рет 5-7 күн бойы; аминохинолин 0,1 күнге 3 реттен 5 күн бойы (10 күннен кейін аминохинолинмен емдеу қайталанады).

Дезинтоксикациялау емі. Венаға тамшылатып гемодез, полидез, глюкозаның            5% ертіндісі, натрий хлоридының изотониялық ертіндісі егіледі; ішке минеральды сулар (Боржоми т.б.), итмұрынның қайнатпасы қабылданады.

Иммунитетті түзеу емі. Созылмалы холецистит пен созылмалы гепатит қоса кездес-кенде жиі иммундық қорғаныс тежеледі. Мұндай жағдайда декарис (150 мг күнге 1 рет 3 күн бойы апта ішінде, 3 рет қайталанады), Т-активин (100 мг тері астына күнге 1 рет егіледі, ем 5-10 күнге созылады; тималин 20 мг бұлшық етке күнге 1 рет егіледі, 5-10 күн бойы) қолданылады.

Физиотерапиялық ем. Қайталаудың бәсеңдеу сатысында физиотерапевтік ем қолданылады: индуктотермия, УЖЖ ток, ультрадыбыспен емдеу, новокаинның 5% ертіндісінің, магний сульфатының 10% ертіндісінің электрофорезі, парафин, озокерит, инемен емдеу, бальнеотерапия.

Минеральдық сулармен емдеу. Созылмалы холецистит гипертониялық дискинезиямен қоса кездескенде қолданылатын минеральдық сулар: Славянская, Смирновская, Ессентуки №4, 20, Нарзан №7 (судың жылулығы 40-45°С, көлемі тәулігіне 500-600 мл).

Созылмалы холецистит пен гипотониялық дискинезия қоса кездескенде қолданылатын минеральдық сулар: Арзни, Березовский минеральдық сулары, Боржоми, Трускавец, Ессентуки №17; жылуы бөлме температурасымен бірдей, тәулігіне 500-600 мл артық емес.

Хирургиялық ем көрсетпелері:

1) консервативтік ем ұзақ уақыт нәтижесіз болғанда;

2) созылмалы тассыз холециститтің асқынулары: өт қабының шемені, өт қабының абсцесі, «ағытылып қалған» өт қабы;

3) емге ауыр көнетін панкреатиттің, холангиттің қосылуы.

Ремиссия фазасының емі. Жүргізілетін емдер:

1) диеталық режим (№5 стол);

2) профилактикалық ем курстары: өт жүргізетін дәрілер + спазмолитиктер немесе церукал айдың алғашқы 10 күні бойы қабылданады, ем жазғұтыры – күз кезінде 2-3 айға созылады;

3) минеральды сулармен 4 апта бойы жылына 2 рет емдеу.

Еңбекке қабілеттіліктің қалпына келу критерийлері: аурудың қайталауы мен ауыр дискинезиялық өзгерістердің жойылуы.

Еңбекке жарамсыздықтың орташа мерзімі: аурудың жеңіл қайталауында – 6-10 күн; орташа ауыртпалықты қайталауда – 20-23 күн, ауыр қайталауында – 40-45 күн.

Санаторийлы-курорттық ем аурудың ремиссия фазасында іске асады, науқастарды бальнеологиялық курорттарда (Ессентуки, Железноводск, Боржоми, Трускавец, Моршин) және жергілікті санаторийларда емдейді.

Курорттық емге жолдама беру көрсетпелері: сарғыштық, холангит жоқ, қайталаудан кейін 2-4 ай өткен, созылмалы тассыз холангит.

Диспансерлеу. Созылмалы холециститпен ауыратын адамдар диспансерлік есепке алынады, олар жүйелі түрде жылына 1-2 рет қаралып тұрады.

Прогноз. Жалпы жайлы болып келеді. Ол жиі қайталау болғанда және асқынулар бой көрсеткенде төмендейді.

Профилактикасы. Профилактикалық шараларға тиімді қоректену, активті өмір салты, емдік дене тәрбиесі, жедел холециститті, асқазан – ішек жолының ауруларын, ошақты инфекцияны, интоксикацияны, аллергоздарды, невроздық және зат алмасу бұзылыстарды мезгілінде және тиімді емдеу жатады.

 

 

Бауыр циррозы

 

Бауыр циррозы (грек. kirros – лимон – сары түс + osis) бауырда дәнекер тінінің өрбіп өсуімен, бауыр тінінің патологиялық регенерациясымен және органның құрылысының өзгеруімен сипатталатын, бауырдың функциональді жетіспеушілігінің әр дәрежедегі белгілерімен және портальдық гипертензияның белгілерімен көрініс беретін созылмалы үдей дамитын ауру. Бауыр циррозы деген терминді 1819 ж. Р. Лаэннек ұсынған.

Этиологиясы және патогенезі. Бауыр циррозының этиологиялық факторларына В, С гепатитінің вирусы, созылмалы алкогольмен улану, генетикалық факторлар (гемохроматоз, Вильсон – Коновалов ауруы, Рандю – Ослердің геморрагиялық телеанги-эктазиясы,          a1-антитрипсин жетіспеушілігі, IV типті гликогеноз, галактоземия), бауыр іші және бауырдан тыс өт жолдарының аурулары (бірінші және екінші ретті билиарлық цирроздар), бауырдан ағатын вена қанының обструкциясы (Бадд – Киари синдромы), созылмалы қан айналысы жетіспеушілігі (оңқарыншалық жүрек әлсіздігіндегі, үшжармалы қақпақ жетіспеушілігіндегі, констрикциялы перикардиттегі қан іркілуден туындайтын бауыр циррозы), улар (төртхлорлы көміртегі), дәрілер (допегит, изониазид, нитрофуран қатарының дәрілері, метотрексат), паразиттік инвазиялар (описторхоз, шистосомиаз), жіңішке ішектің аумақты бөлігін бөліп тастайтын (семіздікте) ішекке шунт салу операцияларындағы алиментарлық дисбаланс жатады. Көрсетілген себептердің ішіндегі ең жиі себептер – В гепатитінің, С гепатитінің вирусы және алкогольдік интоксикация (барлық бауыр циррозының 70-80%). Науқастардың 10-35% бауыр циррозының себебі анықтал-майды (криптогендік цирроздар).

Бауыр циррозы ұзақ уақыт қалыптасады, бұл уақыттың ішінде бауыр клеткаларының гендік аппараты өзгереді және патологиялық өзгерген клеткалардың жаңа ұрпақтары (буындары) түзіледі. Бұл процестің иммунды қабыну сипаты болады. Оны В гепатитінің вирусы, алкогольдік гиалин, кейбір дәрілер т.с.с. организм үшін бөтен антигендер сүйемелдеп отырады. Кейбір агенттердің (мысалы, алкогольдің) бауырға тура улы әсерінің де белгілі бір маңызы болады.

Гемохроматозда бауырды зақымдайтын бөтен агент ролін темір – белок комплекстері, Вильсон-Коновалов ауруында – мыс – белок комплекстері атқарады. Вено – окклюзиялық және кардиальдық цирроздардың этиопатогенезінде әзірше көптеген түсініксіз жерлер көп.


Дата добавления: 2019-07-17; просмотров: 142; Мы поможем в написании вашей работы!

Поделиться с друзьями:






Мы поможем в написании ваших работ!