Trilobitomorpha типшесі. Трилобит тәрізділер



Трилобит тәрізділер арқа сауыты көлденеңінен үш мүшелі, қазір жойылып кеткен теңіз жануарларын біріктіреді. Трилобит тәріздінің шырқау дамуы бастапқы палеозойда болған. Палеозойдың соңында олар жойылып кеткен. Олар үш класқа бөлінеді, соның ішінде ең көп таралғаны және геологиялық маңыздысы трилобиттер класы.

Trilobita класы. Трилобиттер (үш бөлімділер) – палеозой теңіз аяқтылары, олардың ұзыншақ екі жақты-симметриялы денесі арқа жағынан үш бөлек жалпайған сауытпен жабылған. Үш қабат сауыт бас, дене және құйрық бөлімдерінен тұрады. Қарыны жұмсақ жарғақ – мембрамен көмкерілген. Трилобиттердің ас қорыту, зәр шығару, қан айналым, жүйке, жыныс жүйелері жақсы дамыған. Аяқ-қолдары жетілмеген, екі тармақты. Көздері қарапайым және күрделі (фасеталық және агрегаттық), олар бас қалқанында орналасқан. Құйрық бөлімі (пигидий) бір-бірімен жымдасқан сегменттерден жаралған, олардың саны біреуден отызға дейін жетеді. Трилобиттердің сауыты үш қабатты құрылысты.

 

Негізінен микропланктондармен немесе су түбіндегі тұнбалармен қоректенген. Қауіп төнгенде жиырылып қалады. Трилобиттердің 2 мыңнан астам туысы, 10 мыңдай түрі белгілі. Бұлар 2 отрядқа бөлінеді:

  1. миомерлер (агноститтер)
  2. полимерлер.

Трилобиттердің қазба қалдықтары кембрийдің алғашқы кезінен табылған, олардың ең көп тараған кезеңі – кембрийдің соңы, палеозойдың соңында жойылып біткен.Трилобиттер — палеонтологияда: құрып біткен теңіз буынаяқтыларының класы; теңіз түбінде тіршілік еткендері де, нектонды және планктонды түрлері де болған; кембрийден пермьге шейін тіршілік еткен.

Қазақстанда Кіші Қаратау жотасындағы Үшбас, Көксу өзендерінің орта ағысы мен Жаңатас ашық кенішінің солтүстік бөлігіндегі төменгі кембрий шөгінді жыныстарынан Трилобиттердің 7 тұқымдасы, 8 туысқа жататын 35 түрі табылды. Трилобиттердің төменгі палеозой стратиграфиясын анықтауда маңызы зор.

Планктон (гр. plаnktos — кезбе) — теңіздің, су айдындарының әр түрлі тереңдігінде мекендейтін және суда қалқып тіршілік ететін, су ағынына төтеп бере алмайтын организмдер жиынтығы.

Тұщы су планктоны — көл планктоны (лимнопланктон) және өзен планктоны (потамопланктон) деп ажыратылады. Тұщы су зоопланктонында ескекаяқты және бұтақмұртты шаяндар мен коловреткалар көп болады. Теңіз зоопланктонында негізінен шаянтәрізділер, қарапайымдар, ішекқуыстылар, моллюскалар, т.б. омыртқасыздар басым келеді. Фитопланктон фотосинтез процесі жақсы жүретін судың жоғары қабатын, негізінде 50 — 100 м тереңдікті мекендейді. Ал бактериялар және зоопланктондар судың барлық қабатында кездеседі. Теңіз фитопланктоны диатомдық балдырлардан, талшықтылардан; ал тұщы суда диатомдық, көк-жасыл, жасыл балдырлардың кейбір түрлерінен тұрады. Фитопланктон — судағы гетероторфты жануарлар мен бактериялар қоректенетін негізгі продуцентті органикалық зат. Бұлардың су айдындарында көп болуы — су қабаттарындағы биогенді заттарға (фосфат, азотты қосылыстар, т.б.) байланысты. Судағы планктон мөлшері олармен қоректенетін жануарлар, су ағысы, жыл мерзімі, т.б. көптеген жағдайларға байланысты бірнеше км-ден бірнеше м-ге дейін өзгеріп отырады. Планктон шектен тыс көбейіп кетсе, су көк түске боялады, кейде улы заттар да түзіледі. Көптеген планктон жануарлар тұрақты түрде қоныс аударады (миграция), соның нәтижесінде судың беткі қабатындағы қоректік заттар су түбіне ауысады. Кейбір планктонды организмдер су айдындарының ластануының индикаторы болып есептеледі. Араларында кәсіптік маңызы бар түрлері де жеткілікті. Мысалы, креветкалар, мизидтер, крильдер (эвфаузиидті шаян), т.б.

Бентос (гр. benthos – тереңдік) — су қоймаларының түбіндегі организмдер жиынтығы. Өсімдіктер бентосы (фитобентос) тайыз жағалау зонада орналасады; жануарлар бентосы (зообентос) барлық тереңдікте болады. Бентос — көптеген балықтардың жемі. Мұхиттар мен теңіздердің, құрлықтағы суқоймасының түбіндегі саз-топырақ бетінде және арасында тіршілік ететін организмдер жиынтығы.

Жүзбеорганизм (грек nektos – жүзуші) - судың қалың қабатында ағысқа қарсы белсенді жүзетін организмдер жиынтығы. Өзендер мен көлдерде жүзбеорганизмдер негізінен балықтар. Теңіз экожүйелерінде жүзбеорганизмдер құрамына балықтарға қоса сүтқоректілер (киттер, дельфиндер), ұлулар (кальмарлар), құстар (пингвиндер), қосмекенділер (тасбақалар) кіреді. Кәсіпшілік маңызы бар теңіз жануарларының көпшілігі жүзбеорганизмдерге жатады.


Дата добавления: 2015-12-21; просмотров: 1; Мы поможем в написании вашей работы!

Поделиться с друзьями:






Мы поможем в написании ваших работ!