АЗАҚСТАН МӘДЕНИЕТІ НЕГІЗІНДЕ ЖОҒАРЫ ОҚУ



ОРЫНДАРЫНДА МУЗЫКАЛЫҚ-ПЕДАГОГИКАЛЫҚ БІЛІМ

БЕРУ: ІЗДЕНІСТЕР, ШЕШУ ЖОЛДАРЫ ЖӘНЕ ЖАҢАЛЫҚТАР [*] //

Азіргі заман: пікірлер әлемі философия альманахы. «Философия ғылымдары» сериясы Абай атындағы ҚҰПУ. - №1. – 2011. – 84-91 бб.

Оқымбаева Б.Ж.

Өнертану ғылымының кандидаты, философия ғылымдарының докторы,

ПМПИ профессоры, Павлодар қаласы

 

Құрметті қонақтар, әріптестер, студенттер! Бүгінгі семинар – ерекше, уникалды. Өйткені, «Мұрагер» – тек бізде, Қазақстанда ғана бар. Сондықтан осы семинарға қатысып отырған қатысушыларға, барлығымызға табыс тілеймін. Және де бұл семинар Павлодарда алғаш рет болғандықтан, бүкіл Ертіс-Баян өңірі үшін тарихи оқиға деп есептеймін.

Семинар тақырыбы - «Жоғары оқу орындары мен орта мектептерде «Мұрагер» бағдарламасы бойынша үздіксіз білім берудің жаңа жүйесі». «Мұрагер» бағдарламасының нақтылы авторлары – Абдулхамит пен Сайра Райымбергеновтер және Ұлжан Байбосынова болса, олардың ой-пікірлестері, ниеттестері жеткілікті. Оның ішінде осы семинарға жиналған барлығымыз десек артық боламайтын шығар. Ал осындағы Қазақстанның әр тұсынан, тіпті аулдардан да келіп отырған ұстаздардың шәкірттерін, олардың ата-аналарын, сол мектептердің жетекшілерін, Білім департаменті қызметкерлерін қосқанда..., – біздің қатарымыз тіпті де аз емес. Керісінше, көбейіп келе жатырмыз. Бұл жағдай кездейсоқ емес. Бұл бүгінгі егеменді Қазақстанның негізгі бағытына, атап айтқанда, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес келгендігімен де байланысты.

«Мұрагер» бағдарламасы туралы ғалымдардың, атап айтқанда, өнертанушылардың жазғаны аз емес. Ен алдымен мұнда Ә.И. Мұхамбетованы атап кеткен орынды. Өйткені, Ұстаздың шәкірттері туралы жазғаны бүкіл адамзат мәдениетінде сирек кездесетін уақиға екені анық. Белгілі этномузыкатанушы Б.Ж. Амановпен бірігіп жазған монографиясында Әсия Ибадуллақызының осы «Мұрагер» бағдарламасы, А. және С.Раимбергеновтер мен Ұлжан Байбосынованың балаларды музыкалық-эстетикалық тәрбиелеу жүйесін құрудағы еңбектері туралы, яғни өз шәкірттерінің осы маңызды да мағыналы іс-шаралары жөнінде, жария еткен пікірлері дәл осындай елеулі ауқиғалар қатарынан табылары сөзсіз [1]. Және де философ З.Наурызбаеваның, Астанадағы Ұлттық өнер университетінде жұмыс істейтін өнертану ғылымының кандидаты, доцент Г.Т. Альпеисова секілді ғалымдардың да бұл туралы зерттеулері бар.

Бірақта бұл ақпарат негізінен мамандарға, музыкатанушыларға белгілі. Ал көпшілікті алсақ, жаңа құбылыс болғандықтан, әлі де нақты өзінің орнын тапқан жоқ сияқты. Сондықтан, біздің міндетіміз - бұл бағдарламаны қазіргі Қазақстан қоғамы, мәдениеті, білім саласы бойынша философиялық-ғылыми түрде талдау, сөйтіп мән-мағынасын аша түсіп, көпшілікке таныстыру, насихаттау.

Алдымен, негізгі ұғымдарға көз жүгіртейік. Өйткені, ұғымдар бір түрде қатып қалмай, заман, қоғам өзгерістерімен байланыста болып, олардың да мән-мағынасы өзгеріп отырады. Мысалы, білім беру ұғымын алайық. Оны қазіргі ғалымдар: философтар, мәдениеттанушылар, әлеуметтанушылар, өнертанушылар, тағы басқалары да зерттеп жүр. Философия, мәдениеттану салаларын қарастырсақ, білім беру – қазіргі заман мәдениетінің негізі деп қарастырылады. Және де білім беру туралы әртүрлі көзқарастар аз емес. Оның негізгі бағыттары: а) дәстүрлі түрі – педагогика; ә) жаңа бағыт – білім философиясы, әсіресе Рессейде кең дамыған; б) Бізде Қазақстан Республикасынды педагогика және білім философиясымен қатар тағы бір бағыт дамып келеді. Ол – педагогика философиясы деп аталынады. Белгілі философ А.А.Хамидовтың пайымдауынша, білім философиясы біліморталық (знаниецентризмге) кетіп, тәрбие саласы ұмыт қалады. Ал педагогика философиясы білім мен тәрбиені біртұтас қарастыруға мүмкіндік жасайды. Менің ойымша, бұл көзқараспен келісуге болатын сияқты.

Келесі – музыка ұғымы. Оны да әртүрлі қарастыруға болады. Біз тақырып бойынша екі жағынан ғана қарастырамыз: біріншіден, музыка – басқа өнер түрлерімен салыстырғанда ерекше өнер. Неге десеңіз, ол сөзбен, тілмен, сөйлеумен тығыз байланысты. Соңдықтан, адам парасатының дамуы, кісілігі, санасының қалыптасуы музыкамен тығыз байланысты. Екіншіден, музыка өнерін мәдениет құбылысы ретінде бас миының ассиметриясы теориясы тұрғысынан қарастырған жөн. Бұл теория бойынша, адам баласының бас миының оң жағы мен сол жағы әртүрлі: формасы жағынан емес (сол жақ – дөнгелек, оң жақ – басқа бір геометриялық фигураға ұқсайды), олардың функциялары, қызметтері әртүрлі деген мағынада. Оң жақ - бүтіндік, біртұтас көркем-образды тудыруға жауапты ми жарты шары. Сол жақ – логикалық, рационалды талдауға жауапты ми сыңары болып табылады [2].

Бұл теорияны әр ғылым саласында әртүрлі ұғымдармен түсіндіруге болады. Мысалы, музыкалық психология бойынша оң жақ – жүрек, жан (көне грек сөзі психо), сезім, интуиция, эмоциямен байланыста болса, сол жақ – бас, сана, ойлауға сүйенеді. Бір ескертетін жайт: жеке-жеке алғанда қай-қасысы да толық емес. Ғалымдардың пайымдауынша, сол жақ, яғни рационалды талдау қабілеті батыстық халықтарда жоғарырақ дамыған. Сондықтан болар, оларда ғылым, техника дамуда. Бірақта мұны тек қана бір жақты оң үрдіс ретінде қарастыруға болмайды. Өйткені, осы жағдайдан бүгінгі күні әртүрлі, бәрімізге белгілі, қиын мәселелер туындаған. Олар – экология, басқа да глобалдық мәселелер. Ал оң жақтың негізі - жүрек, сезім, эмоция болғаны, шығыс халықтарының ұлттық психологиясына, мінездемесіне тән дейді. Сондықтан, шығыста адам баласының ішкі рухани әлеміне, көңіл-күйіне көбірек көңіл аударылады. Мұны, мысалы, қазақтарда: көңіл-күйіңіз қалай? – дегеннен байқауға болады.

Ендеше, мынадай сұрақтың туындауы мүмкін: сонда қалай, батыста адам туралы ілімдер дамыған жоқ па? – Антропологияның (адам туралы ілімнің) әр саласы (философиялық, әлеуметтік, медициналық салалары, психология болсын) батыста пайда болып қалыптасқан жоқ па? - Оған жауап мынадай: келісеміз. Бірақта мұнда, мысалы, француз ойшылы Ламетри адамды машина ретінде қарастырып, дүниеге механистік көзқараста, яғни, рационалдық ойлауда болғаны белгілі. Сонымен қатар, қарама-қарсы идеалистік философиялық көзқарастар да дамыды, ал бүтін, біртұтас дүниеге көзқарас мүлдем жоқтың қасы деуге болады.

Ақиқат, шындық – ортасында, екеуінің байланысында, басқаша айтқанда, көркем мәдениет пен техникалық мәдениеттің, немесе лириктер мен физиктердің үйлесімділігінде. Бірақ негізі – жүрек, көңіл-күй. Хәкім Абай сөзімен айтқанда, Адам бол, яғни, жүректі бол, бірақта жүрек пен ақыл үйлесімді болу керек деген аманатта. Олай болса, музыка өнерінің мәдениетте, соның ішінде білім саласында да, орны ерекше, өзекті болып табылады.

Келесі: «қазақстандық мәдениет» деген ұғым. Бұл ұғымды қарастырсақ, бұл қазақстандық патриотизм, қазақстандық азаматтылық, қазақстандық жол секілді қазіргі елімізге тән құбылыстарға жатады. Жоғарыда ірі ғалым, өнертану ғылымының докторы, профессор Ә.И.Мухамбетованың өзінің кітабында Райымбергеновтердің балаларға арналған эстетикалық тәрбие жүйесі туралы оң пікірі бар екенін айтып кеттік. Сол кітапта Ұстазымыз «Мұрагер» жұйесін басқа да әлемдік бағдарламаларымен салыстырып талдайды. Оның ішінде Кеңес кезінде барлық республикаларда қолданылған Д.Д.Кабалевский жүйесі де қарастырылған. Айтайын деп отырғаным, композитор, зерттеуші Д.Д. Кабалевскийдің бағдарламасы өз кезеңіне сай кеңестік адам бейнесін, советтік патриотизмді қалыптастыруға мүмкіндік туғызған.

Ал, қазіргі Қазақстанға қазақстандық патриотизм, қазақстандық азаматтылық қажет. Бүгінгі жастар оны түсінеді және де қабылдайды. Мынадай мысал келтірейін. Қазақ музыка тарихы пәнін орыс тобында жүргізгенде, «қоңыр үнді қара домбыра» деген халықтың нақыл сөзін келтіргенмін. Сонымен қатар, Қоңыр күйлер, Назқоңыр, Майда қоңыр, Жай қоңыр, Әсем қоңыр сияқты ән-күйлер бар екенін қарастырдық. Ал, қара домбыра, қара өлең, қара халық – негізгі халық, Қаратау, Қарахан тайпалары, Абайдың Қара сөзі – философиялық сөз деген мағынада екені туралы қысқаша мағлұмат берілді. Қорыта айтқанда, қоңыр, қара, ақ, көк дегендер тек қана бояу емес, олар көпмағыналы философиялық астары бар тәңіршілдік рухани ілімінің анықтамалары деген ой-пікірге келеміз.

Сонда, студент А. Полехин Н.Ә. Назарбаев пен Алтынбек Коразбаевтың «Үш қоңыр» деген әні бар екенін ойға салып, «Бұл әндегі қоңырдың анықтамасы Сіздің айтқанызбен сәйкес келе ме?», - деп, сұрақ қойды. Бұл сұрақ, меніңше, студенттердіңбей—жай емес екенін, қазақ мәдениетін, өнерін түсінуге, білуге құштар екенін білдіреді. Мен осы мысалды жастарда қазақстандық патриотизм, қазақстандық азаматтылық сезімдері қалыптасқанының дәлелі деп түсінемін.

Енді «қазақстандық мәдениет» ұғымына оралсақ, бұл дәстүр мен өркениеттің, отандық және әлемдік қазынаның диалектикалық байланысы болып табылады. Оның түбірі, рухани тірегі - дәстүр, халықтық мұра. Сонау көшпелі сақ тайпаларынан бастап дамып келе жатқан асыл қазынамыз бүгін де өз күшінде. Халықтық саз өнерін сақтау, әрі қарай дамыту – қазіргі күннің талабы. Міне, осы ертеден келе жатқан асыл қазынамызды жоғалтпай, әрі қарай дамытып, жаңғыртып келе жатырмыз. Және де бұл мұра қазақстандық мәдениеттің рухани негізі, тірегі болып әрі қарай шарықтауда.

Уақыт өте біздің көшпелі ата-бабаларымыз отырықшылыққа көшті, өз мәдениетің одан ары дамытты. Қазақстан композиторлары әлемдік музыканы өзіндік ерекшеліктері бар ұлттық сипаттағы өнермен байытты. Қазақ композиторлары үшін ұлттық дәстүрлі музыка шығармашылық ізденістің қайнар көзі іспеттес. Көптеген опера көріністері халық әуенінің негізінде шығарылды. Еуропалық симфония мен қазақтың кәсіби аспаптық музыка қағидаларының сабақтасуы жаңа жанр – оркестрге арналған күйлерді тудырды. Ғасырлар бойы қалыптасқан қазақтың аспаптық дәстүрінің бағытын өзгерту өзгеше оркестрлік бояулар мен үндердің, фортепианолық және вокалды техниканың асқан шебер тәсілдерінің пайда болуына себепші болды. Ежелгі қазақ мифологиясына, тәңірлік дүниетанымға және тарихқа жүгіну музыканың әсерлі-көркемдік аясын пәлсафалық толғаулармен асқан толықтырып кеңейтті.

Қазақстанның тәуелсіздік кезеңі музыкалық мәдениеттің тақырыптық және көркемдік аясын байытумен, ұлттық тарих пен мәдениетке асқан қызығушылықтың күшеюімен белгіленді. Сазгерлік стильдер дараланып, ұлттық әеузге деген қызығушылық қайта жанданды. ХХ ғасырдың екінші жартысында қазақтың көпшілікке танымал музыкасы пайда болды. Вокалды-аспаптық ансамбльдер мен топтар құрылды. Қазақтың халық және ауызекі-кәсіби дәстүрлі музыкасының әншілік, аспаптық және эпикалық жанрларын поп, диско, хард-рок, арт-рок, фьюжн стильдердің эстетикасы және элементтерімен қосу нәтижесінде алуан түрлі музыкалық бағыттар пайда болды.

Музыка деген ерекше ұғым. Біреулеріне халық сазы ұнаса, тағы біреулері классикалық немесе эстрадалық, электрондық өнерді сүйеді. Ал еңді Қазақстан мәдениетінің музыкасына көз жүгіртсек, мұнда барлық салалар дамыған және де жетістіктері де аз емес. Халық музыкасын алсақ, оның өте бай, мазмұны терең екендігін дәлелдеп, әлемдік мәдениетте өз орны бар екендігін айғақтауға үлес қосқан Абдулхамит, Сайра, Ұлжан сияқты басқа да өнерпаздар аз емес. Қазіргі кездегі сегіз қырлы, бір сырлы тұлғалардың қатарында осы есімдері аталған азаматтардың тұрғаны анық: Абдулхамит – домбырашы, күйші; Сайра – өнертану ғылымдарының кандидаты; Ұлжан Байбосынова – жыршы, филология ғылымдарының кандидаты; үшеуі де жаңашыл-педагогтар, ізденімпаз-ғалымдар.

Енді жоғары айтылған ой-пікірлерді семинар тақырыбы «Мұрагер» бағдарламасымен байланыстырып қарастырсақ, авторлар сонау ХХ ғасырдың 80-ші жылдары өз жұмыстарын бастағанда, қазақстандық патриотизм, қазақстандық азаматтылық, қазақстандық жол, қазақстандық мәдениет секілді ұғымдар жаңа ғана пайда бола бастаған еді. Және де олар не тәжірибе түрінде, не философиялық-ғылыми түрде өз орындарын тапба қоймаған еді. Қазіргі кезде бұл ұғымдарға анықтама беріліп, олар қоғамда өз орнын тапты. Ал «қазақстандық мәдениет» ұғымын алсақ, әлі бүгінге дейін ол ойдағыдай зерттелген жоқ. «Мұрагердің» оны тегі авторлары сонау ХХ ғасырдың екінші жартысында өздерінің интуицияларына сүйеніп қолдану бастаған болуы керек.

Жоғарыда атап өткен Қазақстан музыкасының әр түрлі салалары «Мұрагер» бағдарламасында өз орнын тапқан. Бағдарламаға қысқаша көз жүгіртсек, мунда 1-сыныптан 7-ші сыныпқа дейін аңыз-күйлер, халық композиторларының ән-күйлері, халық композиторларының ән-күйлерін жеткізушілері, қазақтың тұрмыс-салт әндері, қазақтың саз аспаптары, айтыс өнері, жыраулық дәстүр орын тепкен. 7-сыныпта Түркі және Шығыс халықтарының музыкасы әлемдік мәдениет контекстінде қарастырылады. Және де Түркі және Шығыс халықтарының музыкалық аспаптары симфониялық оркестрмен салыстырылып, теңдестік бастамасында зерделенеді. Әрі қарай симфониялық оркестр, опералық театр секілді әлемдік мәдениет жетістіктері, сонымен қатар Қазақстандағы творчестволық ұжымдар, орындаушылар бойынша мағлумат беріледі, жүйелі түрде, ғылыми түрде қарастырылады. Қорыта келгенде, авторлардың пайымдауынша, «Мұрагер» дегеніміз – философиялық мағынасы терең ұғым болып табылады. Бұл – дәстүрлі дүниетаным жүйелері мен қазіргі кезеңдегі өнердің сабақтастығы, уақыттың байланысы идеяға сүйенеді. Және де жаңа қазақстандық дүниеге көзқарасқа сай ұстанымда құрастырылған. Міне, бұл бағадарламаның өзектілігі осында.

«Мұрагер» – қазақ мектебіне арналған [3]. Сондықтан бұл жұмыс қазақ мектептерінде жүргізіліп, 20 жылдай тәжірибе түрінде қолданған. Оның өзі – ірі және қиын өзекті мәселе. Бұл мәселені ойдағыдай шешуін тауып дәлелдеген міне осы семинардың қатысушылары. Абдулхамит пен Сайра Раимбергеновтер мен Ұлжан Байбосынова. Әрі қарай пікірлестердің қатары көбейіп, ұлғая берді, Алматыдан бастап, әр аймақта жаңашыл-педагогтар қосыла берді. Ал олай болуына жағдай жасағандар – мектептердің директорлары мен орынбасарлары, білім департаменті.

Павлодарлықтар да бұл жұмыстан қалыс қалған жоқ. Сондықтан болар, Алматы, Тараз, Көкшетау қалаларында өткізілген семинардың келесі кезеңі бізге келгені кездейсоқ емес. Өйткені біз де бұл жұмысқа өзіміздің күшімізді салып істеуге ұмтылдық. Біздің бұл іске қосқан үлестеріміз мыналар болып табылады.

Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты (ПМПИ) үздіксіз білім беру жүйесі бойынша кадрлар даярлау жұмысін әртүрлі жүргізіп жатыр. Жалпы институттың басты тақырыбы бойынша әр факультет, кафедра өз тақырыпшалтарын ойланып, тауып, мамандарды дайындайды. Мысалы, спорт факультеті ПМПИ колледжінде ұлттық спортты қосымша мамандық ретінде еңгізді. Және де 2010 жылдың наурыз айында «Тұлғаның әлеуметтік бейімделуін қалыптастырудағы ұлттық спорт түрлерінің рөлі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Және тағы осы секілді басқа да жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Музыкалық білім беру теориясы және әдістемесі кафедрасын алсақ, жалпы институт тақырыбы бойынша «Мұрагер» авторлық бағдарламасына сай жұмыс жүргізіп жатыр.

1 Қазақстанның жоғары оқу орындарында ҚР-дағы музыкалық білім жүйелері деген элективтік курс еңгіздік. Оны ПМПИ ректоры Ы.Алтынсарин атындағы Педагогика ғылымдары Академиясының академигі, профессор Жаңмырза Омарұлы Нұрмағанбетовтың рұқсаты бойынша жүргіздік. Және де оны қазақ топтарымен қатар орыс топтарында да жүргізіп жатырмыз. Бағдарламаның авторларымен бірге бас қосып силлабус, Жұмыс бағдарламаларды жасап бұл пәнді өткізетіндер әдіскер Жанар Серікбайқызы Сагитова, философия ғылымының кандидаты Нина Евгеньевна Гулякина, педагогика ғылымының кандидаты Тілеуберді Азамат. Кафедрада 2 мұрагер оқу-әдістеме кабинеттері көркемді безендірілген. Ал бұл жұмыстың ойдағыдай жүруіне жағдай жасап отырған кафедра меңгерушісі, доцент Еркін Жанайхан.

2 Сонымен қатар, «Мұрагер» бағдарламасын орыс мектептеріне де еңгізуді ұйғардық. Бұл жұмысты біздің кафедрамыздың түлегі Вадим Борисов Н. Е.Гулякинаның жетекшілігімен бастап, оған қатысты жағдайды, құжаттарды авторлар Абдулхамит, Сайра, Ұлжан, ПМПИ ректораты, облыстық Білім департаменті дайындады. Бұл ұжымдық жұмыс жоба ретінде бекітіліп, ұйымдастыру тобы Еркін Жанайхан, Бағлан Жиеншеқызы Қоқымбаева, Нина Евгеньевна Гулякина, Жанар Серікбайқызы Сагитова Ертіс ауданына барып, практикалық көмек көрсетіп жүр. Қазіргі кезде тек қазақ мектептері ғана емес, орыс мектептері де, жалпы алғанда, қазақстандықтар бұл бағдарламаға көңіл аударғандарын байқап отырсыздар.

Қорыта келе, қазақ мектептері болсын, орыс мектептері болсын - «Мұрагер» екеуіне де ортақ, лайық бағдарлама бола алады деген ой-пікір туындайды. «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан», «Қазақстандық жол» деген осындай істерде көрінеді.

 

Дебиет

1. Аманов Б.Ж., Мухамбетова А.И. Казахская традиционная музыка и ХХ век. – Алматы: Дайк-Пресс, 2002. – 544 с.

2. Сергеев Б.Ф. Парадоксы мозга. – С-П.: изд. ЛКИ, 2008. – 260 с.

3. Райымбергенов А., Райымбергенова С., Байбосынова У. Жалпы білім беретін казак орта мектебінін музыка паніне арналган «Мурагер» багдарламасы. 1 – 9 сыныптар. – Алматы: Умай баспасы, 2003. – 248 б.

 

 


Дата добавления: 2015-12-18; просмотров: 1; Мы поможем в написании вашей работы!

Поделиться с друзьями:






Мы поможем в написании ваших работ!