Топ ішінде ісіп-кеуіп, нарланып,

Парасат

Мұхтар Шаханов

ДИКТОР 1:

Сен жыладың, жігітім,

Көп көрдім деп тұрмыстың тапшылығын,

Қайтпады деп жұртқа еткен жақсылығым.

Сен жыладың,

Қырмызы күнім өтті деп.

Сенгенім сатып кетті деп.

Тағдырың неге сыр айтты сараң?

Өмірдің барлық сәтсіздіктерін

Бақытсыздық деп кім айтты саған?

 Кім айтты саған:

Тұлпарды сүрінбейді деп,

Асауды мінілмейді деп,

Ақкөйлекті кірлемейді деп.

Өзің-ақ айтшы ғаламда мынау

 Жеңудің бәрі жеңіс пе?

Жігітке арман жеткізіп пе еді

Өз сорын өзі жеңбесе.

Өмірдің барлық сәтсіздіктері

Бақытсыздық емес, ендеше!

Армысыздар, құрметті көрермен! «Жетісу» арнасында «Парасат» әдеби хабары. Бүгін біз ақындығы азаматтығымен ұштасқан қаламгер Мұхтар Шахановтың ой-пайымына үңілеміз!

                                 ШАХАНОВТЫҢ ШЕРІ

МӘЛІМЕТ 1: Өмірдерек

Мұхтар Шаханов 1942 жылы 2- шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданы, Қасқасу ауылында дүниеге келген.

ДИКТОР 2: 1960-70 жылдар қазақ әдебиеті үшін ерекше кезең болды. Әуезовше айтқанда, жыл келгендей жаңалық сездіргендер қатарында Мұхтар Шаханов та болды. Ол әдебиет есігін өзіндік үнімен, өзіне лайық стилімен батыл еніп, еркін ашты. Бұрын тұсаулы аттай ғұмыр кешкен поэзияға қанат бітірді. Ақынның бойындағы талантын ұштаған әкесі – Досбол Шаханов еді.

МӘЛІМЕТ 2: Өмірдерек

Қаламгердің әкесі Досбол Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясын оқып шыққан соң, баласы қаламгерге ұқсасын деп есімін «Мұхтар» қойған екен.

ГРАФИКА 1:

Жас едім өмірге еркін бойламаған,

Күні ертең не боларын ойламаған.

Шарықтап кетсем де алыс қанат қағып,

Өзіңдей қамқор адам қайда маған?!

Сүрінсем сынай қарап от жанарың,

Сен мені жақтамадың, ақтамадың.

Әрдайым осы қатал мінезіңнен

Күш алып мақсатыма аттанамын.

Жан әке, шертіп сезім домбырасын,

Кеудемді қуанышқа толтырасың.

Арманның аспанына құлаш ұрсам,

Арқамда асқар тау боп сен тұрасың.

Бұл күнде мен де өзеннің арнасымын,

Кім мөлдір болса соның жолдасымын.

Қуан сен, қуана бер, әкетайым,

Мен сенің өміріңнің жалғасымын.

Мұхтар Шаханов

 

ДИКТОР 3: Қаламгер:

Көзімді алмай маздап жанған оттардан,

Саған сенем,

Саған сенім артамын.

Қорықпаймын түсінігі жоқтардан

Жүрегі жоқ адамдардан қорқамын, –

деуінде де,

немесе:

Ер қадырын назардан тасалаудан,

Қай ел опа тауыпты?

Иә, ерлікті жасамаудан

Бағаламау әлдеқайда қауіпті, –

сынды ойлармен өзінің ерекшелігін, жүрек түкпіріндегі сезімі мен даралық табиғатын танытып, оқырманды ойға жетелейді. Өзіндік ырғақ, соны ой, тың теңеу – М.Шаханов поэзиясының кілті.    

МӘЛІМЕТ 3: Өмірдерек

Ақын 9 жасында әкесінен айрылған. 7-сыныптан соң мүмкіндігі болмай, оқуды тастап, колхозда трактордың тіркеушісі болды.  Кейін аталмыш кәсіптің 3 айлық оқуын бітірген. Сол кезде тракторшылардың бригадирі болуды армандаған екен.

ДИКТОР 4: Жас ақынның алғашқы өлеңдері трактор рулінде жүріп жазылды. Тырнақалды туындысы «Сырдария» 1959 жылы «Лениншіл жаста» жарық көрген. Сол сәттен бастап, Шаханов ауыл жастарының ықыласына бөленді.  Тракторист жігітті бүгінде әлем мойындап, «болашақтың қазағы» деп бағалады. Ол туралы фин жазушысы Юкка Маллинен: «Заманауи поэзияда Шаханов бабалар рухының ғасырлар аралатып жарқ еткен бірегей жұлдызы. Заманымыздың осы ақынын оқыған шақта өз басым ерекше толғанысқа түстім». –деп ерекше екшеп жазады.

МӘЛІМЕТ 4: Мұхтар Шаханов жырларын ЮНЕСКО «Әлемдік поэзияның ең биігі» деп жоғары бағалаған.  Сонымен қатар, Қырғыз Республикасының халық ақыны атағы да бар.

ГРАФИКА 2:

Мұхтар Шаханов – жаңаша ойлау дүниесінің өрені. Менің пайымдауымша, мұндай өзгеше мән-мазмұнға ие ақын бүгінге дейін күллі Азия әдебиетінде болған жоқ. Бұған көз жеткізгіңіз келсе, оның поэмалардан құрылған «Жазагер жады космоформуласы» (Шыңғыс ханның пенделік құпиясы) атты алып тынысты романын оқыңыз. Нақ осындай заңғар деңгейдегі ақын ХХ ғасыр мен ХХІ ғасыр аралығында бой көрсетуі керек-ақ еді. Ол ақынның Мұхтар Шаханов екені даусыз.

Шыңғыс Айтматов

МӘЛІМЕТ 5: Қаламгер қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовпен жақын дос болған. Екеуі 1968 жылы Мәскеуде жас ақындардың үлкен жиынында танысқан. Қос қаламгердің «Ғасыр айрығындағы сырласу. Құз басындағы аңшының зары» атты бірлесіп жазған эссе-кітабы және «Сократты еске алу түні» атты пьеса бар. Шаханов досы дүниеден озғанда «Қырғыз Эвересі» атты естелік-кітап жазды.

ГРАФИКА 3:

Мұхтар Шаханов – өзінің адасқақ дүлей дәуірінің белсенді ар-ожданы. Оны билік тұғырындағылар бағалай қояр ма екен? Бірақ мен осындай азаматтың өзіме жақын дос екенін мақтан етемін.

Расул Ғамзатов

Шаханов поэмасына ЮНЕСКО тарапынан ерекше назар аударылуының басты себебі қазіргі кезеңдегі Орта Азия қоғамдық-философиялық ойлау деңгейінің жаңа белестерге қол артқандығынан ғана емес, осы дара ақын туындысының бүгінгі әлемдік поэзиядағы жаңа биіктік ретінде мойындалуында.

Ханс-Петер ДЮРР,

Нобель сыйлығының лауреаты

МӘЛІМЕТ 6: Қаламгердің «Бақыт» атты тұңғыш өлеңдер жинағы 1966 жылы жарық көрді. Одан бөлек, «Балладалар», «Ай туып келеді», «Қырандар төбеге қонбайды», «Сенім патшалығы», «Дара талғам қасіреті» атты жинақтары жарық көрген.

ДИКТОР 5: Шаханов дегенде, оның поэзиясынан бөлек, азаматтық ұстанымы көз алдымызға келеді. Оның ерекшелігі де сонда. Ұстанымы –өлеңмен, ал өлеңі –өмірмен ұштасады. Шахановтың қайраткерлігінің өзі бір төбе. Желтоқсан. Арал мен Балқаш. Наурыз мейрамы. Тіл. Жер. Қай мәселеде де шырылдап, қос қолын қатар сермеп, өлең оқып тұрған Шаханов. Бір жылдары «американдық ұлт» секілді «қазақстандық ұлт» дегенде де алғашқы боп Мұхтар ақын қарсы шығып, аштық жариялады. Бәлкім, рухы биік қаламгер солай жасамағанда, біз бүгін «мен –қазақпын» деп көкірек кере мақтана алмас па едік? Кім біледі?

ГРАФИКА 4:

ТӨРТ АНА

Тағдырыңды тамырсыздық індетінен қалқала,

Мазмұн жоқта мазмұнсыздық шыға келер ортаға.

Әр адамда өз анасынан басқа да,

Ғұмырына етер мәңгі астана,

Демеп жүрер, жебеп жүрер арқада,

Болу керек құдіретті төрт ана:

ТУҒАН ЖЕРІ – түп қазығы, айбыны,

ТУҒАН ТІЛІ – мәңгі өнеге айдыны,

ЖАН БАЙЛЫҒЫ,

САЛТ-ДӘСТҮРІ – тірегі,

Қадамына шуақ шашар үнемі,

Және ТУҒАН ТАРИХЫ,

Еске алуға қаншама

Ауыр әрі қасіретті болса да.

Құдірет жоқ төрт анаға тең келер,

Онсыз санаң қаңбаққа ұқсап сенделер.

Өзге ананың ұлылығын танымас,

Төрт анасын менсінбеген пенделер.

Төрт анадан сенім таба алмаған

Тамырсыздың басы қайда қалмаған?!

Төрт анасын сыйламаған халықтың

Ешқашанда бақ жұлдызы жанбаған.

Қасиетті бұл төрт ана - тағдырыңның тынысы,

Төрт ана үшін болған күрес – күрестердің ұлысы!

МӘЛІМЕТ 7: Мұхтар Шаханов 1926 жылы «ислам дінінің қалдығы» деген желеумен Кеңестер Одағының тоталитарлық жүйесі тойлауға тыйым салған «Наурыз» мерекесінің 62 жылдан соң қайта салтанат құруына мұрындық болды.

ДИКТОР 6:  «Шаханов – әлеуметтік ақын»–дейді Төлен Әбдік. Иә, қаламгердің өмірлік кредосы – шындық пен ақиқатты іздеуден тұрады.

Қара күштер ізгіліктің зейініне қарай ма?

Теңсіздік көп, аю, қасқыр сайран салған тоғайда.

Қазақтың қос рух шыңы–Махамбет те, Абай да

Сол үшін де пенделіктен мәңгілік оппозицияда.

Иә, әлемде барлық шыншыл ақындар оппозицияда,

Жомарттарға –дүниеқоңыз пақырлар оппозицияда. –деп, замана шындығын ашық айтады. Расымен де,тағдыр таразысында үнемі жақсылық пен жамандық, ізгілік пен пенделік, махаббат пен өшпенділік бақталасып тұрады емес пе?

МӘЛІМЕТ 8: Ақын өз елінің мемлекеттік дәрежедегі сыйлықтарынан, «Халық қаһарманы» атағынан, орден, медалдьдарынан бас тартты. Ол оны былай түсіндіреді:

 «Отан біздің ең үлкен анамыз. Әркім өз анасына еткен қызметі үшін жылу дәметпеуі керек. Отан да өзінің дараланған перзенттерін марапаттап отыруы шарт. Бірақ ол өте әділетті түрде шешім табуы тиіс. Қазір елімізде кез келген заңдастырылған немесе заңдастырылмаған ұрылардың ең кемі екі орден, үш медалі бар. Солардың қатарында болғым келмейді. Ал шет мемлекеттер ұсынған сыйлықтарды алатын себебім, ел перзентіне көрсетілген, есепке құрылмаған риясыз құрмет сәл де болса республикамыздың рухани мәртебесін өсіреді».

ГРАФИКА 5:

УАҚЫТША ЖЕҢІСТЕР

Ғасыр буаз болмаса да әділдікке желіндеп,

Қай кезде де Жеңіс даңқы екі топқа бөлінбек:

«МӘҢГІ ЖЕҢІС» және «БАРЛЫҚ УАҚЫТША ЖЕҢІСТЕР».

Күш жоқ осы заңдылықты тайдыра алар өрістен.

 

Уақытша жеңістердің уақытша бағы бар,

Бар тіршілік кейде тіпті уақытшаға бағынар,

Жеңімпаздың мойнына алтын алқа тағылар,

Жағымпаздар жамыраса теңеу таппай сабылар.

 

Әркез бұған елікпейтін қайсар тұлға табылар,

Сол тұлғаны «түзеу» үшін уақытшалар жабылар...

Дантес «жеңдім» деп ойлады

Пушкинді атып құлатып,

Бірақ оңбай жеңілгенін дәлелдеді уақыт.

 

Оразбайлар «жеңдік» деді Абайды ұрып, сұлатып,

Олардың да ұтылғанын әйгіледі уақыт.

Қарсыластар қылышынан өр Махамбет өлді де,

Нәтижеде, қара күштер ұлы ақынды жеңді ме?

Жан шындығы қамалғанмен зұлымдықтың торында,

МӘҢГІ ЖЕҢІС қалып қойды Махамбеттің қолында!

Шыншыл, асау тағдырым бар пенделікпен тебіскен,

Сақта, Құдай, мені барлық уақытша жеңістен.

 

Менің бағым — елдік, ұлттық мүддеменен өрілген,

Сондықтан да ұлтпен бірге өлу даңқы берілген...

Рухсызға жеңіс жолы тым оңай боп көрінбек,

Бәлкім, маған тас атқанның бәрі ертең жеңілмек...

ДИКТОР 7: Талғам күшін амалсыздан тек үмітке нанғыздық.

Рух, сана жалғыздығы – ең азапты жалғыздық.

Пушкин, Абай тектестердің жылағаны жылаған,

Рух, сана биігінен қол созғанша бір адам–дейді ақын. Шаханов өзгеше ойлайды, тереңнен бойлайды. Сондықтан да, ақын философиясын түсінетіндер аз. Қуыршақ заңгер, полиция, кәсіпкерлер қаптаған «Қоянның көжегіне» ұқсас  қорқақ қоғамға Қажымұқандар сынды қуатты дарындар мен алыптар керек. Ал кейбір бөдене таланттар ұлттық мүддеден алыстап, рухани мүгедектікке дущар қылады. Ол туралы ақын мына бір өлеңінде ашық айтады.

ГРАФИКА 6:

Жаңа қазақтар

Жаңа қазақ, шала қазақ — жас інім,

Алшысынан тұрды бүгін асығың.

Саған қарап ойландым да, жасыдым.

Айырмаған азғыны мен асылын

Мына ғасыр, бәлкім, сенің ғасырың.

Мына ғасыр безбүйректеу өр ғасыр,

Жүрегінде сезім емес, қорғасын,

Шетке қақты тұлпары мен жорғасын.

Қақпай қайтсін, бәрін сатып алуға

һәм сатуға мүмкіндігі болғасын.

Сенде қазір думан дәурен, масат күн,

Өзіңді-өзің бар жауаптан босаттың,

Рухани байлыққа да тас аттың.

Аудандағы жалғыз кітап дүкенін

Сатып алып, сырахана жасаттың.

Тез ашылып саудагерлік дарының,

Таудан, тастан қайтпастай өр арының,

Саудаладың Алматының жарымын.

Ұлағатты ұлы қазақ елінде

Сатылмайтын байлықтар да бар, інім.

Жалғыз саған борыштыдай бар халық,

Топ ішінде ісіп-кеуіп, нарланып,

Кейкиесің қол беруге арланып.

Дегенмен біз сені туған ұлттың

Сатылмайтын қасиеттерін қорғадық.

Ұқсағанда піштірілген қошқарға,

Қонаевтың жақсылығын көргендер

Қонаевты жалғыз тастап қашқанда...

Адамдығын көрсетпесе жарқылын,

Қоршар сені салқын шаттық, салқын үн.

Ешкім рух байлығынан бөлініп,

Шын бақытқа жеткен емес, жарқыным!

ДИКТОР 8: Мұхтар Шаханов – махаббат лирикасын жырлауда ақындық қуатын мойындатқан қаламгер. Оның  Төлеген Айбергеновке, Қадыр Мырзалиевке, Тұманбай Молдағалиевке ұқсамайтын ең басты қыры – әдебиетке шағын сюжетті лирикасымен келді. Ертек-аңыздардың желілерін, ел арасына кең тараған даналық тағылымдарды поэзиясына жақсы пайдалана білді. Пайдаланғандары өлеңімен жымдасып, бірігіп кетеді. Бұл тұрғыда М.Шаханов өз жаңалығымен, өз ізденісімен жыр сүйер қауымды елеңдетті.  Лирикалық поэмасы – «Танакөзді» айтпағанның өзінде, Мұхтар шығармашылығының дені, жалпы ақындық жаратылысы лириктік қасиетімен шуақтанып, ажарланып жатқанына ешкімнің дауы болмаса керек. Бір ғана мысал «Махаббатты қорғау» тарихы:

Біз екеуміз жолықтық

Бірақ тым кеш жолықтық

Достасудан от тұтап,

Қоштасуға қорықтық, –

деп басталатын триптихтың тұла бойы, дені – махаббат лирикасы.

Көзімді алмай маздап жанған оттардан

Саған сенем, Саған сенім артамын.

Қорықпаймын түсінігі жоқтардан,

Жүрегі жоқ адамдардан қорқамын! –

деп түйеді.  Триптихтың біріншісі: «Саматтың жұбайы Айжанармен жекпе-жек», екіншісі: «Ғайша», үшіншісі: «Мәрзия» деп аталады. «Замана тұр бөркін алып ойланып» деп әдемі басталатын триптихтың бірінші бөлімінде, Айжанар сіңілісінің он сегізге толған туған күні тойланады. Сол иесіне арнап, лирикалық кейіпкер тост көтереді. Тосында «Бүгін, міне, сенің туған күніңде, Қандай тілек айтсам екен, бауырым?» деп қиналады. Байлық тілегісі келеді, бірақ, ол байлықтың баянсыздығын, ерлік тілегісі келеді, «Ерлік сезім табылады өзіңнен» дейді. «Ал сұлулық тілер едім, сұлусың сен онсыз да» деп түйеді. Ең ақырында зор махаббат тілеу тұжырымына тіреледі. Ал бақыттың өлшемі қандай? Оған ақын өзі жауап берсін!

 

ГРАФИКА 7:

Бақыт геометриясы

"Бақыт деген немене бұл, немене екен, немене,

Көрсет маған, құшақтайын, көтерейін төбеме"

Деп едім мен, дәл сол сәтте ойы, бойы сымбатты

Әбден қажып шашы ағарған ШЫНДЫҚ келіп тіл қатты

- Бақыт дәйім санасы мен ұғымында әркімнің

Қанша ғасыр осыны елге ұқтыра алмай сарқылдым.

Қане менің соңымнан ер...

Мынау үйге қарашы:

Нақ осы үйде жүріп жатыр Бақыт пен Сор таласы.

Үй иесі - жас жұбайлар тілек, ойы қосталған,

Билік, байлық қатар қонып, иықтымен дос болған.

Бірін-бірі сүйгенімен көңілдері тобасыз,

Тобасыздың есігінен кірген ырыс бағасыз.

Келген әрбір жақсылыққа игіліктің басы деп

Шын жүректен қуана алмау –ең қауіпті қасірет!

Солай, солай... Енді, ақыным, мұнда бұрыл,-деп мені

Шындықтағы ертіп барды жұпыны үйге шеткері:

- Терезеден қара, — деді, жақын тұрып қарадым,

Төрде отырған қос жұбайға түсті кенет жанарым.

Бөлме іші тым қарапайым, ортада ақ дастарқан,

Дастарқанда тек қара нан, қос түйір қант тасталған...

Күйеуі айтты: "Жалақы алдым, ертең базар баралық,

Саған, жаным, ерекше әсем көйлек іздеп табалық!"

- Көйлегім бар,- деді әйелі

(қабағына мұң қонды), -

Бір бешпетпен жүрсің өзің, міне, қанша жыл болды...

Екеуі де менен бұрын оған шаттық қонса деп,

Алдыменен ол қуансын, оның көңілі толса деп,

Бір-біріне сый ұсынып, бірін-бірі жақтады,

Бірін-бірі ардақ тұта ортақ ойға тоқтады.

Көрші аулада баласы өлген жалғыз кемпір бар екен,

Шетсіз, шексіз кең дүние ол сорлыға тар екен.

Бұлар қатар шуақ төге ізетті іске өрісті

Сол кемпірге қыстық киім әперуге келісті.

"Бақыт деген немене бұл, немене екен, немене,

Мен шықпаған заңғар шың ба, мен мінбеген кеме ме?"

Деп қиялдап әр биіктен көрсетіппіз бекер бой,

Қымбаттым-ау, сөйтсек бақыт қанағатта екен ғой.

ДИКТОР 9:

Тойыңа гүл алып, келдім мен қуанып,

Қарсы алдың күлімдеп көктемдей.

Немесе,

Қуаныш пен бақытты мүсіндеген,

Келбетіңнен сенімнің күшін көрем.

Сен сияқты мені ешкім еркелетіп,

Сен сияқты мені ешкім түсінбеген. –деп басталатын әндерді барлығымыз білеміз. Осы тұста Шахановтың сазгерлік қыры ашылады. Ол қазақ ән қоржынана 10-нан астам туынды қосты.

МӘЛІМЕТ 9:

Мұхтар Шаханов «Вальс королі» Шәмші Қалдаяқов жайлы «Шәмшінің ғұмырлық геометриясы» атты эссе-кітап жазды.

ДИКТОР 10: Төлеген Айбергенов ақын бауырына:

Мен бүгін сонау көгілдір көлге сағынып ұшып барамын,

Бірге қанат қақ қасымнан қалмай, сағынып көрген қарағым.

Жалғасын сен айт, бұл асқақ әннің жабылып кетсем мен егер,

Ғұлама жылдар судырлатқанда парағын. –деп, аманатын айтады. Мұхтар Шаханов аға үмітін ақтап, Махамбет пен Абайлар, Төлегендер жырын жалғап келеді. Ал сол әсем әннің әуезін үзбеу оқырман еншісінде. Бүгінге осы, жүздескенше аман болыңыздар!

 

 


Дата добавления: 2019-03-09; просмотров: 243; Мы поможем в написании вашей работы!

Поделиться с друзьями:




Мы поможем в написании ваших работ!