Портландцемент. Шикізат материалдары 2 страница



Қазақстанда ең бірінші цемент зауыты 1912 жылы Георгиевка селосында (бүгінгі таңда Қордай пос.) салынған. Қазақстан индустриясына Шымкент, Састөбе, Өскемен, Семей, Қарағанды цемент зауыттары айтарлықтай үлес қосуда. 1990 жылы Қазақстанда 9 млн. т, оның ішінде 400 мың т ақ және түрлі-түсті цемент өндірілді.

Республика зауыттары әр түрлі цементтер шығарады, мысалы, портландцемент, шлакты портландцемент, минералды қоспасы бар портландцемент, сульфатқа төзімді, тампонажды, жолға арналған, өте мықты, тез қатаятын, ақ және түрлі – түсті, асбестцемент бұйымдарына арналған цементтер.

Шымкент цемент зауыты бірінші болып сульфатқа төзімді фосфор шлагы қосылған портландцементті өндіру технологиясын ұсынды.

Қазіргі кезде тұтастырғыш заттардың жаңа түрлерін өндіруге үлкен көңіл бөлінуде.

Цемент өндірісінің өнімділігін арттыру төмендегі жағдайларға байланысты:

а) айналмалы пештерді қайта құрастыру;

ә) ескірген диірмендерді жоғары өнім беретін диірмендермен ауыстыру арқылы өндірістің өнімділігін арттыру;

б) шлакты портландцемент, құрылыс сылағына арналған цемент, суды аз қажет ететін тұтастырғыш заттар, майдалап ұнтақталған тұтастырғыш заттар өндірісін ұлғайту;

в) қуатты жаңа жабдықтарды өндіріске енгізу, цементтің тиімді түрлерін өндіру, өндіріс қалдықтарын пайдалану.

 

 

1.2 Тұтастырғыш материалдар өндірісінің Қазақстандағы және шет елдегі заманауи жағдайы. Саланың өркендеуінің келешегі

 

Цемент - бұл құрылыс наны, яғни құрылыстың негізгі азығы.

Цемент өндірудің масштабы болат, электрэнергиясы, мұнай және көмір өндірістерімен қатар еліміздің экономикалық деңгейін және құрылыстың техникалық дамуын сипаттайды. Білікті мамандар мен ғалымдардың болжамы бойынша болашақта цементтік бетон құрылыс саласындағы негізгі конструкциялық материал болып табылады.

Ел экономикасы мен мен құрылыс үшін цемент өнеркәсіптер өнімнің 20  аса түрін және маркасын шығаруда.

Құрылыс конструкцияларының әртүрлі көптігі, оларды орнықтырудан ерекшеліктері және қолданылуы, белгілі  құрылыс-техникалық қасиеттерге ие болатын жаңадан жетілдірілген белгілі арнайы цементтерді  шығаруды талап етеді. Цементтен жасалған бетон және темірбетон конструкциялар жоғары және төмен температураларда, жердің астында және үстінде, судың астында, зиянды ортада, мұзға қататын және еритін жағдайда, теңіз құрылыстарында жұмыс істейді. 

Біздің өнеркәсіп портландцемент және шлакты портландцементтер, сульфатқа төзімді және жолға төсейтін, мұнай және газ ұңғымаларына арналған тампонажды, асбестцемент бұйымдарға, шөкпейтін және кеңейгіш (ұлғаятын), пластифицирленген және гидрофобты, өте берік және тез қатаятын және т.б. арнайы цементтер шығарады. Олар өте кең көлемде сәулет және декоративті бұйымдар, ғимараттар мен құрылыстарды безендіруге, су электр станцияларының құрылысында, теңіз жағасындағы құрылыстарда, темірбетонды конструкциялар өнеркәсібі өндірісінде, жолға және аэродромға төсейтін, мұнай және газ құбырларын бұрғылауға, асбестцемент бұйымдары өндірісінде, металлургиялық, химиялық және басқа да жылу агрегаттарын дайындауда пайдаланылады.

 Зауыттарда роликті диірмен, шикізатты орталықтандыруға арналған машина, микропроцессорларда өлшейтін таразы кешендерін және т.б. сияқты заманауи агрегаттарды ендіру өте қажет. Энергия  үнемді, өнімділігі тәулігіне 3000 тонна және оданда көп клинкер өндіретін өнімділігі жоғары циклонды жылуалмастырғышты және декарбонизаторлы пештер орнату керек.

ТМД елдеріндегі цемент өнеркәсібі экономикалық құлдырау кезеңінен өтті, қазіргі кезде олар жоғары өрлеу жағдайында.

Ресейдің цемент зауыттары 2011 жылы 45 млн. тонна шамасында цемент шығарды. Украинада жобалық қуаттылығы 24 млн. тонна цемент өндіретін 20 цемент зауыттары жұмыс істейді.

Қазақстанда цемент өндіру 7 млн. тоннаны құрады.

2011 жылы әлемдік цемент өндіру 3,5 млрд. тоннадан асты.

Цементті қуатты өндірушілер мен тұтынушылар қатарында Қытай – 2000 млн.т астам, Индия – 250 млн.т шамасында, АҚШ – 88 млн.т, Жапония – 65 млн.т, Оңтүстік Корея – 54,3 млн.т, Испания – 44,8 млн. тонна болды.

Қазақстан Республикасында құрылыс материалдар өндірісінің өркендеуі және дамуы мемлекеттік бағдарламаларды қабылдау және іске асыруға тікелей байланысты, атап айтқанда: «Мемлекеттік тұрмыстық құрылыс бағдарламасы», «Қазақстан Республикасының 2005-2014 жылдарға арналған құрылыс материалды, бұйымдарды және конструкциялары өнеркәсібін дамытудың Мемлекеттік бағдарламасы», «Қазақстан Республикасының 2010-2014 жылдарға арналған жетелдетілген индустриалды- инновациялық даму Мемлекеттік бағдарламасы».

Қазіргі кезде цемент және басқа да құрылыс материалдарына деген сұраныс үздіксіз өсуде.

Батыс Европа – Батыс Қытай трансхалықаралық автожолының құрылысы және соған қажетті коммуникациялар, ұзындығы 2000 км көп Жезқазған – Бейнеу және Арқалық – Шұбаркөл темір жолының құрылысы, Бозай – Шымкент газқұбырының және оған қажетті объектілер, Қазақстанның батысындағы мұнай және газды өндіруді ары қарай өркендету, Қазақстанда өнеркәсіпті индустриалды-инновациялық дамыту, келешек онжылдықтарда цементтің көлемін кеңейтуді талап етеді.

Кең көлемді заманауи құрылыс материалдар номенклатурасында маңызды орынды портландцемент алады. 2012 жылы Қазақстан Республикасында цемент нарығы 7,2 млн.тоннаны құрады, оның ішінде 0,6 млн.тоннасы көрші мемлекеттерден импорттау арқылы тасымалданды. Қазақстандағы цемент өнеркәсібі жыл сайын осы маңызды материалды шығару көлемін өсіруде.

Қазіргі кезде, Қазақстанда жалпы өндірістік қуаттылығы 9 млн.тонна шамасында 11 цемент зауыты жұмыс істейді.

2009 жылы екі кішігірім цемент зауыттары шахталы пештерімен, қытай жабдығымен және технологиясымен салынып, іске қосылған болатын. Бұл екі кіші зауыт Алматы облысында Горный ауылында («Almaty Cement Company» ЖШС) және Жамбыл облысында Жаңатас қаласында салынды.

2010 жылы құрғақ тәсілмен өндіретін өндірістің қуаты жылына 1...1,1 млн. тонна цемент шығаратын бес сатылы циклонды жылуалмастырғыштармен және декарбонизаторлы үнемді пештермен жабдықталған екі заманауи цемент зауыты - Шымкент қ. («Стандарт Цемент ЖШС») және белгілі Vicat француз компаниясымен «Жамбылдық цемент өндірістік компаниясы» ЖШС (JAMBYL CEMENT ЖШС) Жамбыл облысы Мыңарал ауылында салынды (1.1-сурет). 2012 жылы Шығыс-Қазақстан облысындағы Шар станциясы маңында «Қазақ Цемент» ЖШС цемент зауыты іске қосылды.

 

1.1-сурет. «Жамбылдық цемент өндірістік компаниясы» ЖШС (JAMBYL CEMENT)

 

Батыс Қазақстан облысының HEIDELBERGCEMENT тобының (ЖШС «Каспий Цемент») Шетпе станциясында, қуаттылығы 2 млн. тонна Ақмола облысы Еңбекшілдер ауданында «Көкше Цемент» ЖШС, Жамбыл облысы Хантау станциясында (0,5 млн. тонна) Хантау цемент зауыты, Ақмола облысы Софиевка поселкесінде ЖШС «Bi-Cement» зауыттарының құрылысы аяқталуда (1.2- сурет).

«Шымкентцемент» АҚ Italcementi Group басшылығы зауыт территориясында №1 және №2 демонтаждалған пештердің орнына құрғақ тәсілмен цемент өндіретін зауыт салуды жоспарлауда. Салынып жатқан «Көкше цемент» ЖШС – нің құрал-жабдықтарын белгілі Чехтың «PSP Engineering» машинақұрылыс зауыты жабдықтайды.

Құрғақ тәсілдегі өлшемі Ø 7,0; 6,4х95 м пешпен 1 тізбе және 4 тізбелі сулы тәсілмен жұмыс істейтін «Central Asia Cement» АҚ (Қарағанды облысы, Ақтау поселкесі), 4 тізбелі сулы тәсілмен жұмыс істейтін ЖШС «Семей цемент зауыты», Ø5х185 м өлшемдегі пешпен 2 тізбекті және Ø4х100 м өлшемдегі пешпен 2 тізбекті HEIDELBERGCEMENT тобының «Бұқтырма цемент компаниясы» АҚ, 4 тізбелі Ø4х150 м өлшемдегі пешпен «Шымкентцемент» АҚ (Italcementi Group) өз жұмысын нәтижелі жалғастыруда. Екі тізбекті 150 м пештермен жабдықталған «Састөбе Технолоджис» ЖШС, сондай-ақ екі кіші пештерімен жабдықталған «Қордай цемент зауыты» ЖСШ жұмыс істеуде.

 

 

1-Central Asia Cement 2-Восток цемент 3-Шымкентцемент 4-Семей Цемент 5-Састөбе Цемент 6– Алматы цемент 7 –Жанатас ЦЗ 8–Жамбыл цемент 9-Стандарт цемент 10–Қордай цемент  G1 – Қазақцемент G2 - Agic цемент G3 – Каспий цемент G4 – Көкше цемент G5 – BI -цемент G6-Сыр Цемент G7–СарыОзек цемент G8–Рудненский  ЦЗ G9 –Ақтау цемент G10–Орал цемент

 

1.2-сурет. Қазақстан Республикасындағы цемент зауыттарының орналасуы

 

Цемент зауыттарын қайтадан түбірінен жаңарту өте үлкен капиталдық қаржыны талап етеді. Мысалыға, қуаттылығы жылына 1 млн. тонна цемент өнеркәсібін құрғақ тәсілді өнеркәсіпке ауыстыруды қайта жаңарту үшін 60-70 млн. АҚШ долларының капиталды қаржы қажет.

Цемент өнеркәсібі құрылыс кешенінің, Республикамыздың экономикалық және әлеуметтік жағдайының өркендетуі соған байланысты – тұрғын үй құрылысы, денсаулық сақтау және білім беру мекемелері, өнеркәсіптік және ауылшаруашылық өндірісі, коммуникацияның базалық саласы болып табылады.

Республикадағы цемент өнеркәсібінің келешегін дамытуда негізгі болып саналатындар:

- өнімділігі жоғары үнемді құрғақ тәсілді өндірістің заманауи зауыттарының құрылысы;

- сулы тәсілдегі цемент өндіретін зауыттарын техникалық қайта жаңарту және қайта жасақтау;

- ресурс- және энергия үнемдейтін өндірістік технологияны, технологиялық процеске өндіріс қалдықтарын шикізат және белсенді минералды қоспа ретінде қатыстыра отырып, шикізат шламының сұйылтқыштарын пайдаланып, клинкер күйдірудің минерализаторларын, цемент ұнтақтау процесінің интенсификаторларын кеңінен ендіру;

- балама шикізатты және отынды кеңінен пайдалану;

- цементтің сапасын жоғарылату, өнімнің ассортиментін оңтайландыру, аралас және арнайы цемент шығаруды көбейту;

- отандық тампонажды цементпен Қазақстан Республикасының мұнай өндіретін батыс аймақтарын толық қамтамасыз ету;

- атмосфераға лақтырылатын зиянды шаңдарды, NOх, СО2 -ні азайту, қоршаған ортаны және еңбек жағдайын жақсарту;

- цемент зауытының мамандарының біліктілігін көтеру және дайындау.

Осымен қатар, портландцемент технологиясында маңызды орын алатын энергияүнемдеу мәселелері шешілуі қажет. Сулы тәсілмен 1 тонна цемент өндіру үшін орташа 200...230 кг отын және 110...130 кВт∙сағ электрэнергиясы жұмсалады. Цементтің өзіндік құнын сараптау отынның үлесі 30...45 % - ды, электрэнергия – 12...17 %- ды, ал клинкердің өзіндік құнының үлесіне кететін отын және электрэнергия шығыны одан да жоғары екендігін көрсетеді.

Сулы тәсіл өндірісінде клинкер күйдіруге кететін жылудың шығыны шикізат шламының жоғары ылғалдылығымен - 36...45 % негізделеді. Сулы тәсіл өндірісінде клинкер күйдіруге кететін жылудың жартысына жуық бөлігі ылғалдың өнімге қажетсіз (непродуктивное) булануына шығындалады. Сондықтан, шикізат шламының ылғалдылығын әрбір пайызға төмендету отынның шығыны 1...1,5 % азайтады және айналмалы пештердің өнімділігін осындай мөлшерге жоғарылатады. Қазіргі кезде Қазақстанның алты цемент зауыты отын шығыны жоғары ылғал тәсілмен жұмыс істейді.

Цемент зауыттары көптонажды өндіріс болып табылады, олардың жұмыстарында қажетті шара қолданбаған жағдайда қоршаған ортаға түзелмейтін зиян келтіретін көп мөлшерде түрлі газ және шаң түрінде қалдықтар бөлініп шығады.

Экологиялық жағдайды табиғи шикізат материалдарын өнеркәсіп қалдықтарымен жартылай немесе толық алмастыру арқылы, газды шаң тозаңды тазалау жолымен айтарлықтай жақсартуға болатынын атап өтуге болады. 

Тараз және Шымкент қалаларындағы түйіршіктелген электротермофосфорлы шлактар «Састөбе Технолоджис» ЖШС және «Шымкентцемент» АҚ зауыттарында қолдану үшін көп қызығушылық танытады. Бүл екі зауытта әктастарды майдалаудағы меншікті қалдықтар, ЖЭО күлді шлактары, қорғасынды шлактарды да пайдаланған жөн. «Central Asia Cement» АҚ зауытында ЖЭО күлді шлактарын, карбидті әктің ұлпасын (Теміртау қ.), доменді шлактарды және көмір байыту қалдықтарын, ал «Семей цемент зауыты» ЖШС базальттарды майдалау қалдықтары, күлдішлактар, мысбалқымалы шлактарды пайдалануға болады.

М.Әуезов атындағы ОҚМУ ғалымдарымен портландцемент өндірісінің табиғи және техногенді шікізат түрлерін кешенді қолдану жолымен ресурсты энергия үнемдеуші технологиялары жасалынды.

«Семей цемент зауыты» ЖШС және «Шымкентцемент» АҚ үшін реттеуші қоспа ретінде қорғасын және балқымалы мыс шлактары өндірісінде, түйіршіктелген шлактар, шикізат ретінде күлдішлактар, базальттар қалдығын қолданумен тиімді шикізат қоспасының құрамы жасалды.

Зерттеп табылған шикізат қоспаларында клинкер түзілу процесі дәстүрдегіден 50...120 0С төмен температурада аяқталады, отын шығыны төмендейді, айналмалы пештердің өнімділігі артады және цементтің өзіндік құны төмендейді.   

Қазақстан Республикасында тұтастырғыш заттардан жасайтын бұйымдар өндірісі де кең дамыған: темірбетонды, асбестцементті, силикатты, гипсті және т.б. құрылыс материалдары мен бұйымдар.

Осы материалдар өндірісі бойынша үлкен және кіші зауыттар салынып, жұмыс істеуде, олар заманауи агрегаттармен жабдықталған, толық механикаландырылған және жартылай автоматтандырылған.

Қазақстанда 2012 жылы 6,387 млн. т цемент, 865 мың т құрылыс әк, 4,8 млн. т товарлы бетон, 1,326 млн. т темірбетонды конструкциялар мен детальдер, 33,57 млн.м2 гипсокартон, 4,26 млн. м2 асбестцемент т.б. жабындар, 367 мың м3 керамикалық кірпіш өндірілген.

 

1.3 Тұтастырғыш заттардың, цементтердің және қоспалардың жіктелуі

Тұтастырғыш заттар - деп түйіршікті ұнтақ тәрізді материалды айтады. Оны сумен араластырғанда ол созылмалы ерітінді қоспаға айналады, ол қоспаны әр түрлі қалыптарға қуйғанда, уақыт өте келе ол қатайып, тас тәріздес затқа айналады. Бұл анықтаманы сонымен қатар, құрылысқа арналған бейорганикалық минералды заттар үшін де айтуға болады, өйткені олар қышқылдармен және негіздермен әрекеттесу арқылы да қатаяды.

Тұтастырғыш заттар құрамына, қасиетіне және қолданылуына қарай негізгі 4 топқа бөлінеді:


Дата добавления: 2019-02-22; просмотров: 719; Мы поможем в написании вашей работы!

Поделиться с друзьями:






Мы поможем в написании ваших работ!