Г.С. Оспанова., Г.Т. Бозшатаева «Экология» Алматы 2002.

Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік Медицина Университеті                                          Студенттің өзіндік жұмысы Мамандығы: Жалпы медицина Кафедра: Қазақстан тарихы және қоғамдық-гуманитарлық пәндер  Дисциплина: Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы Курс: 1 Тақырыбы: “ Қазақстанның экологиялық қасіреті. Полигондар зардаптары ”  Орындау түрі: Реферат   Орындаған: Алматов Алибек Тобы :118 Б Тексерген: Муханбетгалиева Алима Кенжегалиевна                                                                                Ақтөбе 2018 ж. Жоспар: I. Кіріспе. II. Негізгі бөлім:  1. Қазақстанның экологиялық қасіреттері:2.Арал тағдыры – адам тағдыры ; 3. Каспий теңізі -ғаламшардағы ең тұйық су айдыны; 4. Қазақстандағы ең ірі экожүйелердің бірі - Балқаш көлі. 5.Капустин Яр полигоны. 6.Семей ядролық полигоны. III. Қорытынды. IV. Пайдаланылған әдебиеттер. V. Бағалау критерийлері . Кіріспе КСРО заманында Қазақстан аумағында атом бомбалары сынақтан өтті. Ол үшін арнайы 18 млн га жер бөлініп, Семей ядролық полигоны ашылды. Бастапқысынды адамдарға, жануарлар мен табиғатқа тікелей зардабын тигізген ашық сынақтар жасалды. Сосын оларды жер астына жасай бастады. Атом бомбаларының жарылыстары сұмдық ауыр болды. Семей маңындағы радиациялық әсер аймағында тұратын 500 мыңдай адам осы сынақтан азап шекті. 1949 жылдан 1963 жылға дейін жер бетінде жасалған сынақтардың зардабы әсіресе мол болғаны рас. Бұл аймақтағы аурулардың есеп-қисабы 1990 жылға дейін мұқият жасырылып келді. Облыста онкологиялық, жүрек-қан тамыр, жүйке және психикалық аурулар саны күрт өсті. Азап шегіп, өлім құшқан адамдар қаншама. Отбасыларында кемтар балалар көбейді. Бұның өзі қазақ ұлтының келешегіне төнген зор қауіп болатын 1980 жылдардың аяғына қарай халықтың төзімі таусылып, шегіне жеткен еді. Басқа ядролық державалармен салыстырғанда, Қазақстан аумағында қиратқыш әлуеті жағынан орасан зор ядролық арсенал болды. Қазақстандағы қарудың жиынтық ядролық қуаты бұрынғы Кеңес Одағының барлық ықтимал дұшпандарының аса маңызды стратегиялық объектілерінің барлығының тамтығын да қалдырмауға жетіп артылатын. Бұл қаруды қолдану миллиондаған халқы бар мыңнан астам қаланы, ол былай тұрсын, тұтас бір мемлекеттерді, тіпті континенттерді жермен жексен етуге мүмкіндік беретін. Қазақстан стратегиялық қару-жарақ пен оны жеткізу құралдары орналастырылған жай ғана орын болған жоқ. Біздің елде жайласқансұмдық әскери-техникалық әлует қуаты жағынан тұтас бір индустрия, өзіндік бір «мемлекет ішіндегі мемлекет» еді. КСРО-ның ыдырауы нәтижесінде Қазақстан толық әскери ядролық циклды: ядролық қаруды сынау, жаңғырту және өндіру циклын жүзеге асыру мүмкіндігі алды. Ғаламдық проблемалар Ғаламдық проблемалар – əлемді тұтас қамтитын табиғи, табиғи-антропогендік құбылыстар. Осы құбылыстардың даму процесі жақандану деп аталады. Халықаралық деңгейде бірінші реттегі мынадай ғаламдық проблемалар бар: 1) ядролық қақтығысты болдырмау; 2) демографиялық проблема; 3) ресурстық проблема; 4) энергетикалық проблема; 5) азық-түлік проблемасы немесе ашаршылық проблемасы; 6) қауіпті ауруларды жою; 7) «үшінші əлем» елдерінің артта қалушылығын жою; 8) экологиялық дағдарыстың даму проблемасы. Ғаламдық проблемаларды ерекше білім саласы – глобалистика зерттейді. Аталған ғаламдық проблемалар өзара тығыз байланысқан жəне барлығы іс жүзінде жердегі экологиялық дағдарыстың даму процесімен қамтылады. Əрбір ғаламдық проблемаларды міндетті түрде шешу қажет, кері жағдайда оның дамуы апатқа – өркениеттің жойылуына дейін апарып соғады. Ғаламдық проблемаларды шешу үшін ғаламдық, аймақтық жəне ұлттық бағдарламалар жасалынды, бірақ оларға келісушілік жəне үйлестірушілік жетіспейді. Ғаламдық проблемаларды шешуге шығатын шығындар құрылымының жартысына жуығын экологиялық проблемаларды шешу шығындары құрайды. Басқа барлық ғаламдық проблемалар экологиялық құрушыларды ескереді, бұл жағдай соңғысын ең артықтау ғаламдық проблема деп санайды. Ғаламдық проблемаларды шешкенде ғаламның тұрақтылығына, оның проблемаларының шатысқандығына, планеталық ауқымда ынтымақтастықтың қажеттігіне, адамзат өркениетін сақтауды жəне дамытуды қамтамасыз етуге қабілетті процедуралар мен механизмдер жасауға сүйену қажет. Сонда адамзаттың тірі қалу проблемасы мемлекеттердің басқа да проблемалары қатарында артық тұруы тиіс. Ғаламдық экологиялық проблемалар – ғаламдық, аймақтық жəне ұлттық деңгейлерде айқындалған экологиялық проблемалар кешені. Зор геосаяси проблеманың экологиялық қауіптілігінің мынадай көріністері бар: табиғи экожүйенің бүлінуі, озон қабатының жұқаруы, атмосфераның, дүниежүзілік мұхиттың ластануы, т.б. Олар тек қана барлық елдердің қатысында БҰҰ-ның басқаруымен шешілуі мүмкін. Экологиялық проблемалардың ғаламдығы оны шешу үшін барлық елдердің жігерін айқын жұмылдыру қажеттігін тудырып отыр; қарудың барлық түрлерін азайтпай экологиялық дағдарыстан арылудың мүмкін еместігі; биосфераның жалпыға ортақ ластануына қарай ядролық соғыс емес, жай соғысты жүргізудің мəнсіздігі; қазіргі өркениеттің технологиялық құрылымын радикалдық қайта құру, өмір негізі болатын табиғатпен өзара іс-əрекеттің жаңа сапалы əдістері мен құралдарын жасау; қоршаған ортаны қорғау проблемасы бойынша БҰҰ органдары жұмысының тиімділігін арттыру жəне оларға төтенше өкілеттік беру. Ғаламдық экологиялық проблемаларға климаттың өзгеруі, озон қабатының бұзылуы, шөлейттену және жердің құлдырауы жатады. Табиғатты қорғау мәселесі бүкіл дүниежүзілік проблемаға айналуда. Экологиялық проблема дегенде ең алдымен Арал, Балқаш, Каспий, Семей қасіреттері еске түседі.     Арал тағдыры – адам тағдыры АРАЛ - Қазақстанның інжу-маржаны, шөл белдеміндегі бірден-бір көгілдір су айдыны еді. Оның апатқа ұшырағанға дейінгі көлемі -1066 км2, тереңдігі - 30-60 метр, тұздылығы - 10-12 % болған. Қойнауы кәсіптік бағалы балықтарға бай, жағасы қоға мен қамысты теңіз еді. Сол кездерде жылына 50-150 мың балық ауланса, теңіз жағасынан едәуір мөлшерде бұлғын терісі игерілген. Арал өңірінің тұрғындары 1970 жылдарға дейін әлеуметтік-экономикалық тұрғыда жақсы қамтамасыз етілген тіршілік көшті. Теңіз өңіріндегі елді мекендерде 17 балық колхозы, 10 балық өңдейтін зауыт және 2 балық комбинаты тұрақты жұмыс істеген. 1960 жылдардай бастап Арал өңірін игеру қолға алынды. Осы аймақтағы игерілетін жер көлемі бұрынғыдан Өзбекстан мен Тәжікстанда 1,5, Түрікменстанда 2,4, Қазақстанда 1,7 есеге өсті. Ал Әмудария мен Сырдария бойындағы халықтың саны 1960-1987 жылдар аралығында 2,2 есеге артты. Халық санының өсуіне орай суға деген қажеттілік те артты. Осыған орай, 1970-1980 жылдар аралығында Аралға құйылатын су мөлшері азайды. Онын негізгі себептері - антропогендік факторлар еді. Екі өзен бойындағы суды мол қажет ететін күріш пен мақта есіру ісі қарқындап дамыды (Шардара). Оның үстіне ауыл шаруашылығының басқа да салалары барынша дамыды. Өзен бойлары игеріліп, суды ысырапсыз пайдалану жүзеге асты. Мәселен, Аралға 1960-1965 жылдар арасында 44 мың м3 су кұйылса, бұл көрсеткіш 1974-1978 жылдары 13 мың м3, ал 1990 жылдары екі есеге қысқарды. Нәтижесінде, Арал теңізінің деңгейі 23 метрге дейін төмендеп, оның су айдыны 30-200 км-ге дейін қусырылды. Судың тұздылығы 40 пайызға дейін артты. Оның үстіне екі өзен бойындағы шаруашылықтарда тыңайтқыштар мен химиялык препараттарды қолдану бүрын-соңды болмаған көрсеткішке жетті. Тыңайтқыштарды қолдану 10-15 есеге өскен. Осындай антропогендік факторлар Арал өңірін экологиялық апатқа ұшыратты. Құрғап қалған теңіз түбінен жыл сайын айналаға зияндылығы өте жоғары 2 млн. т тұзды шаңдар көтеріліп, желмен тарай бастады. Сонымен, Арал апатына себеп болған факторларға: - жергілікті жердің тарихи-табиғи ерекшсліктерін ескермеу; - ауыл шаруашылығын дүрыс жоспарламау, судың қорын есепке алмау; - суды өте көп қажет ететін күріш, мақта дақылдарып барынша көбейтіп жіберу; - жерді игерудің агротехникалық шараларын сақтамау және судьт үнемді пайдаланбау; - табиғат ресурстарын пайдаланудағы жіберілген қателіктср мен оны меңгерудің ғылыми түрғыдан негізделмеуі болып табылады. Осы аталған фактілер Арал теңізі экожүйесіндегі тіршілік атаулыны экологиялык дағдарысқа әкелді. Бұл жағдайлар адам баласының қолдан істеген қателігі ретінде дүние жүзіне белгілі болды. Арал өңіріндегі антропогендік факторлар ондағы тұрғындардың салт-дәстүріне, экономикалық-әлеуметтік жағдайына тікелей әсер етуде. Жұмыссыз қалған балықшылар әлеуметгік жағынан қорғаусыз қалып, басқа аймақтарға еріксіз қоныс аударуда.  Қазіргі Арал өңірінде адамдардың денсаулығы күрт төмендеп кетті. Бұл өңірде соңғы мәліметтер бойынша туберкулез, бүйрекке тас байлану, сарысу, өкпе-тыныс жолдарының қабынуы, жұқпалы аурулар республиканың басқа өңірімен салыстырғанда жоғары көрсеткішті беріп отыр. Арал теңізінің болашағы дүние жүзі халықтарын толғандыруда. Оның біржола жойылып кетуі Орта Азия мен Қазақстанды ғана емес көптеген Шығыс елдеріннің тыныс-тіршілігіне өзгерістер әкелмек. Ал әлемдік климаттың өзгеруі, шелге айналу, атмосферадағы ауытқу-шылықтар, антропогендік экожүйелердің тұрақсыздығын тудырады. Арал мәселесі соңғы 10 шақты жылда географ және эколог ғалымдар арасында жиі-жиі пікірталастар туғызуда. Арал мәселесі туралы халықаралық конференциялар ұйымдастырылды. Өркениетті елдер қаржылай көмек көрсетуде. Олар негізінен Орта Азия республикалары, Ресей, АҚШ, Жапония, т.б. мемлекеттер. Арал теңізін құтқару жөнінде бірнеше ғылыми болжамдар мен жобалар бар. Олар: 1. Сібір өзендерін Қазақстанға бұру. 2. Әмудария мен Сырдария өзендерінің суын реттеу аркылы суды молайту. 3. Арал теңізін жартылай сақтап қалу. 4. Каспий теңізінің суын жасанды канал арқылы әкелу.

Жер асты суларын пайдалану.

6. Арал теңізіиің өздігінен табиғи реттеулін немесе толысуын күту.

Әрине, бұл жобалар болашақтың ісі болғанымен, уақыт талабы оны күттірмей- ді. Бәрі де қаражатқа тірелуі мүмкін. Ал оның іске асуы адамзат каумьшының білімі мен біліктілігіне байланысты екені анық.

 Қазіргі кезде Аралды құтқару бағытында батыл да жоспарлы түрде ғылыми негізде жұмыстар жасалуда. "Арал тағыдыры - адам тағдыры" болғандықтан оны сақтап қалу аға ұррпақтын болашақ алдындағы борышы.

 Каспий теңізі

КАСПИЙ ТЕҢІЗІ — Еуразия құрлығының орталығында, мұхиттардан алыста, оқшау жатқан тұйық су алабы. Дүние жүзіндегі ең ірі тұйық су айдыны, үлкендігіне қарап теңіз деп атайды. Ауданы 376 000 км2. Меридиан бағытында 1200 км-ге созылған, орташа ені 300 км. Жағалау сызығының ұзындығы 7000 км, оның Қазақстанға тиесілі ұзындығы 2340 км (солтүстік жағалауының басым бөлігі және шығыс жағалаудың солтүстік жартысы), қалғаны Ресей, Әзербайжан, Түрікменстан және Иран жерімен шектеседі. Беті мұхит деңгейінен 28 м төменде жатыр. Еңтерең жері 1025 м, орташа тереңдігі 180 м. Ірі шығанақтары: Маңғыстау, Қазақ, Қара-бүғазкөл, т.б. 50-ге тарта аралдар бар (ірілері: Құлалы, Шешен, Артем, т.б.). Ірі түбектері Маңғыстау, Апшерон, Аграхан, Красноводск, Шелекен. Ойпатты тегіс жағалау басым. Жағалауында теңіз суының бұрыңғы жоғары тұрған кезеңін дәлелдейтін теңіз террасалары көп.

Балық экологиясы
Каспий теңізі – ежелден балық ауланатын маңызды су айдыны. Бекіре тәрізділердің дүниежүзілік өнімнің 90%-і осында ауланады. Соңғы кезде балықтардың уылдырық шашатын жерлеріне жетуге кедергі келтіретін өзендерге салынған бөгеттер, судың радиациялық және хим. жолмен ластануы және қаскөйліктің (браконьерлік) етек алуы бекіренің қорын азайтуда. Сондай-ақ, мұндағы қортпа, пілмайдың жылдан-жылға саны кеміп бара жатыр. Каспий миногасы, Еділ майшабағы, Каспий албырты, ақбалық, күтім – Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген. Қазіргі заманның балық шаруашылығы – балық аулауды реттеу, аса бағалы балық түрлерін (бекіре, қортпа, шоқыр және пілмай) табиғи және жасанды жолмен көбейту жұмыстарына негізделген. Жыл сайын 11 балық з-ты (Ресейдің, Әзірбайжанның, Қазақстанның) Каспий теңізіне 75 млн. балық шабақтарын жібереді. 1998 жылдан бері Атыраудағы 2 балық зауыты жылына 6 млн. бекіре балығының шабағын дайындайды. Балықтар уылдырығын тұщы суға шашады, қор жинау үшін тұзды суға шығады. Мысалы, шортан, оңғақ, қызылқанат балық, алабұға теңіздің атырауына (дельта) дейін өрістесе, қаракөз, табан, көксерке тұзды суда (тұзд. 10 – 11‰), ал бекіре тәрізділер судың өте тұзды жерінде тіршілік етуге бейімделген. Каспий т-нде 2 тропиктік жүйе қалыптасқан (2-сурет). Солт-Шығыс Каспий аумағында құстардың 278 түрі мекендейді. Соның ішінде Қазақстанның және Ресейдің “Қызыл кітабына” енгізілген өте сирек кездесетін қалбағай, қарабай, сары құтан, бұйра бірқазан, тағы басқа бар. Ал Каспий итбалығы – тек қана Каспий т-нде тіршілік ететін сүтқоректі. 1920 жылы1 млн-нан астам итбалықтың 120 мыңы ауланған болса, 1980 жылдың аяғында 360 – 450 мыңға дейін азайған итбалықтың – 27 мыңы, 1990 жылы– 13,8 мыңы, 1996 жылы– 8 мыңы ауланған. 2000 жылы сәуір – тамыз айларында індеттен олардың 15 мыңы қырылды. Каспий итбалығының жаппай қырылуы – Каспийдің солтүстік бөлігіндегі гидрометеорология және экология жағдайлардың нашарлауынан теңіз жануарлары иммунитетінің төмендеуін көрсетеді.

Өсімдік экологиясы

Каспий ойпатында өсімдіктің 88 тұқымдас, 371 туысқа бірігетін 945 түрі өседі. Соның ішінде 357 түрі жоғары сатыдағы өсімдіктерге (25 түрі эндемиктер) жатады, 6 түрі – Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген. Ал теңіздің өзінде су өсімдіктерінің 728 түрі (оның 5 түрі – жоғары сатыдағылар) өседі. Теңіз өсімдіктері жамылғысының құрлық өсімдіктерінен көп айырмашылығы бар. Құрлықта, негізінен, гүлді өсімдіктер, ал суда балдырлар (64 түрі) кездеседі. Солтүстік Каспийде негізінен қамыс, теңіз шөбі, шалаң, егеушөп, аромат,
мүйізжапырақ өседі. Бұл өсімдіктер балықтардың уылдырығының су түбінде бекуі үшін қажет, сондай-ақ, су құстары мен кейбір балық түрлеріне қорек болады.

Экология әсері

Каспий жағалауының әсем табиғатына, оның экология жағдайына атмосфераның, топырақ жамылғысының, судың ластануы үлкен қауіп төндіруде.Оның бастысы - экологиялық жағдайлары:
Біріншіден, су деңгейінің көтерілуі теңіз жағалауындағы табиғи жайылымдардың көлемін тарылтып, құстар мен жануарлардың мекенін басып қалды. Суға тосқауыл үшін соғылған бөгеттер жағалаудың фаунасы мен флорасына зор шығын келтірді. Балықтардың уылдырық шашу аясы мен құстардың ұя салу тығыздығы кеміп, көптүрліліктің азайып кету проблемасын туғызып отыр. Екіншіден, теңіз деңгейінің көтерілуі судың, ауа мен топырақтың ластануына, одан әрі экологиялық апатқа апарады. Судың мұнай өнімдерімен ластануы 1980 жылдан бастап күшейе түсті. Су құрамында пестицид және ауыр металдардың көбеюі бекіре сияқты бағалы балық-тар, теңіз мысығы, құстардың жаппай ауруларға ұшырап, қырылып қалу фактілерін жиілетті. Соңғы мәліметтер бойынша бекіре балықтарын аулау 40 %-ға азайды.
Үшіншіден, су деңгейінің көтерілуі теңіз жағалауларындағы мұнай ұнғыларын, мұнай қоймаларын, мұнай өндейтін өнеркәсіп орындарын, балық комбинаттарын, елді мекендерді су басып, орасан зор шығын келтіре бастады.
Төртіншіден, мұнай игеруге шетелдік инвесторларды тарту Каспий теңізінің экологиясын одан әрі шиеленістіре түсуде. Мұнай өндірумен бірге ауаға шығатын ілеспе газдардың көтерілуі аймақтың ауа ағынында зиянды газдар үлесін көбейтіп отыр. Теңіз жағалауларының тозуы техногендік процестерді жылдамдатып, аумақтың шөлге айналуына себепші болып отыр.

Каспий проблемасы
бүгінгі таңда күрделі аймақтық экологиялық проблемаға айналды. Каспий мұнайын игеру жоғары қарқынмен жүргізіліп, ұзақ жылдарға жоспарлануда. Бұл проблема тек Қазақстан ғана емес Ресей, Әзірбайжан, Түркменстан және Иран республикаларына да тән ортақ іс. Ең бастысы Каспий теңізінің фаунасы мен флорасының әр түрлілігін сақтап қалу. Каспий проблемасы бұл деңгейінде көтерілуде. Соның бірі 1999 жылы Көкшетау қаласында "Каспий теңізінің биокөптүрлігін сақтаудың белсенділігін бағалау" тақырыбында өткен бірінші аймақтық семинар болды. Мемлекетаралық деңгейде өткен кеңестік мақсаты - Каспий жағалауларындағы мемлекеттермен біріге отырып, Каспий теңізінің экологиялық проблемаларын шешудің ең тиімді жолдарын қарастыру. Теңіз эко-жүйесінде туындап отырған проблемаларды саралап және баға бере отырып, экологиялық аппараттарға жол бермеуге және оны тез арада шешуге мақсат қойылды. Бұл игі істер адам баласының дүние-жүзілік маңызы бар Каспий сияқты су айдынын сақтап қалу шараларының бастамасы.

 


 

Қазақстандағы ең ірі экожүйелердің бірі - Балқаш көлі.
Балқаш көлі – Қазақстандағы ең ірі экожүйелердің бірі. Көл Балқаш – Алакөл ойысында орналасқан. Көлемі – 501 мың км2 , ұзындығы – 605 км, ені – 9-74 км аралығында. Ал ең терең жері – 26 м. Бұл көлдің 1970 жылдардағы сипаты болса, қазір мүлдем басқаша. Жетісу өзендерінің ішінде Іле, Қаратал, Ақсу және Лепсі өзендері Балқашқа құяды.
Балқаш көлі шөлейт және шөл табиғат белдемдерінде орналасқандықтан, оның климаты шұғыл континентті болып келеді. Су айдынының булануы өте жоғары. Осыған байланысты судың деңгейі тез өзгеріп отырады.
Ұзақ жылдар тіршілігі тыныш болып келген су айдынының қалыпты жағдайы өзгере бастады. Балқаш көлінің экологиялық жағдайының нашарлау себебі Қаратал, Лепсі, Ақсу өзендерінің мол суының Балқаш көліне жетпей суармалы егістіктерге жұмсалуынан. Оның үстіне бұрынғы кездерде Аягөз, Биен, Сарқанд және Басқан өзендері Балқашқа құйып, оның табиғи су деңгейін сақтап отырған. Ал қазір бұл өзендер Балқашқа құймайды. Аталған антропагендік жағдайлар Балқаш көлінің жағдайын шиеленістіріп жіберді. Балқаш экожүйесінің одан әрі нашарлауына Іле өзені бойына салынған Қапшағай сү қоймасы да әсер етеді. 1970 жылы Қапшағай суқоймасындағы Іле өзенінің суын бөгейтін Қапшағай бөгеті салынды. Оған қосымша Іле өзенін қоректендіріп отырған Шелек өзені Бартоғай бөгетімен бөгеліп, онда көлемі 300 мың м3 су жинақталды. Осылайша Үлкен Алматы каналы салынды. Каналдың салынуына байланысты Шелек өзені Ілеге құюын тоқтатты.

Балқаш экологиясы – Балқаш көлі алабындағы табиғи ресурстарды (әсіресе, су қорларын) тиімсіз пайдаланудың нәтижесінде Қазақстанның оңтүстік-шығыс аймағында 20 ғасырдың аяғында қалыптасқан табиғи, әлеуметтік және экономикалық жағдай.
Оны негізгі 2 себеп тудырды. Ішкі себеп – Қапшағай су электр стансасының салынуына байланысты (1970) Іле өзені арнасының бөгелуі. Оған дейін Балқаш көлінің экологиялық тепе-теңдігін көлге құятын өзендер суы мен көл айдынынан буланған ылғал мөлшерінің тұрақтылығы қамтамасыз ететін. Жыл сайын көл алабындағы 15,0 км³ су қорының 11,9 км³-і (80%) Іле өз-мен келсе, қалған 3,0 км³ су көлдің батыс бөлігінен шығыс бөлігіне ығысады. 1970 –1985 жылдардағы Балқаш көліне құятын өзендер суының жалпы ағымы 14,9 км³-ден 11,8 км³-ге кеміді, яғни көл жылына шамамен 3,0 км³ су жоғалтып отырды. Көл алабынан алынатын су мөлшері жылына 7,0 – 8,0 км³-ге дейін өсті, оның 6,5 км³ суы егін суғаруға, Қапшағай және басқа да бөгендерді толтыруға жұмсалды. Булануға кететін шығыны жылына 2,0 км³-ге жетті. Осы себептерден 1970 жылдан су деңгейі күрт төмендеді. 1986 жылдың аяғында көл деңгейінің абсолют биіктігі 340,54 м болды. Көл деңгейінің құлдырау жылдамдығы жылына 15,6 см-ге жетті, бұл көрсеткіш 1908 – 1946 жылдардағы төмендеу жылдамдығынан (9,2 см/жыл) біршама жоғары. Іле өзені атырауындағы батпақты-сулы алаптардың 2/3 бөлігі қысқарды. Қапшағай СЭС-і іске қосылған соң, тасқын су шығымы 1600 – 1800 м³/с-тан 700 – 800 м³/с-қа дейін төмендеді. Электр стансасы қажетіне байланысты су ағымы жылдам өзгеретін (0 – 1000 м³/с) болды. СЭС-тен төмен қарай өзен тасындылары (судағы қатты заттар) тоқтап, олар толығымен Қапшағай бөгенінде шөгетін болды. 1986 жылдың аяғында Балқаш көліне құятын Іле өзенінің тармақтарынан Шұбарқұнан, Иір, Базарбай және Қалғаніле ғана қалды. Су шығымының 90%-ы тек Иір тармағымен қосылған Қоғалы тармағына жинақталып, бір арнаға айналды. Кезінде суы арнасына сыймай жататын Жиделі тармағы шөгіндіге тола бастады. Көлдің оңтүстік жағалауындағы балықтардың уылдырық шашу аймағы түгелдей жойылып, атыраудағы 15 көл жүйелерінен тек 4 – 5-еуі ғана қалды. Осының салдарынан жыл сайын ауланатын балық мөлшері 17 – 18 мың тоннадан 10 – 11 мың тоннаға дейін төмендеп, балық сапасы да нашарлады. Мысалы, бұрын негізінен сазан ауланатын болса, кейін ауланатын балықтың 90%-ын табан, жайын, көксерке, т.б. құрады. Ал аты әйгілі көкбас, Балқаш қарабалығы 1970 жылдан бері кездеспейтін болды. 1980 жылдан бастап көлдегі балықтар судағы пестицидтер мөлшерінің көбеюінен жаппай фибриалды саркома (қатерлі ісік жаралары) кеселімен ауыра бастады. Көл суының минералдығы күрт өсті. Балқаш металлургия кәсіпорындарының өндіріс қалдықтарының әсерінен суда ауыр металдар (мыс, мырыш, қорғасын, кадмий, т.б.) мен күкірт оксидтерінің мөлшері көбейді. Балқаш алабынан атмосфераға түсетін әр түрлі газдардың көлемі жылына 250 мың тоннаға жетті. Бұл газдар көл бетінен буланған ылғалмен қосылып, жерге қайтадан қышқыл жаңбыр болып жауады. Жауын-шашынның минералдығы 3 еседен астам өсті. Құрғап қалған аумақтардан көтерілген шаң-тозаңның әсері биік таулы аймақтардағы мұздықтардың еріп, ұсақтануына әкелді. Мысалы, 1974 жылдан бері Іле Алатауындағы аумағы 1 км²-ден астам 86 ірі мұздықтың 6-уы ғана қалды. 1980 – 1990 жылдры Іле – Балқаш табиғи-шаруашылық жүйелеріне кешенді ғылыми-зерттеу жүргізіліп, олардың қорытындысы бойынша берілген ұсыныстарға сәйкес, Қапшағай бөгенінің деңгейі 10 метрге төмендетілді, сөйтіп, көлемі 2 есеге (28 км³-дің орнына 14,5 км³) кеміді де, жер суғаруға алынатын су мөлшерінің өсуі тоқтатылды. Осы шаралар Балқаш көлінің деңгейін тұрақтандырғанмен, су сапасы жылдан-жылға нашарлады.
Сыртқы себеп – Балқаш алабындағы су қорының жартысына жуығы Қытай мемлекетінің аумағында қалыптасады.


Капустин Яр полигоны

Полигон 1949 жылы құрылған. Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының батыс аймақтары (Нарын құмы) мен Ресей Федерациясының Астрахан, Волгоград облысының шығыс бөліктерін қамтиды. Бұл полигонда, негізінен, ұшақтар мен ракеталардың ядр. жарылыс заттарын тасымалдау әдістері зерттелген. “Капустин яр” ядролық полигонының орт. және ұшу-сынақ аймақтарын қоса есептегендегі жалпы аумағы 6,5 млн. га, оның ішінде Батыс Қазақстан облысындағы аумағы 1,5 млн. га. Полигонда әр түрлі қару-жарақ жер бетінде және әуеде сынақтан өткізілген (24 мың ракета жарылған, 177 соғыс техникаларының түрлері сынақтан өткізілген, 619 СС-20 ракеталары жойылған). Әр зарядтың қуатт. 10 – 300 килотонна, жарылу биіктігі 5,6 – 300 км-ге жеткен. Осының салдарынан ауаға 30 мың тоннаға жуық аса зиянды улы заттар таралған. Сынақ аймағын радиациялық тексеруден өткізгенде, ондағы радиоактивтік заттардың (цезий-137, стронций-89, т.б.) мөлшері рұқсат етілген шектен бірнеше есе жоғары екені анықталған.

Зияндылығы

Зиянды радиоактивтік заттар топырақты, суды, егістік жерлерді және мал жайылымдарын ластаған. “Капустин яр” ядролық полигонындағы жергілікті тұрғындарды мед. тексеруден өткізгенде, психоз ауруына шалдыққандары (әсіресе, балалардың) облыстағы орташа деңгеймен салыстырғанда 2,3 есе, ал республика бойынша – 2,1 есе жоғары болған. Әсіресе, қатерлі ісік аурулары, өкпе аурулары, иммундық жүйелер мен қан құрамының бұзылуы басым. Мысалы, 1980 – 89 жылықатерлі ісік ауруына шалдыққандардың саны 1972 жылмен салыстырғанда 4 есе көбейген.


 Семей ядролық полигоны
Семей полигоны
- КСРО ядролық сынақ полигондарының бірі, аса маңызды стратегиялық объектісі болды. КСРО заманында Қазақстан аумағында атом бомбалары сынақтан өтті. Ол үшін арнайы 18 млн га жер бөлініп, Семей ядролық полигоны ашылды. Бастапқысынды адамдарға, жануарлар мен табиғатқа тікелей зардабын тигізген ашық сынақтар жасалды. Сосын оларды жер астына жасай бастады. Атом бомбаларының жарылыстары сұмдық ауыр болды. Семей маңындағы радиациялық әсер аймағында тұратын 500 мыңдай ада осы сынақтан азап шекті.


Семей ядролық полигонындағы сынақтардың жалпы саны 456 ядролық және термоядролық жарылысты құрады. Олардың 116-сы ашық болды, яғни жер бетіндегі немесе әуе кеңістігінде жасалды. Семей полигонында әуеде және жер бетінде сынақтан өткізілген ядролық зарядтардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп болды. 1949 жылғы 29 тамызда тұп-тура таңғы сағат жетіде көз ілеспес жылдамдықпен ұлғайып бара жатқан отты доп кенеттен Жер денесіне қадалып, оны шарпып өтіп, аспанға көтерілген. Отты шардан соң, сұрапыл қуат пен көз қарастырар сәуле бас айналдырып жібергендей бір сәтте жер қабығының ыстық күлі мен иісі көкке көтерілген. Жер лыпасының өртең иісі қолқа атар түтіннің ащы иісін қолдан жасалған жел әп-сәтте жан жаққа таратты. Таяу жерлердегі сирек ауылдарда тұратын адамдар дір ете түскен жер мен жарты аспанды алып кеткен от-жалынға таңырқап, үйлерінен қарап тұрған. Жалғыз түп шөп қалмаған, түтігіп қарайып кеткен даланың тұл жамылғысы. Жан-тәсілім алдында жанталасқан тышқандардың, қарсақтардың кесірткелердің өлі денесі табылған. Жаңадан келгендер бұл тозақты Семей ядролық сынақ полигоны ретінде белгілі № 2 оқу полигонында РДС-1 (зымырандық көрсеткіш снаряды) плутоний зарядан жер бетінде сынақтан өткізу жарылысы деп атады. Бұл КСРО-да тұңғыш атом бомбасыныңжарылуы еді. Полигонда жаңа таталды жұлдыздың тууын Лаврентий Берия, Сергей Курчатов, әскери бастықтар мен атақты ғалымдар, Кеңестік атом бомбасының толып жатқан идеологиялық, идеялық және техникалық аталары тасадан бақылап тұрды.


Қоршаған ортаға әсері
Тұңғыш атомдық жарылыстың радиоактивті өнімдері аймақтың барлық елді мекендерін жауып қалды. Көрші қонған әскери объектіде не болып жатқаны туралы титімдей түсінігі жоқ жақындағы ауылдардың тұрғындары радиациялық сәуленің сұмдық дозасын алды. Халыққа сынақ туралы ескертілмеген де еді. Ядролық жарылыстар туралы халыққа 1953 жылдан бастап қана ескертіле бастады. Онда адамдар мен малды радиоактивті заттардың таралу аймағынан уақытша көшіру, оларды қарабайыр қорғаныш объектілеріне, орларға немесе кепелерге жасыру көзделді. Алайда жарылыстан кейін адамдар радиациядан былғанған жерлердегі өз үйлеріне оралып отырды. Жарылыс толқыны көптеген үйлер терезесінің шынысын ұшырып жіберген, кейбір үйлердің қабырғалары қирады. Кейінірек сынақ алдында уақытша көшірілген адамдар полигон жанындағы туған жерлеріне қайтып орала бастағанда, олардың көбісі үйінің орнын сипап қалды, не қақырап кеткен қабырғаларды көрді. Семей ядролық полигонындағы сынақтардың әсері туралы алғашқы шын да жүйелі деректер Қазақ КСР Ғылым академиясы жүргізген кең ауқымды медициналық-экологиялық зерттеулердің нәтижесінде алынды. Зерттеулерді, ғылыми экспедицияларды профессор Б. Атшабаров басқарды. Радиацияның адамға ықпалының механизмі қазіргі кезде едәуір жақсы парықталған. Бұл орайда ең қауіптісі – иондалатын радиацияның ықпалы гендік кодты дауасыз өзгерістерге соқтыруға мүмкін екендігі. 1949 жылғы алғашқы жер бетіндегі жарылыстан бастап Семей және Павлодар облыстарының радиациялық сәулеленудің ықпалына ұшыраған басқа аумақтардың тұрғындарының арасында сырқат санының ұдайы өсіп келе жатқаны байқалады. Бұлар өкпе мен сүт бездерінің рагы, лимфогемобластоз және басқа да қатерлі ісікті патологиялары. Жалпы алғанда рак ісігі сынақтар басталғалы бері үш есе өсті. Семей полигонына жақын нақ сол аудандарда жетілуіндегі әртүрлі ауытқулар, тәндік және естік кемшіліктер әрқилы сәбилер дүниеге ерекше көп келеді. Мамандардың айтуынша, соны бәрі нақ қысқа мерзімді және қалдықты радиацияның кесірінен болатын генетикалық мутациямен байланысты. Адамдар ғана емес, жер де азап шегеді. Жылма-жыл радионуклидтердің жинала беруі жердің құнарлығын азайтады. Жерде орасан зор микроэлементтер: темір, мыс, магний және басқа металдар әртүрлі дәнді дақылдар адам организміне сіңеді.

Полигон өмірінен деректер:

1. 1949–1963 жылдар – бұл Семей полигонында ядролық қаруды ашық жерде сынаған кезең.

2. 1961 жылы елімізде континентарлық баллистикалық ракеталар жасалды да, оларға қажет ядролық зарядтарды сынақтан өткізу міндеті қойылды. Сондықтан 1961–1962 жылдары сынақтар жиірек өткізілді.

3. Қазақ ССР Ғылым академиясы Жоғары энергиялар институтының деректері бойынша, Семей полигонында атмосферада және жер бетінде сыналған ядролық зарядтардың қосынды қуаты Хиросима бомбасының қуатынан 2,5 мың есе асып түседі.

4. 1949–1963 жылдар кезеңінде 50 мыңнан астам адам кәдімгі ядролық жарылыстар жағдайында иондаушы радиацияның күшті және созылмалы сәулесіне көп рет тап болды.

5. Ядролық сынақтардың басталғанына 1–2 жыл өткен соң-ақ зардап шеккен аудандарда балалар өлімі 4–5 есе көбейіп, жаңа туған 100 нәрестенің 85–100-і ажал құшағына енді.

6. Статистика мынаны көрсетеді: әрбір жерасты сынағының ертеңінде және содан кейінгі 3–4 күн бойына дәрігерлік мекемелерге әртүрлі шағыммен келген азаматтар саны әдеткі күндердегіден 3–4 есе көп болған.

7. Зерттеу мына бір жағдайдың бетін ашты: полигонға тікелей тақау жерде тұратындар арасында, одан едәуір шалғай елді-мекендерде тұрушыларға қарағанда өзін-өзі ажалға қию 5 есе жиі кездеседі екен.

Невада - Семей

1989 жылдың ақпанында Семейдегі атом полигонын табу үшін күресті бастауға ұйғарған «Невада - Семей» қозғалысының алғашқы митингісі өткізілді. Оны басқарған – белгілі қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменов. Сол жылдың 6 тамызында Семей облысының Қарауыл ауылында ядролық қаруды сынауға мораторий жариялау жөніндегі ұсынысты КСРО және АҚШ Президенттеріне үндеу қабылданды. Онда былай делінген болатын: «Сайын даламыз ядролық жарылыстардан қалтырап бітті, сондықтан да онда ары қарай үнсіз қалу мүмкін емес. 40 жыл ішінде бұл арада мыңдаған Хиросималар жарылды. Біз келешекті қауіппен күтудеміз. Уайымсыз отырып, су мен тамақ ішу, өмірге нәресте әкелу мүмкін емес болып барады. Қазақстандағы ядролық қаруды тоқтату үшін, өз үйімізде бейбітшілік пен тыныштық орнату үшін, өз құқықтарымыз үшін күресу мақсатында біз «Невада - Семей» қозғалысын құрдық».
Осы уақытқа дейін үнсіз тығылып келген халық бір дауыстан «ядролық қаруға жол жоқ!», «Сынақтар тоқтатылсын» деп мәлімдеді. Ядролық сынақтардың қатері жөнінде барлық бұқаралық ақпараттары құралдарында, телевидение мен газеттерде әңгіме бола бастады. Түрлі елдердің парламенттері өз сессияларында қозғалыс ұрандарын талқылап жатты. Радиациялық сәулелердің зардаптары жайлы дәрігерлер мен ғалымдардың ашық әңгіме қозғауға батылдары жетті. Бұқараның қысымымен Семей полигонындағы сынақтар саны азая бастаған еді. Халықтың бастамасымен тұңғыш ретКСРО Үкіметі ядролық қаруды сынауға тыйым салу – мораторий жасау туралы шешім шығарды. Қазақстан Республикасының егемендігі туралы Декларацияда ел аумағы ядросыз аймақ деп жарияланды. Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаев Семей полигонын жабу туралы Жарлық шығарған күні – 1991 жылдың 28 тамызы. Сөйтіп тиянақтылық пен елімталдық көрсеткен қазақ халқы өз мақсатына жетті: ең үлкен полигон жабылып, атом қаруынан бас тарту әрекеті жасала бастады. Семей полигоны жабылғаннан кейін Ресейдің, АҚШ пен
Францияның полигондарында ядролық қаруды сынауға мораторий жарияланды. 1991 жылдың 29 тамызында Семей ядролық полигоны жабылып, 1992 жылдың мамырында оның базасында Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталық құрылды.

Қорытынды

Табиғатпен қайшылықтың шиеленісуіне техника, өндіріс қана кінәлі емес, кінә адамдардың іс- әрекетін дұрыс басқармаудан, қабілетсіздіктен, қоршаған ортаны сақтауға ынтаның жоқтығынан болып отыр. Табиғатпен тиімді қатынасты қалыптастыруда адам шешуші фактор.
Табиғатты қорғаудағы басты стратегиялық бағыт- мүмкіндігінше қалдықсыз технологиялық процестерді енгізу. Бұл қоршаған ортаның ластануын азайтады немесе түгелдей жояды, шикізаттың бастапқы түрлерін өңдеуге мүмкіндік берді және қосымша өнім алуға да жағдай жасайды.
Айналадағы ортаны, негізінен табиғатты адамның пайдалану сипатындағы қалыптасқан қайшылықты өзгертудің үлкен маңызы бар. Табиғатты қалпына келтіріп, байытудың маңызы зор. Ол үшін көгалдандыру, бау- бақша өсіру, су қоймаларын жасау жұмыстарын үздіксіз жүргізу керек. Ағаш отырғызу жұмыстың жартысы ғана, істің нәтижесі- оны өсіруде.
Мінеки енді осы экологиялық апаттан қалай құтылуға болады ? Табиғатты қалай сақтандыруға болады ? Бұл өте күрделі мәселе. Бұл үшін ең алдымен, адамдарды табиғатқа деген көзқарасын өзгертіп, дұрыстау керек, тәрбиелеу керек. Қазіргі заманға сай экологиялық идеология қажет. Егер біз, жас ұрпақты кішкентай кезінен бастап табиғатты сүюге тәрбиелемесек көп нәрседен ұтылатынымыз хақ. Әрбір тәрбиеші, мұғалім, маман, басшы , экология негізін жақсы білуі қажет. Сонда ғана, әрбір адамның қанында, миында, көзқарасында қоршаған ортаны бүлдірмеу керектігі туралы негіз қалыптасады. Адамдар сонда ғана туған өңір табиғатын қорғауға белсенділік көрсете алады. 


Пайдаланылған әдебиеттер:


1.Қазақстан тарихы. Абдурахманов Н.А. , Алматы- 2016 ;
2.Қазіргі Қазақстан тарихы Т.М.Әминов . Алматы,2017;
3.Алтаев А.Ш. Евросоюз: история и современность. Учебное пособие- Алматы,2015.

4.Қазақстан ұлттық энциклопедиясы. Алматы 1998 ж.

Г.С. Оспанова., Г.Т. Бозшатаева «Экология» Алматы 2002.

6.Қ.Н. Жалмишова «Экологиялық білім және тәрбие» Шымкент 2006.

                                                             

 

 

Бағалау критерийлері:

Орындау критериі 0-0,1 0,2-0,3 0,4-0,5
1 Рефератты рәсімдеу      
2 Мазмұны      
3 Рефераттың жоспары      
4 Иллюстративті материал      
5 Өзектілігі      
6 Мазмұны      
7 Қорытынды / Ұсыныстар      
8 Әдебиеттер      
9 СӨЖ сабак кестесіне сай тапсырылуы      
  Қорытынды      

 


Дата добавления: 2018-11-24; просмотров: 476; Мы поможем в написании вашей работы!

Поделиться с друзьями:




Мы поможем в написании ваших работ!