Бондингтеу техникасы (бондинг техника). 8 страница



Бірінші қабылдауда тісжегі қуысын тазалап, сауыт қуысын тесіп, өліеттендіруші қойыртпақ қояды. Екінші қабылдауда тісжегі қуысын егеп-тазалап, сауыт қуысын толық ашып, сауыт ұлпасын алады (пульпотомиялау- ампутациялау әдісін жүргізеді),өзек сағаларын кеңейте отырып, сағалық ұлпаны алып, импрегнациялау болмаса электрофорездеу немесе депофорездеу әдістерін жүргізеді.

Түбір өзектерін импрегнациялау әдістерінің ішінде кеңірек қолданылатын 1913 жылы Альбрехт ұсынған – резорцин-формалиндеу әдісі. Ол үшін резорциннің формальдегидтің 40% ертіндісіндегі қанықтырылған ерітіндісі пайдаланылады. Бұл ерітінді таза шыны бетінде резорцин кристаллдарын формальдегид ертіндісіне біртіндеп қосып еріту арқылы дайындалады (резорцин кристаллдарының сұйықта еруі баяулай бастағанға дейін қосып, араластырып отырады) және резорцин-формалин сұйықтығы немесе шайыры деп аталады. Өтпейтін өзек сағасына (аузына) 1-2 тамшы сұйықтықты апарып тамызып, жіңішке түбір инесімен 2-3 минөттей уақытта өзекке итеріп сіңіреді және 2-3 рет қайталайды, сұйықтың сіңбей қалған бөлігін сорғызып алып, өзек ауызында осы сұйықпен ылғалданған мақта анжы немесе асбест кесегін қалдырып, уақытша пломбымен жабады. Қалдырылған және енгізілген сұйық алынбаған түбір ұлпасына сіңіп, феноформальдегидті шайырға айналып, біртіндеп қатаяды (полимеризацияланады). Ол қатаю кезінде көлемі кішірейді, сондықтан келесі қабылдауда өзекті импрегнациялауды қайталаған жөн.

Келесі қабылдауда (үшінші қабылдауда) уақытша пломбыны алып, қатайған шайыр мен өзек қабырғалары арасында пайда болған саңылауды (қатайған шайыр көлемі кішірейіп, қабырғадан ажырау барысында) толтыру үшін импрегнациялау әдісін қайталайды. Шайырдың тез қатаюы үшін оған бір тамшы катализатор қосады (антиформин, сілтілер KОH, NaОH 10% ерітінділері).

Сұйықтың артығын мақта анжыға сіңіріп алған соң, өзектің өтетін бөлігін резорцин-формалин қойыртпағымен пломбылайды (қойыртпақты сұйыққа мырыш тотығын қосу арқылы дайындайды) және аралық төсем төсеп, тұрақты пломбы қояды. Соңғы кезде Ресейдің ВладМИВА фирмасы бұл сұйықтықты «езодент» деген атпен шығара бастады.

Нашар өтетін түбір өзектерін мумификациялау үшін параформальдегидті қойыртпақты немесе прополистің 10% спиртті ертіндісін мырыш тотығымен қолдануға болады (Митина В.И., Марченко А.И., 1970). Өтпейтін түбір өзектерін жақсы зарарсыздандыру үшін (көбінесе ұлпаның созылмалы шіри қабынуы кезінде) 1913 жылы Гоу ұсынған күмістеу әдісін қолдануға болады. Бұл әдістің Я.С.Пеккер жетілдірген және оңайландырған түрі үшін азот қышқылды күмістің (күміс нитратының) 30% судағы ерітіндісі және 4% гидрохинон ерітіндісі пайдаланылады. Кеңейтілген және өңделіп құрғатылған өзек сағасына 1-2 тамшы күміс нитратының ерітіндісін тамызып, 1-2 минөт түбір инесінің көмегімен итеріп, өзекке сіңіреді және 2-3 рет қайталайды. Сұйықтың сіңбей қалған бөлігін мақта анжымен сорып алып, гидрохинон ерітіндісін тамызып (1-2 тамшы), оны да инемен итеріп сіңіреді және 2-3 рет қайталайды.Гидрохинон ертіндісінің тотықсыздандырушы әсерінің нәтижесінде ерітіндіден таза металл күміс бөлініп шығып, дентиннің құрамындағы белокпен қосылып, күміс альбуминатын түзеді және өзек қабырғалары мен ұлпа бетінде берік, жұқа жарғақ құрай шөгеді. Бұл әдіс түбір өзегін жақсы зарарсыздандырғанымен, өліеттенген ұлпаны болашақта ыдыраудан сақтай алмайды. Сондықтан, бұл әдіспен қатар резоцин-формалиндеу әдісін жүргізген өте тиімді болады.

Осы мақсатта өтпейтін түбір өзектерінде Рубин Л.Р (1967) ұсынған иод-электрофорездеу және депофорездеу әдістерін қолдануға болады.

 

Ұлпа қабынуын девитальды хирургеиялық аралас әдіспен емдеу (девитальный хирургический смешанный метод).

Бұл әдісті девитальды ампутациялық – экстирпациялық әдіс деп те атауға болады және көбінесе жақсы өтетін және өтпейтін өзектері бар көптүбірлі тістерде ұлпа қабынуының барлық түрлерінде қолдануға болады. Емдеу әдісі екі немесе үш қабылдауда жүргізіледі. Ертеде айтылғандай, бірінші қабылдауда сырқат тіске өліеттендіруші қойыртпақтар қойылады. Екінші қабылдауда сауыт және түбір ұлпасы алынып (жақсы өтетін өзектен), өзек өңделіп, пломбыланады. Өтпейтін өзектерде импрегнациялау әдісі жүргізіліп, тіске уақытша пломбы қойылады. Екінші қабылдауда уақытша пломбы алынып, импрегнациялау әдісі қайталанады, өзек сағалары антисептикалық қойыртпақтармен жабылып, аралық төсем салынады және тұрақты пломбы қойылады.

Кейбір жағдайларда жақсы өтетін өзектерде бірінші немесе екінші қабылдауда (девитальды экстирпациялау әдісін жүргізгенде) пломбылау мүмкіндігі болмай қалады (дәрігердің уақыты жетпейді немесе тісі сырқат адам тез шаршап қалады, сонымен қатар әйелдердің «жүктілігі» кезінде және өзекті жақсылап зарарсыздандыру қажет жағдайда).

Бұл кезде түбір өзектерінде арнаулы антисептиктермен шамалы суланған мақта біліктер қалдырылып, 2-3 күнге уақытша пломбы қойылады. Ондай антисептиктер қатарына эвгенолды, қалампыр майын, фенол-формалинді, камфора-фенолды, шетелдік заттар крезофенді (дексаметозон, парахлорфенол, тимол қоспасы), пульпоперилді (прокаин, фенол, креозот, эвгенол,хлороформ), гипохлоридтің 5% ерітіндісін жатқызуға болады.

Ұлпа қабынуын ұлпаны толық алып емдеудің қай тәсілінің болса да нәтижелілігі түбір өзегін сапалы пломбылаумен тікелей байланысты. Тіс ауруларын емдеумен айналысатын дәрігер-стоматологтың түбір өзегін пломбылауға арналған материалдар (жадығаттар) туралы мәлімет алғаны дұрыс. Қазіргі кезде қолданылып жүрген материалдар белгілі шартты талаптарға жауап берулері керек. Олар:

·  өзек қабырғаларына жақсы жабысу;

·  өзекке оңай енгізіліп, қажет болса оңай шығарылу;

·  негізгі өзекті және оның тармақтарын жақсы толтыру;

·  қатайғаннан кейін көлемін кішірейтпеу;

·  тістің түсін өзгертпеу;

·  бактериялар өсетін ортаға айналмау;

·  тіндер сұйықтарында ерімеу;

·  рентгенанықтық қасиетінің болуы;

·  тіс тіндерімен және жалпы организммен биологиялық үйлесімділікте болуы;

·  қатаю уақытының түбір өзегін толтыруға оңтайлы болуы;

·  мутагендік және тератогендік қасиеттерінің болмауы.

Қазіргі кезде қолданылатын материалдар біріншілік қатты (филерлер) және жұмсақ (силерлер) болып екіге бөлінеді.

Қатты материалдарға штифтер: а) металлдан жасалған (күмістен және титаннан); б) гуттаперчадан жасалған, в) пласмассадан жасалған, г) алтыннан жасалған

· Жұмсақ материалдар (силерлер).

· Цинк-фосфатты цементтер.

· Мырш тотығы және эвгенол негізді материалдар:

қолданар алдында дайындалатын (экстемпоральды) цинкоксидэвгенольды қойыртпақ, герметик (ГФР), Гроссман қойыртпағы (АҚШ), эндометазон, эстезон, пропилор, эндомет, мерпазон (Septodont), эвгедент (Ресей).

· Эпоксид шайырлары негізді қойыртпақтар (герметиктер): АН-26, АH-Plus (Англия), эндодонт, интрадонт – Д, Виэдент (ВладМиВа-Ресей).

· Резоцин-формалин негізінде: қолданар алдында дайындалатын (ex tempore) резорцин-формалинді қойыртпақ, форедент (Чехия), радикскорт (Болгария), SPAD, биопласт, форфенан (Франция).

· Кальцийсутотығы   құрамды полимерлік қойыртпақтар: биокалекс (Франция), темпканал Са (АҚШ), Sealapex (Kerr фирмасы), Acroseal (Septodont фирмасы). Түбір өзегін пломбылауға немесе бітеуге одан да басқа қойыртпақтар-пасталар ұсынылған. Олар төменде келтірілген:

           Диакет (Германия).

           Крезопаста (Франция)

           Паста №1 и №2 (пo Sargenti)

· Apatite Root Sealer – трикальцийфосфат және иодоформ қосылған қойыртпақ.

· Шыныиономерлі цементтер: Endion, Endo-Jеn, Ketac-Endo, Стиодент. Шыныиономерлі цементтер көбінесе штифтермен бірге қолданылатын силерлер (эндолюбриканттар) ретінде пайдаланылады.

· Дентин адгезивтері негізіндегі материалдар (көбінесе штифтермен бірге қолданылады).

Ұлпа қабынуын ұлпаны өліеттендіріп алу әдісімен емдеген кезде жіберілетін қателіктер мен асқынулар.

· Уақытша пломбы қойғаннан кейін қатты ауыру сезімінің мазалауы. Себебі: сауыт қуысы тесілмеген немесе уақытша пломбы ұлпаға қысым көрсетіле нығыздалған. Уақытша пломбыны алып, өліеттендіруші қойыртпақты қою ережесін сақтап, қысым көрсетпей қайтадан қою.

· Тісжегі қуысын уақытша пломбымен дұрыс жаппағандықтан – мышьяк қышқылының қызыл иекке шығып, күйдіруі және альвеола өсіндісін өліеттендіруі. Мұндай жағдай көбінесе мышьяк қойыртпағын II, III, IV және V кластық тісжегі қуыстарына қойған кезде байқалады.

Бұндай асқынулар болмас үшін аталған қуыстарға уақытша пломбы қойған кезде бөлгіш таспалар (разделительная пластинка) немесе матрицалар қолданған жөн. Күйіп қалған қызылиекті сутегінің асқын тотығының 1-3% ертіндісімен жуып, күйдірілген магнезий себеді немесе иодтың спиртті ерітіндісімен сүртеді. Күйгеннен кейін 2-3 күн өткен соң өліеттенген тіндерді қырып немесе кесіп алып тастайды, жарақат ошағына жазылуды тездететін жақпамайлар жағады.

· Мышьяк қышқылы әсерінен периодонтта уыттану немесе жедел қабыну белгілерінің дамуы (мышьяковистый периодонтит). Себебі: мышьяк қышқылының мөлшерін дұрыс сақтамау (көбірек қою) немесе қою уақытын ұзартып алу (дәрігердің келесі қабылдауға келу уақытын дұрыс айтпауына, тісі сырқат адамның белгіленген уақытта келмеуі байланысты). Емі: кешіктірмей сауыт қуысын ашып, ұлпаны толық алу керек (мүмкіндігінше) және түбір өзегін жуып, кептіргеннен кейін өзекте мышьякты байланыстыратын (антидот) дәрілер ертіндісін қалдырады (унитиолдың 5% ерітіндісі, иодты калийдің 10% ерітіндісі немесе Люголь ерітіндісі). Келесі қабылдауда түбір өзегін ұсақ аспаптармен, дәрілермен өңдеген соң, жақсылап пломбылайды және тұрақты пломбы қояды.

· Сауыт қуысының қабырғаларын және табанын тесіп алу, өзекте ұсақ аспаптарды сындырып алу. Себебі мен емі ертеректе айтылған (ұлпаның қабынуын витальды экстирпациялау әдісімен емдеу). Азу тістерде кездейсоқ жасалған тесікті Сафорайдпен өңдеген соң, тескті шыныиономерлі цементпн немесе композитпен жабады.

· Пломбы қойылған тісте суықтан және ыстықтан ауыру сезімінің пайда болуы. Себебі: толық алынбаған түбір ұлпасының қайта қабынуы (rest-pulpit-остаточный пульпит). Емі: түбір ұлпасын толық алуға тырысу, егер оған мүмкіндік болмаса, импрегнациялау әдісін, иод-электрофорездеу немесе депофорездеу әдістерін жүргізу (оған дейін түбір ұлпасын қайтадан өліеттендіріп алған жөн). Басқалай асқынулар ертеректе айтылған.

 

 

7.4. Периодонттың қабынуы (воспаление периодонта).

7.4.1.Периодонттың анатомо-гистологиялық құрылымының ерекшеліктері мен физиологиясы.

Периодонт – түбір байламы (корневая связка) – periodontium – дәнекер тінді құрылым, тісті альвеолада ұстап тұрып, жақ сүйегімен байланыстырады және периодонт саңылауында орналасады.

Сурет -1. Периодонттың құрылымы.1. тісальвеолалық талшықтар. 2.Түбіраралық талшықтар. 3. Тісқызылиек талшықтары.сайт-http://www.bestreferat.ru/
Периодонттың құрамына байланыстырушы аппарат, клеткалар тобы, қан және лимфа тамырлары, нерв талшықтары, клеткааралық зат кіреді. Периодонт орналасқан кеңістікті периодонт саңылауы деп атайды. Периодонт саңылауы бір жағынан тіс түбірімен, екінші жағынан тіс ұясының сүйек қабырғасымен қоршалған. Орташа есеппен ені 0,2-0,3 мм тең. Периодонт саңылауының ені түбірдің әр деңгейінде бірдей емес. Е.И.Гавривловтың (1969) ұйғаруы бойынша бір түбірлі тістердің тіс ұясына (альвеолаға) кіре берісінде оның ені 0,23-0,27 мм, тістің мойын бөлігінде – 0,17-0,19 мм, түбірдің орта бөлігінде 0,08-0,14 мм, түбір ұшына жақын – 0,16-0,19 мм, альвеола түбінде – 0,23-0,28 мм. Қорыта айтқанда, периодонт саңылауы немесе кеңістігі альвеола жиегінен воронкаға (үріңкіге) ұқсап кеңейіп басталады да, біртіндеп түбірдің орта бөлігінде тарылып барып, түбір ұшында қайта кеңейіп, кәдімгі «құмсағатты» еске түсіреді. Күрек тістер төңірегіндегі периодонт саңылауы көптүбірлі тістерге қарағанда кеңдеу болып келеді. Тістердің алдыңғы және артқы беттеріндегі периодонт саңылауларының ені бірдей емес, артқы беттерінде оның ені кеңдеу. Көптүбірлі тістердің периодонт саңылауының көлемі 60-150 мм³ тең, ал біртүбірлі тістерде 30-100 мм³ тең. Периодонт саңылауының көп бөлігін коллаген талшықтары, аз бөлігін қан тамырлары мен нервтер өтетін борпылдақ дәнекер тін (интерстициальдық тін) алып жатады.

Түбір ұшына жақындаған сайын дәнекер тіннің мөлшері көбейе түседі.

Периодонттың байланыстырушы аппараты көптеген коллаген талшықтарының шоғырынан тұрады. Олардың бір ұшы цементке, екінші ұшы альвеола қабырғасына бекиді. Аталған тіндерге өтетін терминалдық бөліктері (өткіш бөліктері) «Шарпеев талшықтары» деп аталады. Олардың жуандығы әр түрлі, сүйекке өтетіндерінікі – 10-20 мкм, цементке өтетіндерінікі – 3-5 мкм және олар жартылай минеаралданған. Альвеола сүйегінде талшық ұштары сүйек майы қуыстарына жетпей кеуек сүйектің бағаналарына бекиді.

Белгілі бағытта орналасқан коллаген талшықтары бірнеше негізгі топ құрайды, олардың арасындағы кеңістікте жиі тармақталатын жіңішке коллаген талшықтарының шоғыры орналасқан. Әрбір коллаген талшығы аса жуан емес, диаметрлері 55 мкм коллаген фибриллдерінен тұрады. Олар сіңірдің құрамындағы фибриллдерден 2-4 есе жіңішкелеу және созылғыштық қасиеттерінің жоқтығына қарамай, тістердің қозғалғыштығының шектелуін қамтамасыз етеді. Коллаген талшықтары толқынға ұқсап орналасады, осының арқасында шайнау күші әсер еткенде біраз ұзарады. Талшықтар шоғырының ұзындығы периодонт саңылауының еніне байланысты. Пеиодонт саңылауының тар орта бөлігінде қысқа талшықтар, ал түбір ұшы бөлігінде ең ұзын талшықтар орналасқан. Бұл талшықтардың орналасу бағыттарының өзіндік ерекшеліктері бар, олар цементке жақындаған кезде тығыз шоғырлар арасында ромбыға ұқсас кеңістіктер құра орналасады. Талшықтар арасындағы аралық кеңістік 0,1 мкм жақын. Ер адамдар периодонтының коллаген талшықтарының жуандығы 0,15-0,2 мкм, әйелдердікі – 0,1-0,15 мкм. Жас ұлғайған сайын (50 жастан кейін) коллаген талшықтарының жуандығы 0,05 мкм жіңішкереді, ал олардың арасындағы борпылдақ дәнекер тіндер орналасқан кеңістіктер кеңейе түседі.


Дата добавления: 2018-11-24; просмотров: 380; Мы поможем в написании вашей работы!

Поделиться с друзьями:






Мы поможем в написании ваших работ!